Сейсенбі, 23 шiлде, 14:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№58-2068
23.07.2024
PDF мұрағаты

Таза ауа арман ба?

23.07.2024

97 0

Сурет: www.instagram.com

Ауаның ластануы халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға əсер ететін күрделі экологиялық проблема. Өнеркəсіптік кəсіпорындар, көліктің түтіні, көмір жағу кезіндегі шығарындылар – ауаны ластайтын негізгі көз. Соңғы жылдары Қазақстан өнеркəсіптік нысандарды жаңғыртуды, қоғамдық көлікті дамытуды жəне экологиялық стандарттарды енгізуді қоса алғанда, ауаның сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылдады. Атмосфералық ауа сапасының мониторингін жақсарту ластану көздерін дəлірек анықтауға жəне табиғатты қорғау шараларын тиімдірек жоспарлауға мүмкіндік беретін негізгі бағыттардың бірі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша бүкіл әлем халқы дерлік (99%) ұйымның нұсқауларынан асатын және ластаушы заттардың жоғары деңгейін қамтитын ауамен тыныс алатынын көрсетеді, бұл ретте табысы төмен және орташа елдер айтарлықтай зардап шегеді. Ауа сапасы жердің климатымен және бүкіл әлемдегі экожүйелермен тығыз байланысты. Ауаның ластануын азайту саясаты ауаның ластануымен байланысты аурулардың ауыртпалығын азайтып, климаттың өзгеруін қысқа және ұзақ мерзімді жұмсартуға үлес қоса отырып, климат пен денсаулық үшін тиімді стратегияны ұсынады. БҰҰ жариялаған ақпараты бойынша кіші дисперсті қатты бөлшектер (PM2.5), озон (O3) және азот диоксиді (NO2) сияқты ластаушы заттардың дүние жүзінде адам денсаулығына елеулі әсерін тигізетін 2021 жаһандық аурулар ауыртпалығын зерттеудің жаңадан жарияланған деректерінің талдауында берілген. Диаметрі 2,5 микрометрден аспайтын бұл ұсақ бөлшектердің кішкентай болғаны сонша, өкпеде жиналып, кейін қанға еніп, ағзаны зақымдап, жүрек аурулары, инсульт, қант диабеті созылмалы аурулар қаупін арттырады. Есепке сәйкес, PM2.5 болуы қоршаған ортаның нашар жағдайларының ең дәл көрсеткіші болып саналады.

Ауа сапасы

 Қазақстанда ғарыштық мониторинг деректерін пайдалана отырып жүргізілген зерттеуге сәйкес, өнеркәсіптік қызмет салдарынан ауаның ластану деңгейі жоғары Қарағанды облысына ерекше назар аударылады. Зерттеулер көрсеткендей, негізгі ластаушы заттар әсерінен халықтың денсаулығына айтарлықтай әсер етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, ауаның ластануы жыл сайын миллиондаған адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізетін негізгі экологиялық қатерлердің бірі.

Зерттеулерге сәйкес, Қазақстандағы негізгі ластаушы заттар күкірт диоксиді, метан және азот диоксиді. Қазақстан атмосфераға азот пен күкірт диоксидтері мен ауыр қоспалар бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы анықтаған шекті шығарындылардан асып түсті.

Жақында ғарыштық мониторинг арқылы алынған Қазақстандағы ауаның ластануы туралы зерттеушілердің мәліметтері ұсынылды. Екі жаңа халықаралық зерттеуді «ЭкоМузей» (Қарағанды) және «Арника» (Чехия) үкіметтік емес ұйымдары Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен World from Space бірлесе отырып, Чехия Сыртқы істер министрлігінің «Өтпелі кезең» бағдарламасы және GIZ (Германия) өткізді. Зерттеу Коперник бағдарламасының бір бөлігі ретінде ЕО спутниктері жүргізген Жерді қашықтықтан зондтауға негізделген.

World from Space компаниясының өкілі Матуш Хрнчиярдің айтуынша, Қазақстан СО2 бойынша 21- ші орында, ал ауыр қоспалардың атмосфераға шығарылуы бойынша 23-ші орында. Ауаның ластануы климаттың өзгеруіне көп әсер етеді. Қарағанды облысы жағдайында күкірт диоксидінің көп шығарындылары Қарағанды, Теміртау, Саран және Шахтинск қалаларында тіркелген. Саран қаласында бұдан басқа метанның көп бөлінуі байқалады, бұл еліміздің көмір мен мұнай өндірілетін басқа аймақтарында да байқалады. Мамандардың айтуынша, жыл сайын ауаға шығарындылар көбейіп келеді. Әсіресе, еліміздегі көмір шахталарына жақын қалалар мен тау-кен кәсіпорындары мен көмір стансаларының маңындағы жағдай өте ауыр. Олардың қатарында Қарағанды облысы ғана емес, Павлодар, Маңғыстау, Өскемен, Астана, Қызылорда, Шымкент, Алматы облыстары да бар.

 Қазақстанда ауаның ластануына қарсы күресу үшін түрлі бастамалар жүзеге асырылып, оң нәтижелер көрсетуде. Осы салалардағы жетістіктер үкіметтің, бизнестің және қоғамның бірлесуімен күшжігерімен ауа сапасы мен халықтың денсаулығын жақсартуда айтарлықтай жетістіктерге жетуге болатынын көрсетеді.

Атмосфераның ластанудан сақтау мониторингті арттыруды, көмірді пайдалануды азайтуды, жаңартылатын энергия көздерін енгізуді және қалдықтарды кәдеге жарату жүйесін жетілдіруді қамтитын кешенді тәсілді талап етеді. Мұндай шаралар ауаның сапасын жақсартып қана қоймайды, сонымен қатар ауаның кейбір ластаушы заттары да жаһандық жылынуға ықпал ететінін ескерсек, климаттың өзгеруі салдарын жеңілдетеді. Сондай-ақ аймақтардың физикалықгеографиялық жағдайларын ескеру маңызды, олар атмосферадағы ластаушы заттардың таралуы мен концентрациясына әсер етуі мүмкін.

ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Айдар Абдуалиев БАҚ өкілдеріне берген брифингте 2023 жылы республика бойынша ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі 2,5 млн тоннаны құрағанын айтты. Бұл бір жыл бұрынғыдан 200 мың тоннаға аз. Өндіріс орындарынан қоршаған ортаға эмиссияларды азайту үшін арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді.

– 50 ірі өнеркәсіптік кәсіпорынға қатысты шығарындыларды 20%-ға азайту жоспары аясында өңірлердегі экологиялық мәселелерді кешенді шешу бойынша жол карталарының орындалуына мониторинг жүргізілуде. 18 жол картасы бекітіліп, жоспарланған 532 іс-шараның 204-і орындалды, – дейді Айдар Абдуалиев.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ерлан Ұзақбаев ресми дереккөзге жариялаған жариялаған ақпаратына сүйенсек, Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қадағалауында атмосфералық ауаға ұйымдастырылған шығарындылары бар 28 нысан бар. Барлық көздерден атмосфералық ауаға 24 ластаушы зат бөлінеді, оның ішінде жетеуі 1-2 қауіптілік сыныбына жатады.

Айтуынша, департаменттің аумақтық басқармалары тұрақты негізде елді мекендердің атмосфералық ауадан жай-күйіне санитариялықэпидемиологиялық мониторинг жүргізеді. Атмосфералық ауадан сынама алу жұмыстары магистральды көшелерде, қаланың қоныстану және өнеркәсіп аймақтарында, сондай-ақ облыстың барлық дерлік ауданында жүзеге асады. 2024 жылдың І-ші жартыжылдығында атмосфералық ауаның 8775 сынамасы алынып, оның ішінде шектеліп рұқсат етілген концентрациядан жоғары анықталған жоқ.

 Ауа ластануының салдары

Ғалымдардың зерттеулері бойынша ауаның ластануының ауыр зардаптарының бірі рН деңгейі төмен, құрамында күкірт және азот қышқылдары бар қышқылдық жауын-шашын болып саналады. Бұл қышқылдар көмірді жағу және басқа процестер кезінде бөлінетін күкірт және азот оксидтерімен химиялық реакциялар нәтижесінде түзіледі. Қышқылды жаңбырлар бронхит, астма және түрлі респираторлық аурулардың қаупін арттырады, сонымен қатар су айдындарына, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне, топыраққа, сондай-ақ сәулет және тарихи ескерткіштерге теріс әсер етеді деп есептейді.

Тағы бір ластану әсерінен пайда болған құбылыс – тұмша (смог) бұл ауаның өнеркәсіп, көлік және энергетикалық кәсіпорындар шығаратын қауіпті химиялық заттармен ластануы, әсіресе белгілі бір ауа райы жағдайында пайда болады. Тұмшаның түтіннен айырмашылығы, шаңның, қардың немесе дала өрттерінің түтінінен пайда болады.

Жағымсыз иіс немесе ауада иіс сезу рецепторларын тітіркендіретін шағын концентрациядағы көптеген әртүрлі химиялық қосылыстың болуынан пайда болады. Бұл иістердің денсаулыққа әсері көбінесе пси­хосоматикалық сипатта болғанымен, жағымсыз иістердің әсерінен ауаның ластану мәселесін шешу арнайы әдістерді қолдануды талап етеді.

 Ауа ластану әсерінен жерді қорғайтын тосқауыл қызметін атқаратын озон қабаты күннен келетін ультракүлгін сәулелердің тропосфераға толық енуіне жол бермейді. Бұл өте маңызды, өйткені озон қабаты планетадағы тірі ағзаларды күнге күйіп қалудан және әртүрлі аурулардан, соның ішінде тері қатерлі ісігінен қорғайды. Озон саңылаулары зиянды күн сәулелерінің түсу қаупін арттыра отырып, осы қабаттың жұқаруын білдіреді.

Парниктік эффект өз кезегінде, атмосферадағы көмірқышқыл газының жоғарылауы салдарынан күннен жылу энергиясының кешігуінен туындайды. Күн радиациясының көп бөлігі атмосфера арқылы өтіп, жер бетін жылытады, бұл өз кезегінде атмосфераға жылу бөледі. Жер бетінен шағылған сәулелер көмірқышқыл газының молекулаларымен жұтылады, бұл планетадағы орташа температураның жоғарылауына әкеледі. Бұл құбылыс Жердің жылулық тепе-теңдігін сақтауда шешуші рөл атқарады, бірақ оның күшеюі жаһандық жылынуға әкелуде.

Күн және жел энергиясы сияқты таза отын мен технологияларға біртіндеп көшу зиянды бөлшектер мен парниктік газдардың шығарындыларын азайтуға көмектеседі. Қазақстанда экологиялық жағдайды және халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған ауаның ластануына қарсы күресу үшін бірқатар шара қабылдануда. Негізгі қадамдар ластану көздерін уақытылы анықтау және өзгерістерге тиімді әрекет ету үшін ауа сапасының мониторингін жақсартуды қамтиды. Тағы бір маңызды бағыт – атмосферадағы ластаушы заттардың деңгейін төмендетуге көмектесетін өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін шығарындылар нормативтерін қайта қарау. Бұл шаралар халықтың жауапкершілігін арттыра отырып, елдегі ауа сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар болмақ.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: