Сәрсенбі, 28 тамыз, 08:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№68-2078
27.08.2024
PDF мұрағаты

Қалаға ыстық су келетін күн жақын

27.08.2024

301 0

Сурет: caspianlife.kz

Биыл қалаға ыстық су келеді. Бұл – бәріміз әріміз үшін жағымды жаңалық. Негізі Қызылорда қаласы – көпқабатты үйлерінде ыстық суы жоқ жалғыз облыс орталығы. Қала тұрғындары су жылытқыштар, жалпақ тілмен айтқанда, «Аристон» пайдалануға мәжбүр. Алайда оның да электр қуатына тәуелділігі мен көлемінің шектеуі бар. Жылдар бойы созылып келе жатқан түйткілді мәселенің түйіні жақында шешімін таппақ.

Мемлекет басшысының былтыр өңірге келген сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы мә­селені көтерген болатын. Президент алдағы 2-3 жылда бұл мәселені шешуге қажет мөлшерде қар­жы бөлуге Үкіметке тапсырма берді. Енді Үкімет резервінен қар­жы бөлініп, жұмыс басталды.

Мамандардың мәліметінше…

Тұрғындарды ыстық су­мен қамту екі кезеңде жүр­гізіледі. Биыл 187 үй, 2025 жылы 237 тұрғын үй ыстық су жүйесіне қосылады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық бас­қар­масының басшысы Медет Усаин бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін демеушілік есебінен 32 жоба әзірленгенін айтты.

– Мемлекет басшысы өткен жылы өңірімізге келген жұмыс сапа­ры барысында Қызылорда халқын ыстық сумен қамту мәселесін дер кезінде шешуді тапсырған болатын. Осыған орай облыс әкімінің тапсырмасы негізінде тиісті жұмыстар қолға алынды. Жалпы жоба құны – 24 млрд теңге. Бүгінде Үкімет резервінен алғашқы 187 үйді ыстық сумен қамтамасыз ету үшін 11 млрд теңге қаржы бөлінді. Қаржы облысқа келді. Мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді.

Көпшілікке белгілі, көпқабатты үйлердің көбі ескі. Өжірелері суға толған, ішкі құбырлары тозған. Оларды жөндеу жұмыстарының барлығын мердігер мекеме ат­қарады. Бұл жұмыстарды алдағы жылу беру маусымына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Бүгінге дейін Қызылорда қала­сындағы тұрғын үйлер электр сужылытқыш немесе газбен жы­лытатын құрылғылар арқылы ыс­тық сумен қамтамасыз етілген еді. Бүгінде әр үйде кем дегенде 50 литрлік «Аристон» құрылғысы бар. Ол құрылғы суды ысыту үшін 3 киловатт электр энергиясын қажет етеді. Біз осы орайда жылытқыш құрылғы пайдаланатын үй мен ыстық су жүйесіне қосылған үйді салыстырдық. Нәтижесінде, ыстық сумен қамтылған үйдің шы­ғыны 5 есеге арзан болатынын анықтадық. Жалпы, бүгінде қа­лада орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 804 тұрғын үй бар. Осы тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту үшін биылдан бастап құрылыс-монтаждау жұмыстары басталуда. Осы жоба бойынша биыл қаламыздағы «Шұғыла», «Сырдария», «Сол жағалау» шағын аудандарында, «Тәуелсіздік», Бейбарыс Сұлтан көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су жүргізіледі, – деді Медет Усаин.

Ал қала бойынша қала әкі­мінің орынбасары Ғалымжан Еркебайдың айтуынша, Қызылорда қаласындағы ең өзекті мәселелер­дің бірі – тұрғындарды ыстық сумен қамтамасыз ету. Осы мақ­сатта облыс әкімінің арнайы тап­сырмасы негізінде бірнеше жоба қарастырылып, ыстық су желілерін орнату басталды. Қазір қаладағы 174 үйді ыстық суға қосуға мүмкіндік бар, ал 424 үй қаржыландыруды қажет етеді. Осы қаржыландыру талап ететін тұрғын үйлерді ыстық суға қосу үшін демеушілік есебінен 32 жоба әзірленді. Бүгінде қала әкімдігі тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылып, тұрғындарға түсін­дірме жұмыстары жүргізілуде. Көпқабатты үй тұрғындарын дер кезінде ыстық су желілерін орнатуға рұқсат беруге шақыруда. Бұл өз кезегінде жұмысты орындауға және уақыт үнемдеуге ықпал етеді.

Сонымен қатар қаладағы көп­қабатты тұрғын үйлерге ыстық су желілерін жүргізу электр энергиясы мен электр қондырғыларын үнем­деуге де септігін тигізбек. Мәселен, қала бойынша электр энергиясын тұтыну көлемі 84 МВТ болса, ыстық су желісі жүргізілгеннен кейін 14 МВТ-қа дейін жүктеме азаяды. Айта кетсек, қазіргі таңда облыс орталығында ыстық сумен қамтамасыз етіліп отырған 6 көп­қабатты үй бар.

Тұрғындар не дейді?

Осы орайда біз тұрғындар пікі­рін де біле кеткенді жөн көрдік.

Клара Әубәкірова, қала тұр­ғыны, зейнеткер:

– Шынымды айтсам, қаламызға ыстық су келеді дегенді естігенде қуанып қалдым. Өзім көпқабатты үйде біраз жылдан бері тұрып келемін. Осы күні «Аристон» құ­рылғысын пайдаланып отырмыз. Оған да үйреніп қалада екенсің. Бірақ ол электр жарығына үнем емес дегенді естіп жатырмыз. Алдағы уақытта қаладағы барлық көпқабатты үйлер ыстық сумен қамтылып, тұрғындар игілілігіне пайдаланар деген үмітім зор, – деді қала тұрғыны.

Марат Айтбай, Бейбарыс Сұлтан көшесіндегі көпқабатты үйлердің тұрғыны:

– Ыстық су келетінінен хабарым бар. Бірақ біз жақта жұмыс әлі бастала қойған жоқ. Егер үйіміз ыстық суға қосылса, қуанамыз, әрине. Себебі бұл – көпшіліктің көптен күтіп жүрген жаңалығы. Лайым, біздің де қаламызға ыстық су келіп, басқа облыстардың қатарына қосылайық, – дейді қала тұрғыны.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: