Жұма, 03 мамыр, 01:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Арал – әлем назарында

20.04.2024

373 0

Сурет: nur.kz

Биылдан бастап Аралды құтқару халықаралық қорына төрағалық ету кезегі Қазақстанға өтті. Алдағы үш жылда бұл ұйымды Қазақстан басқарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін аталған қор Президенті болып сайланды.

Бес мемлекетке, атап айтқанда, Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдеріне ортақ халықаралық Аралды құтқару қоры Арал теңізін құтқаруға, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, қоршаған ортаны қалпына келтіру, әлеуметтік мәселелерді шешуді мақсат еткен экологолиялық, ғылыми-тәжірибелік бағ­дарламалар мен жобаларды жүзеге асырады. Осы орайда Қазақстан төрағалық еткен жылдары қандай жобалар жүзеге асады деген сұрақ туатыны заңдылық. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Орталық Азия мемлекеттерімен, халықаралық ұйымдармен, қаржы институттарымен ынтымақтастықты арт­тыру жоспарланып отырғанын айтты.

– Биыл біз Дүниежүзілік банкпен бірге жүзеге асып жатқан Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін бастауды жоспарлап отырмыз. Арал теңізін құтқару – бұл Аралды құтқару халықаралық қорына қатысушы барлық елдің бірлескен күш-жігерімен ғана орындалатын міндет. Алдағы үш жылда біз осы бағытта маңызды нәтижеге қол жеткізуге ниеттіміз, – деді министр.

Қазақстан аталған ұйымға төрағалық ету кезінде су-энергетикалық консорциум құруға ниетті. Мұн­дағы мақсат – біртұтас энергетикалық жүйе мен мемлекетаралық су комиссиясына ынтамақтасу. Са­рапшылардың пікірінше, бұл қадам Орталық Азия өңірінің энергетика және су көздеріне қатысты ортақ мәселелерді жылдам әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Арал тағдыры – әлем назарында. Жуырда Сыр өңіріне арнайы келген АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дэниел Розенблюм және USAID Халықаралық даму агенттігі өңірлік миссия директорының орынбасары Моник Моссольф іссапар аясында теңіздің құрғаған табанына барып, мұнан соң аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қабылдауында болды.

Басқосуда аймақ басшысы Қазақстан мен АҚШ арасында 30 жылдан бері ашық әрі сенімді өзара қарым-қатынас жақсы дамығанын атап өтті.

– Бүгінгі күні Қазақстан мен АҚШ арасында екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыттары бойынша кеңейтілген стратегиялық серіктестік орнаған. Жоғары деңгейдегі тұрақты ресми кездесулер, өзара сауда-экономикалық қаты­настың қарқынды дамуы айқын дәлелі деп білеміз. Өткен жылдың қорытындысына қарағанда Қызылорда облысы мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 10,1 млн АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7 есе өскен. Әлемдік қауымдастық Арал теңізінің тартылуын адамзат тарихындағы экологиялық дағдарыстың бірі ретінде бағалады. Құрғаған теңіздің зардабы тек өңірге немесе бір елге ғана емес, барша әлемге тиюде. Осы іссапарда Аралдың қазіргі жағдайымен және атқарылған жұмыстармен арнайы танысқандарыңыз, Аралды құтқару ісіне қосқан елеулі үлестеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз, – деді облыс әкімі.

USAID Халықаралық даму агенттігінің «Оазис» жобасы шеңберінде 2021-2023 жылдары Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы экожүйені қалпына келтіру мақсатында 150 гектар жерге сексеуіл тұқымы себіліп, көшет отырғызылды, 500 метр тереңдікте су ұңғымасы қазылып, пай­далануға берілді.

Айта кеткен жөн, Мемлекет басшысы 2021-2025 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 1,1 млн гектарға сексеуіл екпелерін егуді тапсырған болатын. Биыл 276,2 мың гектар аумақта осы бағыттағы жұмыстар жоспарланған. Бүгінде 65 мың гектар ұлтанға 19,4 млн сексеуіл көшеті отырғызылса, алдағы жылы 280 мың гектар алқапқа егілмек.

Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: