Бейсенбі, 09 мамыр, 21:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Жетігенде қасиет бар

16.03.2024

438 0

Не сиқыры бар екен десеңші?! Көнеден жеткен жетігеннен төгілген әуеннің тыңдаушысын арбап, жансарайына бойлап, шаршаған жүйкені дамыл таптыратын бір құдіреті бар. Ендеше, көне аспапты кәсіби тұрғыда дамытып, халыққа оралтқан бір адам болса, онда ол – облыстық филармонияда «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблінің әртісі әрі «Қазанғап» атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде мұғалім, халықаралық, республ и к а л ы қ конкурстардың лауреаты Гүлдана Берікқызы.

Біздің кейіпкеріміз Гүлдананың осынау аспапқа қызыққаны сонша, сәбиін жетіген тартып отырып, әлдилеп, бесігіне бөлеп, тербеткен. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, әдемі көрініс емес пе?.. Қазақтың нәзік аруы жетігенді үйреніп, осы кезде көрермен көзайымына айналып жүр.

Жетіген жайлы жұрт әлі толық біле бермейді. Бірақ бұл аспаптың да шығу тарихына үңілсек, ел аузында аңыз бар. Кейіпкерімізден бұрын әңгімемізді осыдан бастасақ…

Аңызға айналған аспап

Жетіген – жеті ішекті дыбысты көне шертпелі аспап. Ұзынша келген жәшік тектес болады. Беті жұқа тақтайшамен жабылып, үн беретін ойықтар салынады. Бұрын 7 ішекті болған және оларға тиек ретінде 7 асық тағылған. Ішектер аттың қылынан тартылып, әуен ырғағын қалпына келтіру үшін асықтар қойылған екен.

 Мамандардың айтуынша, бұл аспаптың қазіргі заманда шыққан жаңа түрінде ішектер саны 25тен асады. Дыбыс көлемі 2-2,5 октаваға дейін жетеді. Барлық ішектеріне құлақ күйін келтіретін арнайы үлкен тиектер тағылады. Тыңдаушыларға жағымды әсер сыйлайтын жетігенді ертеде көк пен жерді байланыстыратын ғажайып қасиетке бай аспап деп, оны тек хан сарайларында, шағын топ алдында ғана ойнаған. Жетіген аспабы түркі тілдес халықтарында кездеседі. Татар халқы «етиган», тыва халқы «жадықан», хақастар «шатқан» деп әр ұлт өз тілінде атаған.

Аңызға келсек, бағзы заманда бір қарттың жеті ұлы болған екен. Ел ішінде бір жылдары қатты жұт болып, көпшілік қауым ашаршылыққа тап болады. Аштықтан жеті ұлы қайтыс болады. Қания есімді үлкен ұлы қайтыс болған кезде кепкен ағаш бөлігін ойын алып, ішек тартып, тиек тағады. Қайтқан тұңғыш ұлына арнап, «Қарағым» күйін шығарады. Қаниядан соң екінші ұлы Төралым қайтқан кезде екінші ішекті тартып, «Қанат сынар» күйін орындайды. Үшінші ұлы Жайкелді өмірден өткенде «Құмарым», төртінші ұлы Бекенге арнап «От сөнер», бесінші ұлы Хауасқа «Бақыт көшті», алтыншы ұлы Жүлзарға «Күн тұтылуы» күйлерін шығарады. Ең кіші ұлы Қияс қайтыс болғанда ақсақал жетінші шекті тартып, «Жеті баламнан айырылып құса болдым» атты күй шығарады. Қайғыдан құса болғана қарт әр күйді орындау барысында әр баласының бейнесін әуен арқылы көрсетеді. Бұл күйлер кеңінен таралып, әрі қарай дамып, «Жетігеннің жеті күйі» не «Жетігеннің жетеуі» деп танылады. Аспап атауы жеті және ән сөздерінен құралып, «жетіген» деп аталған екен.

Қобыздан басталған өнер

 Ал осы күні көнеден жеткен аспапты Гүлдана Берікқызы насихаттап жүр.

 – Негізі мен басында ұлттық аспаптардың ішінде қобызды үйренген едім. Бесінші сыныптан бастап Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған музыкалық колледждің мектеп-интернатында білім алдым. Оны бітірген соң Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне оқуға түсіп, әрмен қарай жалғастырдым. Содан кейін Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында білімімді одан әрі шыңдай түстім.

Студент кезімізде біз қобызды тартып жүрген сәтте басқа топтың ұл-қыздары жетіген аспабында ойнап жүрді. Әрине, сол кездері жетігенді қолыма алып, сәл-пәл үйренгендей болдым. Бірақ жетігенді меңгеріп кетемін деп ойламадым. Себебі қолымнан қобызым түспейтін, – деп күлімдеп жауап берді Гүлдана.

Сәбиімді жетіген үнімен әлдиледім

Кейіннен кейіпкеріміз тұрмысқа шығып, ана бақытын сезініп, сәбилі болды. Міне, жетігенге ғашықтық сезім осы сәтте туады.

– Сәбиімді әлдимен ұйықтатқанды жақсы көремін. Сөйтіп, осы әуенді тыңдасам, бәрі жетігенмен айтылады екен. Сол кезде қызығушылық одан сайын оянып, сәбиіме әлдиді жетіген тартумен жеткізгім келді. Сенесіз бе, сол арманым орындалды. Негізі адам баласы алдына бір мақсат қойып, шын қаласа орындалады екен.

Содан бері қолымнан қобызбен бірге жетіген түспейді. Осы кезде жетігенді меңгеріп, тартып жүргеніме үш жылдай уақыт болды. Екі аспап та өзіме қатты ұнайды. Сондай тартымды, екеуін үйреніп, қоса алып жүру оңай емес. Дей тұрғанмен үйренемін деген ниет болса, алып кетеді.

 – Екеуінің қайсысын үйренген оңай?

 – Жетігенді үйрену қиын емес. Оған тек музыкалық нотаны меңгеруі қажет. Ал қобызды үйрену үшін адамға музыкалық қабілет керек. Музыкалық қабілет болмаса әрмен қарай алып кете алмайды. Бірақ өзіме қазір қиын емес, қобызды бала кезден қолыма алсам, жетігенді кейіннен үйрендім, – деді кейіпкеріміз.

 Музыканттар тырнақ өсірмейді

 Әңгіме барысында бір байқағанымыз, Гүлдананың тырнақтарының түбі қарайғанын көрдік. Қобыз тартқаннан сондай із қалады екен. Тағы бір қызығы, мұндай аспапта ойнайтындар тырнақ өсірмейді, боямайды. Табиғи қалпында сақтайды.

– Иә, бізге тырнақ бояуға болмайды. Себебі тырнақтағы бояудың өзі қобыздың үнін өзгертіп жібереді. Оған қоса тырнақ өсірмейміз. Өйткені ұзын тырнақпен аспап ойнай алмаймыз, – деді Гүлдана.

Жетігенді таңдағандар да, тартатындар да санаулы

Кейіпкеріміздің бір күндік кестесі өте тығыз. Себебі ол бір жағынан өнер орталығында дайындықта жүрсе, екінші жағынан қолледжде студенттерге қобыз және жетіген класынан дәріс береді.

– Білесіз бе, жетігенді қала бойынша тартатындар санаулы ғана. Тіпті мен дәріс беретін колледждің өзінде 4 жыл бойы бір ғана студент жетіген сыныбында оқиды. Негізі жетіген аспабын жұрт енді түсініп келе жатқан секілді. Өйткені осы кезде концерттерге жетігенмен шығуға қызығушылық артып келеді. Айта кету керек, домбырамен жетігенді бірге тартқанда әдемі үйлесім табады.

– Ал тойға жетігенмен шақыратындар бар ма?

 – Жеке басым жетігенмен тойға шыққан емеспін. Бірақ қобызбен шықтым. Кей той иелерінің қалауы бойынша тойды қобызден, домбырамен ашқысы келетіндері бар, – деді Гүлдана Берікқызы.

Әңгіме соңында…

Біз әңгіме соңында кейіпкерімізден жетігенмен бір күй орындап беруін сұрадық. Гүлдана 24 ішекті жетігенін алдына жайғастырып, тиектерін реттеп, «Аққу» күйін орындағанда иілген саусақтары аққудың қанатындай елестеді. Ал жетігеннен шыққан күйдің үні бір керемет, айтып жеткізе алмаспыз, сірә… Расында, жетігенге ғашық болмау мүмкін емес. Күйден керемет әсер алған біз Гүлданаға алғысымызды айтып, өнер жолына сәттілік тіледік.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: