Бейсенбі, 13 маусым, 08:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№46-2056
11.06.2024
PDF мұрағаты

Күріш көлемі 522 гектарға азайды

06.04.2024

391 0

Сурет:aikyn.kz

Қыстың ызғары қайта бастағаннан егіс даласына жол тартатын шаруалар биылғы науқанда да егін егу жұмысына дайындықты бастап кетті. Қалаға қарасты ауылдарда бұл жұмыс қарқын алған.  Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Пакуатдин Шамұратовтың айтуынша, биылғы жылы 8677 гектарға ауыл шаруа­шылығы дақылын егу жоспарлануда. Оның ішінде күріш 3614, бидай 122, қант құмайы 50, жаздық арпа 2, жүгері 5, жаңа жоңышқа 300, ескі жоңышқа 1763, картоп 500, көкөніс 1330 және бақша дақылы  990 гектар жерге отырғызылмақ.

Биылғы егіске 903,5 тонна күріш тұқымы құйылса, оның 4.4 пайызын отандық, 95,6 пайызын ресейлік сорт  құрап отыр. Отандық сорттан 20 тонна «Сыр сұлуы» және 20 тонна «Маржан», ресейлік сорттан 730 тонна «Лидер», 133,5 тонна «Янтарь» сорты егілмек.

Ерте егілетін ескі жоңышқаның 1763 гектары тырмаланып,  жаңа жоңышқа –155, қант құмайы – 40, арпа – 2, жаздық бидай – 90 гектарға егілген. Дала төсінде көктемгі егін  жұмысы күннен-күнге қарқын алуда.

–       3010,7 тонна тыңайтқыш қажет болса, 2712,2 тоннасын сатып алдық. Сұраныс бойынша биыл арамшөпті жоятын 2863 литр гербицид қажет болса, 183 литрі алынды. Облыс әкімі тарапынан су тапшылығына байланысты егіс көлемін, оның ішінде күріш дақылын азайтуды тапсырды. Осыған сәйкес егіс алқабындағы ішкі арнаға су беру маусымы басталғанға дейін механикалық тазалау мен гидротехникалық құрылымды қалпына келтіру, жөндеу жұмысы жүргізілуде. Инженерлік жүйеге келтірілмеген деңгейі биік жерге күріш дақылын екпеу жөнінде және сорғы дайындығын қамтамасыз ету жайлы ес­керте хат беріліп, түсін­дірме жұмысы жүргізілді. Ин­женерлік жүйеге кел­тірілген ауыспалы егіс танабында шаруашылық дақылын кезектестіру кестесіне сәйкес орналастыру тапсырылды. Егін науқанында күріш дақылының көлемін азайтып, суды аз қажет ететін бидай, мақсары, қант құмайы дақылын егу қолға алынды. Осылайша биылғы егілетін күріш көлемі 522 гектарға азайды, – деді бөлім басшысы.

Сала басшысының айтуынша, қыс ызғары басылғаннан қашыртқылар мен арналарды тазалау, гидротехникалық жөндеу жұмысы істеліп, ішкі су жолынан  54300 текшеметр топырақ шығарылып, 4 дана гидробекет, 2 су құрылысы  жөндеуден өткізілген.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті  322 тонна дизель отынының 21,5 тоннасы, литрі 248 теңгеден «РК Мұнай» және «Жібек Жолы LTD» ЖШС арқылы сатып алынған. Сонымен қатар 157 дана ауыл шаруашылығы техникасы егіс науқанына сақадай сай тұр. Ауыл шаруашылығы дақылын егудің оңтайлы мерзімі «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты» ЖШС арқылы белгіленіп, күрішті  сәуір айының 25-нен кейін егу жоспарланып отырғанын жеткізді.

                                                                    Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: