Сәрсенбі, 31 шiлде, 23:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№60-2070
30.07.2024
PDF мұрағаты

Облыс әкімі ядролық физика институтының директорымен кездесті

31.07.2024

13 0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Ядролық физика институты» РМК бас директоры Саябек Сахиевпен кездесті.

«Қазіргі уақытта республиканың барлық аймағында өздеріңіздің қатысуларыңызбен АЭС салуға қатысты жария талқылаулар өтуде. Әл-ауқаты мен экономикалық қуаты артқан еліміз үшін бұл өте өзекті мәселе. Шынайы және нақты ақпараттың жетіспеушілігінен қоғамда түсінбеушілік, түрлі алып-қашпа әңгіме тарайтыны да заңдылық. Осы жағдайда, өзіңіздей ғалымдардың, саланың үздік мамандарының түсіндірмелері халыққа өте қажет. Бүгін облыстық қоғамдық кеңес алаңында өткізілген жария талқылау қатысушыларға ой салды. Жария талқылаулар және алдағы уақытта жүргізілетін ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жұртшылықтың шешім қабылдауына жәрдемдеседі деп ойлаймын», – деді аймақ басшысы.

Кездесуде Сыр өңіріндегі инфрақұрылым желілерін дамыту мәселелері де талқыланды. Аймақта Президенттің, Үкімет басшысының, Парламенттің қолдауымен халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру, инфрақұрылым объектілерін жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар іске асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау үшін Қызылорда қаласында қуаты 240 МВт болатын жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Жоба қазіргі «Қызылорда жылу-электр орталығы» аумағындағы 24,5 гектар жер учаскесінде іске асырылуда. Бүгінде инвестор «AKSA Energy» түрік компаниясы құрылысқа 70 млрд теңгеден астам инвестиция салды.

Өз кезегінде, Саябек Қуанышбекұлы Сыр елінде әр салада серпінді даму байқалатынын атап өтіп, аймақ халқы үшін маңызды жобалардың сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: