Сейсенбі, 13 тамыз, 14:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№64-2074
13.08.2024
PDF мұрағаты

Қарқынды құрылыс – серпінді дамуға сенім

13.08.2024

20 0

Қызылордада құрылыс та, өндірістік жобалар да қарқын алған. Қай-қайсысы да өңір экономикасының артуына зор септігін тигізеді. Халықты тұрақты жұмыспен қамтуда да өзіндік үлесі бар. Мәселен, бір ғана «Жан Арай» ЖШС агроиндустриялық кешенінің ет өңдеу цехы мен жем зауытының өзінде 200 адам еңбек етуде.

Бұл кешен күріш өндірісімен, күріш жармасын халықаралық стандарттар бойынша өңдеумен, түйір­шіктелген жем өндірумен айналысады. Мекеменің жем зауытының қуаттылығы тәулігіне 80 тоннаға жетсе, күріш өңдеу зауытының қуаттылығы тәулігіне 150 тонна көрсеткішке қол жеткізген. Сондай-ақ 1500 тонналық жеміс сақтау қоймасы, сыйымдылығы 1120 тонна тоңазытқыш бар. Ет өңдеу және жем зауытында 200 адам жұмыс істейді. Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов аталған нысанның жұмыс барысымен танысып, оң бағасын берді.

Кезең-кезеңімен ауқымды шаралар атқарылып жатқан Қызылорда Жылу электр орталығында жер қазу жұмысы аяқталды. Мұнда 600-ге жуық адам және 60 техника жұмылдырылған. Жұмыс жоспарға сәйкес жүруде. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі. Бүгінде инвестор «AKSA Energy» түрік компаниясы құрылысқа 70 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Сонымен қатар «Қорқыт ата» әуежайына кіреберіс автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмысы да назардан тыс қалмады. Мердігер «Қыран» ЖШС 13,5 шақырым жолды бір жылда салып бітіруді жоспарлаған. Төрт қабатты жол жабындысы төселген соң жарықшамдар мен аялдамалар орнатылуда.

– Құрылыстың сапалы жүргізіліп, мерзімінде пайдалануға берілуін басты назарда ұстау керек. Әрбір атқарған еңбегіміздің артында ел игілігі тұру керек. Біздің салған әрбір нысанымыз өз өміршеңдігін танытуы ләзім, – деді Бақыт Дүйсенұлы.

Аймақта мектеп құрылысы кемшін түсіп жатқан жоқ. Сырдария өзенінің сол жағалауындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен бой көтерген білім орда­сының және жетіқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысын көрген  облыс әкімінің орынбасары мұндағы құрылысшыларға да талап қойды. Нысан өз уақытында және сапалы табысталуы керек.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен облыста 12300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланған. Биыл 6 900 орындық 10 мектеп, алдағы жылы 5400 орындық 11 мектеп пайдалануға беріледі. Облыс әкімдігі оларға инфрақұрылым жеткізуге жергілікті бюджеттен 118,4 млн теңге бөліп, жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Сонымен қатар сарап­таманың оң қорытындысы алынды. Инфрақұрылым жүргізуге жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлініп, қазір 10 мектептегі құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Биыл құрылысы басталатын 11 мектептің жер телімдері белгіленіп, «Самұрық – Қазына Констракшн» акционерлік қоғамына наурыз айында табысталды.

Осы аумақта 84 пәтерлік жеті қабатты 6 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Облыс әкімінің орынбасары жұмысты уақытылы аяқтауды тапсырды. Айта кету керек, өңірде соңғы 2 жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 34 млрд 100 млн теңге қаралды. Жыл соңына дейін 2,5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі.

Сол жағалаудағы 350 орынға арналған заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы «ҚазГерМұнай» компания­сының демеушілігімен салынуда. Нысан биыл ел игілігіне табысталмақ. Сондай-ақ үстел теннисі орта­лығының құрылыс жұмыстары назардан тыс қалмады. Мұнда тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіліп, ресми жарыстар, оқу-жаттығу өткізуге барлық мүмкіндік жасалады.

«Ақмешіт – ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: