Жұма, 11 қазан, 07:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Ұрпақ тәрбиесіне арналған жиын

25.05.2021

1460 0

Бала – жарқын болашағымыздың кепілі. Оның тәрбиелі болып өсуі кез келген ата-ана үшін зор мақтаныш. Бала бойында тәрбие мен білімнің қатар ұштасуы оны үлкен жетістіктерге жетелейді. Ер бала елінің айбары болса, қыз бала абыройы. Халқымыз қашанда қыз баланың тәрбиесіне аса қырағылықпен қараған. Байырғы үлкендеріміз қыз баланың бұрымына шашбау тағып, сол арқылы биязы мінезін қалыптастырып отырған. Бұл үрдіс бүгінгі күні де дәріпті жолын жалғастырып келеді. Өйткені халқымыз үшін қыз бала қай кезде де қадірлі болып, өзі өсіп-өнген әулетінің беделіне баланған.

Жуырда Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінде «Тәрбиелі зияткер ұрпақ – болашақ кепілі» тақырыбында облыстық әлеу­меттік-ғылыми ашық алаң болып өтті. Оған онлайн режимде 300-дей қыз бала қатысты.

– Бүгінгі жиында біздің басты бағытымыз қыз балаларды халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін қадірлейтін ұлтжанды, отансүйгіш­тік сезімдерге тәрбиелеу болып табылады. От­басы – Отанның бір бөлшегі екенін ұғынды­рып, оқушылардың бақытты отбасыға деген қы­зығу­шылығын арттыру. Қоғамның қажеттілігіне қа­рай әрбір оқушының қабілеті мен бейімділігін ескере отырып, мамандық таңдауға көмектесу. Осындай өнегені бойына сіңіріп өскен жет­кіншек келешекте жан-жақты рухани бай болып, елінің тағдыры үшін жауапкершілікті сезіне алатын бо­лып өседі. Мәңгілік ел болу жолындағы ұлы іс­терге белсенді қатысатын азамат болады деп сене аламыз. Оқушының бі­лімімен қатар жан-жақты дамуына қолдау білдіру мақсатында мектебімізде 6 кіші мектеп, 18 жоба жұмыс жасау­да. Ол бүгінгі шарада жан-жақты көрсетілетін бола­ды, – деді мектеп директоры Айгүл Нәжмадинқызы.

Облыстық шара «Отбасы кіші мектеп», «Жа­сыл ғаламшар» және «Әлеуметтік-ғылыми кіші мектеп» жобалары бойынша үш бөлімнен тұрды.

Шараға облыстық Қазақстан Халқы Ассам­блея­сы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова, «Ақ босаға» қоғамдық бірлес­тігінің төрайымы Меруерт Аңсатова, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мектеп директоры Жанат Сәдуақасова және тағы басқалар қатысып, тақы­рып төңірегінде тұщымды ойларымен бөлісті.

Тағы бір атап өтерлігі мектепте венчурлық жүйені дамыта отырып, «Метеорология» тәжіри­белік-зерттеу алаңының ашылуы. Сонымен қатар «Жасыл Қазақстан» ұлттық жоспарын жүзеге асыру, экологиялық білім беру бағдарламасын игеру негізінде және экологиялық тәрбие беру мақсатында білім ордасында «Жасыл ғаламшар» кіші мектебі құрылған. «Жасыл ғаламшар» кіші мектебінің аясында «Green study» жылыжай ғылыми-зерттеу оқу орталығының  және  «Метео­рология» тәжірибелік-зерттеу алаңының ашылуы  оқушылар үшін үлкен еңбектің бастауындай болып отыр. Сондай-ақ «Global eco» жобасы да оқушылар мен ұстаздардың бірлескен жүйелі жұмыстарының нәтижесі.

Жылыжай кешенінің ашылуына облыстық бі­лім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова ар­найы қатысып, жасыл экономиканы дамытуда­ғы мек­теп ұжымының еңбегіне алғысын білдірді.

– Бұрын қандай бір іс шара ұйымдастырыл­са да ол бір бағытта немесе бір тақырып төңірегін­де өрбитін еді. Ал бүгінгі біз қатысқан жиынның жөні мен жолы өзгеше екенін көріп көңіліміз толды. Мұның астарында қаншама ұстаздың жылдық тәжірибелері мен еңбектері жатқанын атап өту керек. Соңғы қоңырау соғылар сәтте серпінді істің куәсі болдық. Бұл біріншіден, балалар үшін үлкен естелік. Екіншіден, мың жылдық рухани азық боларлық дәріпті дүниелердің діңгегі, – деді «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігі­нің төрайымы Меруерт Аңсатова өз сөзінде.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: