Сәрсенбі, 08 мамыр, 11:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Таксист болған альпинист

07.03.2024

410 0

Сурет: Нұрболат Нұржаубай

«Бұрын альпинист болғанмын. Қашанғы төбеде жүремін деп, жерге түстім» дейді жылы жымиған Гүлдана Ысқақ әзілден де қаражаяу емес екенін байқатып. Көлікпен жүргеніне 15 жылдай болды. Алдына мақсат қойды, оған жетті. Бүгінде Қызылордадағы «Жұлдыз» такси қызметінде өзінің жеке автокөлігімен халыққа қызмет көрсетіп жүр. «Жаным нәзік» демейді, мойынға артылған ауыр жүкті арқалап, көзінің ағы мен қарасындай болған балапанын өсіріп отыр.

Иә, әңгіменің төркінін аңғарған боларсыз. Таксист қыз жайлы тақырыптың тінін ағытқалы отырмыз. Қазақтың қарапайым қызы темір тұлпар тізгіндеп, ерлермен бірге иық теңестіре еңбек етіп жүр. Жай еңбек етіп емес, ұжымдағы жүргізушілер арасынан суырылып шығып, үздік те атанып келеді. Ол 2022 жылы «Жұлдыз» такси қызметінің жүргізушілері арасынан бас жүлдені қанжығасына байлады. – Қыз баланы қалай алды деп ұжымдағылардың үрке қарағаны бар. Әрине, еңбектене білген адамға жетістік ер немесе әйел деп таңдап бұйырмайды ғой. «Байтал шауып бәйге алмас» деген баяғының мақалы. Қазір жаңа заман. Бір күнде 60 тапсырыс орындап, осы межені тұрақты алып жүрген адам жүлдеден құр қалмайды. Әрине, әр жұмыстың өзіндік қиындығы бар. Кейде ішімдік ішкендер болады. Алысып жүріп, оларды да жетер жеріне апарып тастаймыз. Жолақысын бергісі келмейтіндер де болады. Бірақ соның бәріне шыдап, халыққа жолаушы тасымалы бағытында қызмет көрсетудеміз, – дейді Гүлдана Мұхтарқызы.

Гүлдана бірқатар кәсіппен айналысып та көрген. Алдымен хоббиінен бастау алған той салонын да ашты. Бірақ оқу оқып, білім аламын деп мақсат қойып, Алматы қаласында альпинист мамандығы бойынша білім алды. Бұл бағытта да жұмыс істеді. Әйтсе де нарық заманында қызмет көрсету саласы қарқынды дамыған соң көп ұзамай такси қызметін қолға алған. Алматыда бұл қызметке 6 жылын арнады. Ал Қызылордадағы «Жұлдыз» такси қызметінде 7-8 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

 – Таңертең 6-дан түнгі 9-ға дейін жұмыс істейміз. Ортада 2 сағат демалысым бар. Түскі уақытта тамақ тасып-жеткізіп беру қызметі бар. Соның барлығына уақыт тауып, үлгеріп жүремін. Әрине, оңай жерде нан жоқ. Еңбектену керек, талпыну керек, іздену керек. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс істейміз, салығымыз төленіп отыр. Бұл да бір кәсіптің түрі, – дейді Гүлдана.

 Бүгінде көліктің қыр-сырына қаныққан. Өзге қыздар тәрізді автоматты машина емес, механикалық үлгідегі көлікке қолы үйренген. Бір кездері тіпті Алматы, Шымкент қалалаларына қатынап, қалааралық жолаушылар тасымалына да шықты. Бүгінде жұмысына дән риза. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Табысын берекелі етіп жұмсап, шығынын жауып жүр.

– Міне, көрдің бе, «петашөгім» өзімнен дәу», – дейді күліп ол. «Біздің «Жұлдыз» такси қызметінде 25 қыз жұмыс істейміз. Басқа да жүргізушілер бар ғой, бірақ ішіндегі нәзік жандарын айтып отырмын. Жігіттермен үйренісіп те кеттік. Ешкім кемсітпейді, әйелсің бе, еркексің бе қарамайды. Қазір әйел жүргізушілерге арнайы тапсырыс беретіндер де бар. Мысалы, намазхан қыздар көп хабарласады, – дейді кәсіби жүргізуші.

 Гүлдананың ойында талай мақсат бар, бойында талай талант жасырынып тұр. Он саусағы майысқан шеберлігі де өз алдына бір төбе. Құрақ құрау, киім тігу тәрізді ісмерлікке жаны жақын ол болашақта осы салаға ойысуды да ойлап жүр.

 – Көп ойланамын. Бірақ қазір мұндай өнер туындыларына, басқа да бұйымдарға қарағанда қызмет көрсету саласында сұраныс жоғары. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегендей, нарықтың талабына сай еңбек етіп жүрміз. Кейін көзқарас өзгеріп жатса, қолөнер саласына ат басын бұруым ғажап емес, – дейді ол.

Тапсырыстар арасында табылған аздаған уақытта осылай ой бөлістік, пікір алмастық. Бір саты төменмін деп тұрған жоқ, керісінше, «қолдан бәрі келеді» деп күледі.

Кейде осындай аруларымызға ауыр жүкті арқалатып қойған қоғамға қарап ойланасың. Сынаптай сырғыған уақыт өзінің жүйріктігімен қатар адамды да жарыстырып қойды. Өйткені тоқтауға болмайды. Аялдасаң арттағы алға шығады, көштің соңында қаласың. Сондықтан ізденіс пен дамуды тоқтатып қоюға болмайды. Гүлдана көлікке мініп, келесі тапсырысқа жөнелді. «Жолың қашанда ақ болсын» деп біз қалдық.

Дәулет ҚЫРДАН

Суретке түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: