Жексенбі, 19 мамыр, 17:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Өмірдің кейбір сәттері…

07.05.2024

287 0

Бір оқиға жаныңды жадыратады, ал енді бірі терең ойға батырады. Жүйкеңе тиіп, ашуыңды келтіретін жағдайлар да жетіп артылады. Оның қай-қайсысы да қаламға арқау бола алады, оқырманға ой салар дүние шығып жатса, қаламгердің жаны рахат табады. Міне, көңіл көзінің түйген дүниесін оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық…

Жігері жасымаған жан

Оның көз жанарынан өкінішті көрдім. Бірақ мойымайтын қасиеті мен асқақ рухы сол өкінішке жеңдірмей, оны алға сүйреп келеді. Тізеден кесілген аяқтың үстіне ұялы телефонын қойды да, жанардан аққан жасын сүртті. Еркек кіндіктінің көзінен жас шыққанын сирек көреміз ғой, бірақ тағдыр оны аяусыз сынаған тәрізді.
– Інім, – деді ағарған самайын сипап тұрып. – Бар нәрсенің қадірін біліңдер. Мен осы екі аяқтың барында тірлік қылмаппын, ащы судың соңынан еріп, отбасыма қарамай кеткен кездерім болды. Сол күндерден тапқан пайдам осы. Екі аяқты бердім, – деді.
Аялдамада отырып, бейтаныс жігіттің өмірі көз алдымнан көлбеңдей берді. Қазір етік тігеді екен, қолынан іс келіп, Құдай отбасының нәпақасын бұйыртқан ғой. Сағат жөндейтін де шеберлігі бар.
– Қажет болса, етікті нөлден бастап тігіп беремін. Ұнайтын үлгің мен өлшемін айтсаң болды. Тас қылам, – деді ойға шомып кеткен мені оятып жібергендей болып.
Адамның көңілін де табатыны көрініп тұр. Кәсіпте керек қасиеттің бірі ғой. Киім киісі мен ұсқынына қарасаң, табысты жақсы табатын жан. Түрі келіскен азамат. Іштей сүйсіндім.
Автобус келді. Заманауи көлік қоларбаға арналған жолағын да шығарып, әлгі жігітті мінгізіп алды. Оның көңілді жүретініне риза болдым. «Үкіметті бәрі жамандайды ғой, мынаны қарасай, бізді де керек етіп, көлікке салып алып жатыр. Оған қалай өкпелейсің?!» деп, қол бұлғап барады.
Әлгінде ғана қан қысымым дұрыс болмай, басым ауырыңқырап тұр еді, көзім шайдай ашылды. Тіпті, көңілім де серпіліп қалғандай ма?! Дереу екі аяғыма қарадым да, алдымда екі аялдама ғой деп тартып отырдым. Шынымен, ұялып кеттім.


Бөле әпкем болатын. Тағдыр оған мына ғаламды көзбен көруді жазбапты. Есесіне, оның көкірек көзі ояу болатын. Сезім арқылы бәрін біледі ғой. Төрде отырып, үйге кімнің кіріп, кімнің шығып бара жатқанын жазбай таниды. Оны тіпті алдау да мүмкін емес. Бірде маған балаларыммен кездескісі келетінін айтты. Ол бала Аянды біраз жыл бұрын көрген. Ендігісінде бетін алақанымен сипап, баяғы жадында сақталып қалған бейнемен салыстырды да «ер жетіпсің» деп күлді. Енді Аянның балаларының қандай екенін білгісі келеді. Тәтемнің тілегін орындауды өзіме мақсат етіп алдым да, балаларды көлікке отырғызып алып бардым. Еркелетіп, сүйіп жатыр…
Келесі барғанымда тәтем шақырып алып, қолдан тоқылған шұлықтар мен кеудешелерді қолыма ұстатты. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де сол, тәтемнің қолынан шыққан туындылар балаларға құйып қойғандай жараса кетті. Тіпті бір мысқал да кем не артық емес.
Көз көрмеген нәрсені көңілмен түйген жанның жан дүниесі қандай керемет деген күйі қалдым…
«Келіншегімді бесікте тербеттім»

– Мен келіншегімді бесікте тербеткен адаммын, – деп маған жымия қараған жігіттің бұл сөзі алғашында ерсілеу көрінген.
Қала көшелерін аралап келеміз. Темір жолдың арғы бетіне өтем дегенше қатты ойландым. Сұрайын десем, ішімнен «қайбір оңған әңгіме дейсің?» деген бір ой қылтиып қояр емес.
– Аға, сонда келіншегіңіз бесікте тербетуіңізді қалады ма? – дедім түк білмегенсіп.
– Е-е-е, ол ұзақ әңгіме, – деді де таксист басында сегізтігісті шәпкіні бір шешіп, бір киді. – Ол кезде мектеп жасындағы баламыз. Сыныптасым Зухрамен жақсы қарым-қатынаста болдық. Күн сайын көшеге шығып, шемішке шаға отырып әңгіме-дүкен құрамыз. Гитарамен ән шырқаймыз. Ал Зухра кішкентай сіңлісін арбаға салып ала шығады. Тіпті кей күндері соның үйіне жиналғанда маған өзімсініп, бесіктегі сіңілім жылап жатыр, тербете салшы деп те айтатын. Ауыл баласы бесаспап қой. Бәріне үлгереміз.
Әлі де болса, әлгіндегі сөздің қисыны шыға қоймады, білем. Түнгі қаланың жарқыраған шамдарына көз тастадым. Жаз мезгілі болатын. Таксист қауын базардан тағы бір жолаушыны мінгізіп алды. Бағытымыз бір екен.
– Інім, әрі қарай тіпті қызық.
Өзі бір ақкөңіл, ақжарқын адам екен. Мен көзімді ала бере санымнан соққылап жіберіп, өзіне қаратып алады. Мен оның әдетіне үйрене бастаған сияқтымын. Темекіні әкесінің ақысы қалғандай сорғылап тартып-тартып, аузынан паровоздың түтініндей бұрқыратады. Тәйірі, бұл да өнер ғой, ә…
– Мектеп бітірдік. Әрбіріміз өмір мектебінен дәріс алуға әр қалаға аттандық. Мен ауылда қалдым. Трактордың руліне қонжиып отыра кеттім. Жылдар өтті. Жасым 40-қа таяды. Қатарымның балалары сабаққа барады. Ал мен соқа басым сопиып әлі жүрмін. Бұйрық болмай жүр деген бар ғой, сол рас екен. Бұйрығың жарасқан адамыңды кезіктіргенде жүрек дір ете қалады екен ғой. Сөйтіп, ойда-жоқта баяғы өзім бесікте тербеткен қызды, яғни сыныптасым Зухраның сіңлісін алдым. Қалай, қызық па, інім?! – деп тағы да санымнан қойып қалды.
Еріксіз жымидым. Расымен, қызық екен.
Тағдыр дегенді қойсаңшы. Ауылдағы Әдөш досым ойыма түсіп кетті. Оның маңдайына кім жазылған екен?! Оның жүрегінің де дір ететін кезі келді ғой!…

Ыстық нан

Бала кезімде анам шоқтан жаңа шыққан ып-ыстық нанды құшақтап келе жатқанда бір үзімін сындырып ап жүгіре жөнелетінмін. Жаңа піскен нан тек өзінің қол тигізбес ыстықтығымен ғана емес, ерекше иісімен, дәмімен баурап алатын.
Сонда анам жалаңаяқ, жалаңбас, шашын тықырлаған қарадомалақ мені үйге шақырып алып, бір тапа нанды сары майға бөктіріп беретін. Киіз үйдің төрінде үлкен тостақ ішіндегі ұсақталған нанды уыстап аузыма тығып отыратын көрініс балалық шағымның белгісіндей болып қалды.
Шіркін, балалық. Қаннен-қаперсіз ешнәрсеге бас қатырмай жалаңаяқ жүгіресің де жүресің. Қорадан қозы-лақты көкке шығарып келіп, кезектен мал келгенде оларды жамыратасың. Күнделікті ауыл тіршілігі. Осылай зулаған күндер өте беретін.
… Автобустан түсе сала ыстық нанның иісі мұрнымды жарып тұла бойыма тарады. Бәз-баяғы балалық шақтағы бір үзім нан көз алдымда көлбеңдей берді. Елден жырақта студент болып жүргенімде де осы бір құдіретті дәмді әбден сағынатынмын. Аңсайтынмын. Мен үшін әлемде баға жетпес дәм осы.
Аулаға кірер есікті ұстаған күйі ойға шомып кеттім. Анам келіп маңдайымнан иіскеді.
– Жүре ғой, құлыным. Сенің келетініңді сездім-ау, нанды жаңа ғана шоқтан алдым.
Жанарымнан ыршыған ыстық тамшы жерге құлап барады…

Дарханның қармағы

Ауыл сыртында Октябрь атты канал бар. Суды кәдімгі Шіркейлі каналынан алады. Бақшамыз сол тұста болған соң, сол жердегі бес-алты үйдің баласы бірігіп қармақ құрамыз. Тіпті қалтқыны ауыртпалыққа жақын тастап, қай балықтың қалай қауып жатқанын көріп тұрасың. Суының мөлдірлігі ғой. Дарханның бізден бес-алты жас үлкендігі бар. Ол да бізбен бірге қармақ құрады. Бір ерекшелігі, балық біткеннің бәрі Дарханның қармағына құмар.
Иә, сол жаздық тәбішкенің жұқа табанынан қиып, кендір жіппен байланған қармақтың не сиқыры бар екенін бәріміз білгіміз келетін. Дархан қармақ құрса, біз өзіміздікін ұмытып, сонікіне қарап отырамыз. Осылайша бірталай уақыт қызыға да, қызғана қарап жүрдік.
Бірде Дархан:
– Балалар, мен ертең алыс ауылдағы апамдікіне барамын. Қармақ құруға келмеймін, – деді.
Оған қуанбасақ, ренжіген жоқпыз. Сол уақытта Октябрьдің бар балығы бізге қалатындай қуанғанымыз рас. Қазір қарасаң, балалық қой. Оның қармақты қайда тығатынын білетінмін. Балалардың бәрі кеткенін тостым. Соңғы бала кеткенше тағатсыздана тостым да, Дарханның қармағын алып, өз бақшама тығып қойдым.
Арада біраз уақыт өтті. Дарханға әкесі су жаңа қармақ сатып әперіпті. Оған да балық түскіш екен. Ара-тұра балалармен бірге бармай, бақшалықтың аяғындағы қалың шеңгелдің арасына Дарханның қармағын құрып аламын. Бірді-екілі ақ балық түседі. Балалармен бірге асыр салып отырып, ауламаған соң маған бұл қызықсыз көрінді.
Әйткенмен Дарханға қармағын қайтаруға ендігі кеш еді…

Арманым
орындалған күн

90-жылдардың орта тұсы еді… Ауылдағы жалғыз орыстан сатып алған тоқал тамның кішкентай терезесінен күн сәулесі көмескілене түсетін. Ауласы да қоршалмаған ауыл шетіндегі осы үйді әкем «менің балалық шағым өткен үй. Мына үкімет берген қосалқы үйдің не ауласы, не қорасы жоқ. Сол жақтан үлкен зәулім сарай салып берем» деп алған. Әдепкіде бұрынғы үй жақтағы достарды қимай біраз қиналдық. Сонда ескі тракторге көштің жүгін артып, ауылдың о шетінен бұ шетіне шықтық. Кәрі Құтжол соңымыздан ере жүгіріп келеді. Байғұс ит бәріміздің жапатармағай шыққанымызға қарап көшіп келе жатқанымызды сезсе керек.
– Апау, мына кәмпиттің сыртында «Мечта» деген жазу тұр. Ол не сөз? – дедім.
Жеті жас үлкен әпкеммен таласа-тармаса әріп танып, оқи алатыным болмаса, орысшаға жетпеген едім.
– Балам, осы кәмпитті жеп арманыңды ойласаң, орындалады, – деді жүзінен нұр төгілген анам.
Мен ішімнен «әкем үйге келсінші» деп тіледім. Ол қарапайым шаруа адамы еді. Үстіне жала жабылып, уақытша қамау изоляторына қамап тастағалы бір айдан асқан. Жанарыма жас толып, күн сайын іздеймін, сағынамын. Үйдегілер бала ғой деп алдаса да, іштей бәрін сеземін. Ал содан бірнеше күн бұрын анамның түпкі бөлмеде үнсіз жылап, көз жасын сығып отырғанын көрдім. Бірақ көрмегендей болдым. Ол кезде не деп жұбатарымды да білмеген едім. Бір күні «Мечта» барбарисін жеп отырғанымда анам күлімсіреп отырып, арманымның орындалатынын айтты.
Ағаш терезе. Оның үстіне бір қабаты сынған. Көне үй ғой. Әйнектің сыртынан қабаттап қалың целофан қағып тастағанбыз. Желдің өтінен қорғап, жылуды сақтап тұрады. Біреу терезені қаққандай болды. Бірақ сұлбасы ғана көрінді.
– Әкем келді, – деген даусым қаттырақ шығып кетті-ау деймін. Үйден төрт бала төрт жақтан, анашым ас үйден бәріміз есікке жүгірдік.
Бала күнде осылайша «Мечта» барбарисін жеп, менің арманым орындалған. Ал сіздің арманыңыз орындалды ма?

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: