Сейсенбі, 30 шiлде, 17:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№60-2070
30.07.2024
PDF мұрағаты

Абаттандыру: көп жерде жанашырлық жетіспейді

30.07.2024

19 0

Жыл сайын егілген көшеттердің санында шек жоқ. Бұған дейін «егілді-бітті» деумен шектелген жағдайдың соңында қағаздағы санға қарап, қала орманға айналған ба дейтініміз жасырын емес. Биыл бұл мәселеге төтесінен түсіп, «Жасыл Қызылорда» мекемесі арқылы оларды күтіп-баптау жайы да шешімін тапқан. Сандық деректерге көз жүгіртсек, биыл қалада 11 мың дана ағаш көшеті мен көгал, сәндік гүлдер отырғызылды. Әйтсе де кемшін тұстар да жоқ емес.

Атқарылып жатқан қыруар шаруаның нәтижесінде бұрын-соңды көктесе де ғұмыры ұзаққа бармайтын ағаштар жайқалып, жасыл-желекке айналып келеді. Облыс әкімінің қолдауымен қаланы абаттандыру, көгалдандыру бағытында серпінді жобалар атқарылуда. Биыл шаһар көлемін аяқсумен қамтамасыз ету үшін насос, мотопомпалар жеткілікті алынып, ескі техникалар жаңартылды. Бұл жағдай оңды шешілгенмен, кейбір аумақтағы екпелер қурап қалғаны да жасырын емес. Мәселені назарда ұстаған қала әкімі Серік Қожаниязов Назарбаев даңғылының бойында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан нысанға барып, жекелеген кемшіліктерге тоқталды.

– Біздің бүгінгі міндет – қаланың тынысын ашатын, тұрғындардың бос уақытын өткізетін әдемі және ыңғайлы кеңістікке айналдыру, серуендеу аймағын құру, заманауи орындар жасау. Сол себепті сәні мен сәулеті жарасымды өң беретін, ұнамды көрік сыйлайтын орындар жасауға күш салып келеміз. Әлі де біткен істен бітпегені көп. Маңызды мәселеге жанашырлық жетіспей жатыр. Ең бастысы, тапсырма тиянақты атқарылуға тиіс, – деді қала әкімі аралау барысында.

Жанашырлық болған жерде алға жылжу бар. Әрбір істің артында жауапкершілік тұрса, жарасады. Қала әкімі осы мәселеге ерекше тоқталды. Кемшін тұсқа назар қойып, олқылықтың орнын толтыру керегін қаперге салды.

 – Халықтың уәжі орынды, кейбір жерлерде көгал, сәндік гүлдер қурап қалған. Оның себеп-салдарын анықтап, ауырған екпелер дәріленуге тиіс. Бізде осы шаруамен және күтіп-баптаумен айналысатын арнайы мекеме құрдық. Неліктен істің нәтижесі төмен? Ағаштар мен гүлдер – таза ауа, табиғаттың тыныс алар «өкпесі», аптап ыстықта жан рахаттанатын салқын сая. Сондықтан жыл сайын жергілікті жердің табиғи климат жағдайына жерсінетін ағаштар мен көгал, гүл егу жұмыстарын жалғастыра береміз. Ал су арнасы тартылмаған орындарға автоматты тамшылатып суару жүйесін енгізу керек. Уақытылы суарып, балақтап, тазалық жүргізіліп отырса, табиғатымыз түрленіп, жасыл желекті жайқалта аламыз, – деген Серік Қожаниязов жауапты мекемелерге қатаң талап қойды.

Айта кету керек, аталған аумақта кіші архитектуралық пішіндер, спорттық тренажерлар, балалардың ойын алаңдары мен веложол түседі. Қазір жұмыстың 70 пайызы орындалған.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: