Сенбі, 04 мамыр, 05:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Ауылға кел, дәрігер немесе ел денсаулығын жақсартуға қандай қолдау жасалады?

23.04.2024

353 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Бала күнімізде ауылда бір-ақ дәрігер болатын. Оған дүйім ауылдың құрметі ерекше еді. Себебі ауылдың үлкен-кішісі қай жері ауырса да, сол бір ғана дәрігерге көрініп, ем алатын еді. Ол дәрігер ауылдағы бар тұрғынның денсаулық жайын бес саусағындай біледі десек артық айтқандық емес. Қазір бір дәрігер болса деп армандап отырған ауылдар жоқ емес. Денсаулық саласында дәрігер жетіспейтіні көптен бергі өзекті мәселе. Әсіресе ауылдарда. Шыны керек, 9 жыл оқып, дәрігер болып шыққан жас маман ауылға барып еңбек еткісі жоқ. Облыс орталықтарында, үлкен қалаларда, жалақысы жоғары клиникаларда жұмыс істегенді қалайды. Сонда ауылға кім барады?
Мұның да бір шешімі табылғандай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл құжат медицина қызметкерлерін құқықтық және қаржылай қорғау жүйесін енгізуге, дәрігердің жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ жастар арасында құрамында никотині бар заттардың таралуының алдын алу және оған қарсы күресу үшін жүйелі шаралар қабылдауға бағытталған.Сондай-ақ дәрігердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жайы да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан балалары үшін басым тәртіппен орын алу, кәсіби қызметіне заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғау, мамандыған құрметпен қарау, медициналық мамандығы бойынша әскери қызметке шақыру кейінге қалдыру құқықтары берілді. Сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы – мемлекеттік наградасы белгіленді. Тағы бір айта кетерлігі енді дәрігерлер де қағазбастылықтан құтылады. Заңда көрсетілгендей, басы артық есеп немес ақпарат беруден босату үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бұдан былай медицина қызметкерлері толтыруға толтыруға міндетті құжаттама тізбесін бекітеді. Алдағы уақытта ауылға барған дәрігерлерге жағдай жасалмақ. Заңда көрсетілгендей, аса тапшы мамандықты меңгерген медицина қызметкерлері ауылдық жерге кемінде 5 жыл жұмыс істеуге келген жағдайда оған ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде бірреттік ақшалай төлем беріледі.
Жалпы ауылдың денсаулық жайын жақсарту мемлекет назарынан тыс қалып отырған жоқ. «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жоба аясында өңірлерде 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанын ашу жоспарланған. Оның ішінде 257 медициналық, 238 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория бар. Бүгінде жоба аясында салынған нысандардың алғашқы легі пайдалануға да берілді.
Жалпы ауылдарда дәрігер жетіспеушілігі аймақтағы денсаулық саласында да бар мәселе. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, бүгінгі күні облыс халқына 2892 дәрігер 10854 орта буынды медицина қызметкері қызмет көрсетеді. Өңірде дәрігер тапшылығын жою мақсатында облыс әкімінің қолдауыман бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, облыстық перинатальдық орталығы акушер-гинекологтармен, неонатологтармен, облыстық тері-венерологиялық диспансері дерматовенерологтармен толығымен қамтамасыз етілген. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылға барған жас мамандарға берілетін көмек те өз кезегінде дәрігер мамандардың ауылға баруына оң әсерін тигізген. Қазіргі таңда ауылға барған мамандарға әлеуметтік көмек республикалық бюджет есебінен берілуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша 2022 жылы 159 медицина қызметкерлері әлеуметтік қолдауға ие болса, 2023 жылы 151 маманға жәрдемақы төленіп, жеңілдетілген тұрғын үй несиесі берілген. 2022 жылы 78 дәрігер жұмысқа қабылданып, оның 17-і елді мекендерге жіберілсе, 2023 жылы жұмысқа қабылданған 58 жас маманның 32-і ауылға жіберілген.
Аймақтың денсаулық саласын дәрігерлермен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің гранты арқылы маман даярлау 2016 жылдан бері жүзеге асып келеді. Бұл орайда 2017-2021 жылдар аралығында денсаулық саласында сұранысқа ие «Жалпы медицина» мамандығы бойынша маман даярлауға 162 облыс әкімінің гранты бөлінген. Ал биыл өңірге қызмет етуге 26 резидент, 77 дәрігер, 28 жалпы тәжірибелі дәрігер келеді деп жоспарланған.


Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: