Сенбі, 10 тамыз, 04:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№63-2073
09.08.2024
PDF мұрағаты

Жылу беру маусымына дайындық қалай?

10.08.2024

14 0

Қала әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Онда жылу беру маусымына дайындық барысы мен салық базасын ұлғайту мәселесі талқыланды.

Алдымен қала әкімі жаңадан тағайындалған қалалық полиция басқармасының бастығы Дәулет Беркімбаевты таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.
Мұнан соң қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов жылу беру маусымына дайындық барысын баяндады.
– Қазіргі таңда қаладағы көпқабатты 1200 тұрғын үйдің 808 орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қалған 277 үй автономды модульді бу қазандықтары арқылы жылытылады. Бүгінде мамандар барлық жүйелерді тексеруден өткізіп, кемшіліктерді жөндеуде. Алдағы жылу беру маусымына қажетті резервтік мазут отыны дайын, ал «көгілдір отын» желісіне қосылмаған жеке секторлар мен ауылдарды қамтуға 85 000 тонна қатты отын қоры алынуда, – деді Мұрат Әбсұлтанов.
Сонымен қатар облыстық, қалалық білім бөліміне қарасты 9 мектеп пен 9 балабақшаның бу қазандықтарын сұйық отыннан газға ауыстыруға жоба сметалық құжатын әзірлеп мемлекеттік сараптамадан өткізуді ұсынды.
Айта кетейік, биыл жылумен қамту нысандарына облыс әкімінің қолдауымен 11,7 млрд теңге бөлініп, 9 жоба бойынша қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Сондай-ақ жылу желілері бойынша гидравликалық және температуралық сынақтар жүргізіліп, жылу құбырларына да жөндеу жүргізілуде.
– Жылу беру маусымына дайындықты ерте бастауымыз қажет. Мәселен, өткен жылы сол жағалауда жылуға байланысты үлкен мәселе туды. Яғни жылу беру маусымында бу қазандықтарының күші жетпеген еді, бүгінде қосымша көпқабатты үйлер мен нысандардың салынуына байланысты биыл да мәселе болуы мүмкін. Сол себепті мәселені жедел қарап, тиісті тапсырмалар берудеміз. «Қыстың қамын жазда ойла» деген бар, қазір басталмаған жұмыс жылу беру маусымы қарсаңында тұрғындарды толғандырмауы тиіс. Барлық жұмыс сапалы әрі уақытылы аяқталуы қажет. Жылдағы кемшіліктердің қайталанбауын жауапты сала басшыларына қатаң тапсырамын. Бұған барлық резервті жұмылдырыңыздар, – деді қала әкімі.
Мұнан соң салық базасын ұлғайту мәселесін талқылады. Бұл туралы мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов баяндады.
– Салық базасын арттыруда да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда жергілікті бюджетке 39,1 млн теңге салық түскен. Жоспар бойынша жыл соңына дейін шамамен 196,3 млн теңге түсім жасалмақ. Сонымен қатар көрші өңірлерден Қызылорда қаласына 27 кәсіпкер ретінде тіркелген. Олардың бюджетке төлеген салығы 6,7 млн теңгені құрайды. Жыл соңына дейін 17,5 млн теңге көлемінде түсім күтілуде. Ал салық төлеуден жалтарғандар 69,5 %-ды құрайды. Себебі олардың басым көпшілігі өзге қалаларға ауысқан. Мәселен, өткен жылы тіркелген 90 заңды тұлға, биыл өзге өңірге ауысқан. Олардың ішінде құрылыс саласы өкілдері болса, биыл тіркеліп, өзге өңірге ауысқан 115 заңды тұлғаның ішінде 106-сы құрылыс компаниясы екені анықталған, – деді Фердоуси Қожабергенов.
Сондай-ақ облыс орталығында салық органына кәсіпкер ретінде тіркелмей, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жеке тұлғалар анықталуда. Қазіргі таңда оларға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, есепке алынғандығын жеткізді.
– Қаладағы ірі мұнай компанияларына қызмет көрсетуші кәсіпкерлердің басым бөлігі өзге өңірлерде тіркелген. Оларды жергілікті бюджетке салық төлеуші ретінде тіркету үшін тиісті жұмыстарды жүргізу қажет, – деді қала әкімі.
Қала әкімі өзге де мәселелерді талқылап, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.

Нәзира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: