Жексенбі, 21 сәуiр, 01:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Кандагардағы қырғын көз алдымнан кетпейді

17.02.2024

457 0

Тарих бетінде қанды із қалдырған Ауған соғысын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына

35 жыл толып отыр. Біз қанды қырғын куәгері, Ауған соғысының ардагері Ғалымжан Камаловпен сұхбаттасқан едік.Тақырыпқа да сол кісінің сөзін арқау еттік.

– Сізді Ауған соғысына өзі сұранып барған дегенді естіп едік. Осы рас па?

Бұл соғысқа баруым тосыннан болды. Мектеп оқушылары Ташкентке экскурсияға баратынбыз. Бір күн қы­дырып, кешкілік пойызбен Ауған соғысы ардагерлерімен бір вагонда елге қайтқан едік. Олардың жанкешті ерлігін, ұрыс алаңындағы шайқасын естіп, бала болсам да «Ауған соғысына бара­мын» деген шешімге келдім. 1987 жылы қатар­лас­тарыммен әскерге аттандым. Ең әуелі Арменияның Кировакан қаласына барып, әскери оқу бөліміне түстім. Осында Отан алдындағы борышымды өтеп жүрген кезімде Ауған соғысына аттануға бұйрық келді. Баласын кім соғысқа қисын? Ата-анам қарсы болса да, өз шешімімді өзгертпедім. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалы келген өледі» демекші, белді бекем буып, Ауғанстанға аттандым.

– Сонда қалай, бірден Ауған жеріне бардыңыздар ма?

– Иә, Ауған оның ішінде Кандагарға түстім. Сарбаздарды Армениядан Кабулға әкелді. Командир әскери шатырға жауын­герлерді аты-жөнімен қалдырып келе жатты. Соңғы шатырға төрт жігіт бірге түстік. Үйіне қайтуға бұйрық алған жаралы жігіт отыр екен. Әлі күнге дейін сол жас жігіт көз алдымнан кетпейді. «Сен қандай шатырға түскеніңді білесің бе?», – деді жаралы жігіт. Басқа шатырдың маңдайшасында жазулы тұр екен. Маған қарап «Кандагарға түстің» – деді. Сөйтті де «Әскери жетістіктер», «Ерлігі үшін» медалін соғысқа қатысқаның үшін, «Қызыл жұлдыз» орденін жараланғаның үшін береді. Кеңес Одағы өз батырын өмір бойы қамтамасыз етеді, – деді.

– Кандагар туралы айтқанда қорыққан жоқсыз ба?

– Шынымды айтсам, алғашында мән бер­медім. Көз жанарым алаулап, бойымда қаным тасып тұрған шақ. Әлгі маған сұрақ қойған жігіттің жүзіне қарадым. Арамыз бір жас болса да, көзі тұңғиық, сағы сынып, өмірдің бар ауыртпалығын артып қойғандай. Қай жерге бара жатқанымды сол жерде түсіндім.

– Сіздерді бірден соғысқа жіберді ме, әлде тактикалық дайындық болды ма?

– Оқу-жаттығу болды ғой. Қару беріп, оқу жаттығудан өткен соң, таулы қыратта от пен оқтың ортасында 1 жыл 2 ай интернационалды борышымды өтедім. 1988 жылы Кеңес әскері Ауған жерінен шығарыла бастады. 1989 жылы мамыр айында елге оралдық. Әйтсе де әлі күнге дейін Кандагардағы қырғын көз алдымнан кетпейді. Айту да оңай емес.

– Соғыс деген сөздің өзі адамның үрейін ұшырады. Соғыста қорыққан кезіңіз болды ма?

– Дұшпан таулы қыратты аймақта әр тастың жатқан жеріне дейін білетін. Сондай бір шайқаста мина басып кетуден қорықтым. Талай жауынгер ұрыс алаңында мина басып, қайтыс болды. Тірі қалғандары мүгедек болып оралды.

Екі сарбаз жолдан өткен көлікті тексерістен өткізіп тұрдық. Автобусты тексеру барысын­да еркектер мен әйелдер жағы қара пердемен бөлінген. Бір еркек қара жамылып, әйелдерге қарай өтіп бара жатқан жерінен қолынан шап беріп ұстап қалдым. Қолында бармақтай басы көрініп тұрған жарылғыш «гранат». Сол сәтте өне бойым мұздап, жүрегім үрейленсе де қолын қайырып, екінші жауынгерге батальонды шақыруға хабар бердім. Егер сол жерде жарылғыш гранатты атса, қанша адам өмірмен қоштасар еді. Қиын сәтте шешім қабылдау да оңай емес.

– Сіздер Кеңес Одағы үшін соғыс­тыңыздар. Қазір ол тарап, құрамындағы республикалар өз алдына тәуелсіз ел болып кетті. Бір сөзбен айтқанда, Отан деп жүрген Одақ тарап кетті. Сол соғысқа барып, жастығыңызды сарп еткеніңізге өкінбейсіз бе?

– Ол кезде саясат басқа болды. Үлкен бір Одақта 15 мемлекет өмір сүрдік. Кеңес Одағына жан-жақтан қауіп төніп, қайшы­лықтар жүріп жатты. Сол кезде оңтүстік шекараны қорғайтын идеология жүріп жатса да, мен өз еркіммен соғысқа аттандым. Бұл менің Отан алдындағы борышым, абыройлы міндетім деп ұғындым.

Әрине, бұл соғыстың зардабын талайы шегіп, мүгедек болып, тіпті Ауған синдро­мынан айыға алмай өмірден өткендер бар. Жарылғыш «мина, гранат» адам ден­саулығына, есту қабілетіне өте зиян. Бұған қарамастан бүгін ұрпағымызға үлгі болып, жастарымызға патриоттық сезім сыйлап жүргенімізді мақтан етемін.

– Ауған соғысы ардагерлеріне қандай атақ берілді, қандай мәртебе берілу керек деп ойлайсыз?

– Ауған соғысы ардагерлеріне «интер­националист-жауынгер» атағы берілді.

Бұрын Ауған соғысы ардагерлеріне отын-суға 50% жеңілдік қарастырып, көлік тегін, кезексіз үй берілетін. Бүгінде мұндай жеңілдік қарастырылмайды. 1994 жылы 700 теңге болған атаулы әлеуметтік көмек 30 жылда 21000 теңгеге енді жетті. Демек «интернационалист-жауынгерге» лайықты мәртебе берілмей тұр.

– Мемлекет тарапынан алған мара­паттарыңыз бен қызметтік дәрежеңізге тоқтала кетсеңіз…

– 1987-1988 жылдар аралығында «Ау­ғанстан жеріндегі Кеңес әскерлерінің жеке контингенті» Ауғанстан Демократиялық Рес­публикасының Кандагар провин­циа­сында соғыс әрекеттеріне қатыстым. Сол орайда «интернационалист-жауынгер» төс­белгісімен марапатталдым.

2008-2011 жылдар аралығында облыстық «Ауған соғысының ардагерлері мен мүге­дектерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігі  төрағасының орынбасары қызметіне тағайын­далдым. 2012 жылы аталған қоғамдық бір­лестіктің төрағасы болып сайландым. «ҚР Конституциясына 20 жыл» медалімен және «Құрмет» орденімен награтталдым.

– Жас ұрпаққа ерліктеріңізді насихаттау үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?

– 1989 жылы әскерден келген уа­қытта берілген медальді сандыққа тас­тадым. Ұлы Отан соғысы ардагерлері бар кезде ерлігім үшін берілген төс белгіні тақпаймын. Ең алғаш 2008 жылы «Ауған соғысы ардагерлері кеңесіне» қосқан кезде Совет Үкіметі берген төс белгіні тақтым. Біздің үлкенге көрсеткен құрметіміз осылай еді.

Мен төрағалық етіп отырған «Самғау» жастар қоғамдық бірлестігі патриоттық тәрбиеге баулиды. «Айбын» әскери-пат­риоттық жиынға облыстан 5 қыз, 10 ұлды дайындаймыз. Өткен жылы облысымыз рес­публикалық сайыстан І орын иеленді. Соны­мен қатар оқу орындарда арнайы кездесулер өткізіліп, жастардың рухани дамуына серпін береміз.

– Жастарға айтарыңыз бар ма?

– Жастарға айтарым, сіздердің соғысыңыз кітап болсын. Адам ғылымды жеңсе, барлығын жеңеді. Бұл – білімділердің ғасыры.

– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет.

Әңгімелескен

Марина САҒИДАТБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: