Сенбі, 10 тамыз, 04:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№63-2073
09.08.2024
PDF мұрағаты

Күміс пен қола – қоржында

10.08.2024

14 0

Париждегі байрақты бәсеке жалғасуда. Соңғы апталарда Қазақстан қоржынына бірнеше медаль қосылды. Грек-рим күресі мен бокс түрінен спортшыларымыз жемісті нәтиже көрсетіп, жүлдегер қатарынан көрінді.
Күрес түрлерінен Елдос бастаған жеңісті жолды Демеу Жадыраев жалғады. Қазақтың грек-рим күресінің палуаны Олимпиада ойындарында күміс медаль иегері атанды. 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалда ол жапондық Нао Кусакомен жекпе-жекке шығып, 2:5 есебімен ұтылды. Финалға дейін Жадыраев колумбиялық Хаир Куэроны айқын басымдықпен жеңсе, одан кейін екі дүркін әлем чемпионы, қырғызстандық Ақжол Махмудовты ұтып, ал жартылай финалда әзірбайжандық Санан Сүлеймановтан басым түскен болатын. Жадыраевтың қарсыласы Нао Кусака бұған дейін өткен жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері және биыл Азия чемпионы атанған. Финалда жеңіске жету оны Олимпиада чемпионы етті.
34 жастағы Демеудің саладағы жетістігі мол. Ол Әлем және Азия чемпионаттарында медаль алды, Олимпиада финалында белдесті. Үш рет Париждегі байрақты доданың күміс жүлдесін еншілеген балуан. Алғашқы үлкен жүлдесін 2015 жылы жеңіп алып, Азия чемпионатының 66 келідегі қола жүлдегері атанған. Сол 2015 жылы АҚШ-тағы Дэйв Шульц халықаралық мемориалына қатысып, алтын жүлдеге қол жеткізді.
Ал 2017 жылы қазақстандық балуан әлем чемпионатының финалына жетті. 71 келіде сынға түскен отандасымыз финалда германиялық Франк Штеблерге жол беріп, күміс жүлде еншіледі. Бұл қазақстандық балуанның әлем чемпионатындағы жалғыз жетістігі болып тұр. Жалпы, Жадыраев әлем чемпионатына бес рет қатысты.
Одан кейін үш рет Азия чемпионатынан медальмен оралды. 2018 жылы Бішкекте финалда қырғызстандық Ақжол Махмудовқа есе жіберіп, күміс алды. 2019 жылы қытайлық Сианьде және 2021 жылы Алматыда Азия біріншілігінің қола медалін еншіледі.
Демеу Жадыраев Олимпиада ойындарына екі рет қатысты. Алғаш рет 2020 жылғы Токио Олимпиадасында бақ сынаған, бірақ 77 келіге дейінгі салмақтың 1/8 финалында жапон балуаны Шохей Ябикуға жол берген. Екінші рет қазақстандық балуан Париж Олимпиадасында өнер көрсетті. 1/8 финалда колумбиялық Хаир Алексис Куэро Муньосты сенімді жеңді. Ал ширек финалда сенсация жасап, екі дүркін әлем чемпионы қырғызстандық Ақжол Махмудовтан айласын асырды. Жартылай финалда Демеу әлемнің екі дүркін вице-чемпионы әзербайжандық Санан Сулеймановтен басым түсті. Осылайша, Жадыраев финалға жолдама алған. Бірақ алтын медаль сарапқа салынған белдесуде қазақстандық балуан жапониялық Нао Кусакадан жеңіліп қалды.
Тартысты додадан кейін грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельниченко спортшының финалдық кездесуі туралы пікір білдірді. Ол жерлесіміздің барын салғанын айтып, кеткен қателіктерді жеткізді.
«Жақсы күресті, бірақ ептілік жетіспеді. Бір сәтте тепе-теңдікті жоғалтып алды. Жапон балуаны осы сәтті пайдасына асырды. Өте өкінішті. Барынша талпынды. Алайда Демеу финалға дейін жетіп, күміс жүлде иеленді. Бұл – үлкен жетістік. Бізді қолдаған жандардың бәріне алғыс айтамын», – деді Юрий Мельниченко
Байрақты бәсекеде бокстан жүлдегерлер де шықты. Олар – Нұрбек Оралбай, Назым Қызайбай.
Бокстан 80 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған қазақ боксшысы Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Ол финалдық кезеңде украиналық Александр Хижняктан жеңіліп, күміс медальді еншіледі. Қос мықтының тартысын күні бұрын болжаған жанкүйерлер сайыстың оңайға соқпайтынын білді.
Бірінші раундты украин боксшысы әдеттегідей ашық шабуылмен бастады. Сериялық соққылардан сәтті қорғанған Нұрбек қарымта шабуылды ұмытпай, қорғаныста жүріп дәл соққыларын тигізе алды. Дегенмен бұл раунд 3:2 есебімен Хижняктың пайдасына аяқталды. Екінші раундта Нұрбек Оралбай жиі шабуылдап, қорғаныста жүріп те соққыларын тигізе білді. Хижняк болса жұдырықтасу мәнерін өзгертпестен, ашық шабуылдауын тоқтатқан жоқ. Төрешілер жеңісті бұл жолы 3:2 есебімен қазақ боксшысына берді. Ал шешуші үшінші раунд боксшылар ашық төбелеске барды десек артық айтпағанымыз. Қос боксшы үздіксіз соққылармен алмасып, тіпті Нұрбектің мұрны қанап кетті. Дегенмен дәрігер оған жекпе-жекті жалғастыруға рұқсат беріп, боксшылар раунд соңына дейін жұдырықтасып шықты. Нәтижесінде төрешілер жеңісті 3:2 есебімен Александр Хижнякқа берді.
Кейін сала мамандары мен сарапшылар батырымызды қолдап пікір білдірсе, спортқа жауапты мамандар қолдау көрсетті. Мысалы, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спортшы туралы толымды ой айтты.
«Білекті де жүректі былғары қолғап шебері Нұрбек Оралбайды күміс жүлдемен шын жүректен құттықтаймын! Париж шаршы алаңында жерлестеріміз аса сәтті өнер көрсете алмаса да, Қазақстан бәрібір бокс әлеміндегі орны бөлек құрамалардың бірі болып қала береді. Бұлай деп айтуыма жерлестеріміздің бірде-бір Олимпия ойындарынан жүлдесіз қайтпағаны дәлел бола алады. Париждегі дүбірлі додада былғары қолғап шеберлері дәстүрден жаңылмай, ел қоржынына жүлде салды. Чемпионды тәрбиелеген жеке бапкері Асқар Еркебаевқа, бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжановқа, жалпы бапкерлік құрамға алғысымды білдіремін. Барша отандасымызды Олимпиаданың күміс жүлдесімен құттықтаймын! – деп құттықтады Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Сондай-ақ Париж олимпиадасында бокстан әйелдер арасында 50 келі салмақта қазақстандық Назым Қызайбай қола медаль иеленді.

Бокс құрамасы сәтсіздікке ұшырап, қазақстандық боксшылардың көбі жүлдесіз қалған тұста Қызайбай алтын ала алмағанына қапаланды.
6 тамыз күні Парижде Назым Қызайбай жартылай финалда Қытай боксшысы Ю Вумен шаршы алаңға шығып, есе жіберді. Бес төрешінің төртеуі 2023 жылы әлем чемпионы және Азия ойындарының чемпионы болған қытай боксшысы жеңді деп шешті. Бапкерлер де, боксшының өзі де төрешілер шешіміне қатысты сын айтқан жоқ.
Назымның өзі «Қытай қызы алдап кетті» деп, қарсыласының рингтегі әккілігін бағалады.
Бокста жартылай финалда жеңген боксшыға бірден қола медаль беріледі. Демек, 30 жастағы Қызайбай – Париж олимпиадасының қола жүлдегері. Бірақ Назым қола жүлдеге көңілі толмай, журналистерге сұхбат беріп тұрып жылап жіберді.
– Шүкір етемін не болса да, бірақ алтын алып, бокстан әйелдер арасында қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы болғым келген. Абиба екеуміз олимпиадаға келгенде «бізге чемпион болу нәсіп етсін» деп айтқан едік. Мен жартылай финалға шығып қола медаль алған соң көп адам «алтын жүлде күтеміз» деп жазып кетті. Сол да ауыр келді ме, білмеймін… Содан қатты жеңгім келіп, жекпе-жек ойдағыдай болмай қалды. Париждегі бұған дейінгі кездесулерде мұндай қысым болмаған еді, – деді боксшы.
Назым Қызайбай 2014 және 2016 жылы әлем чемпионы атанған. Бірақ ол олимпиадаға жолдама алу мүмкіндігін бірнеше рет пайдалана алмаған еді. Париждегі ойындар – оның алғашқы олимпиадасы
Бәріне белгілі, бокстан ұлттық құраманың қоржынында «алтын» жоқ. Жанкүйерлердің наразылығын ескеріп, Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов БАҚ өкілдеріне шағын сұхбат берген болатын. Онда сын-пікірлерге жауап беріп, жеңіліс себебін тілге тиек етті.
«Бұл Олимпиадада біз күтпеген сенсациялар көп болды. Әлемнің бес дүркін, Олимпиаданың екі дүркін чемпиондары да жүлдеге іліге алмай қалды. Париждегі ойындарда бізге алтын бұйырмады. Бірақ жігіттерге еш реніш жоқ. Көпшілік сынағандай шаршамады, барын салды. Ешкім де жеңісті қолдан бермеді. Бұл Олимпиада бәрімізге сабақ болатыны анық. Осымен екінші Олимпиадада алтынсыз қалып отырмыз. Бірақ мен қазақ боксының жеңісті дәстүрге қайта оралып, аяққа нық тұрарына сенемін. Финалға келер болсақ, иә, Александр Хижняк толассыз шабуыл жасады. Бірақ оның соққыларының соңы ғана тиді Нұрбекке. Ал дәл әрі таза соққыларды біздің жігіт тигізді. Оны қайталаудан да көрген шығарсыздар», – деді Мырзағали Айтжанов.

Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: