Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 02:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әбенов байқауы мәресіне жетті

06.12.2021

1297 0

«Сыр медиа» ЖШС-на қарасты облыстық «Сыр бойы» газеті ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жас журналистер арасында Қалқабай Әбенов атындағы «Тәуелсіздік толғауы» атты байқау ұйымдастырды. Байқауға Қалқабай Әбеновтің ұрпақтары демеушілік жасады.

Шығармашылық байқаудың шарты бойын­ша, жас қаламгерлер – Тәуелсіздік жылдарындағы елдің әлеуметтік-экономи­калық, рухани-мәдени дамуы, жастар саясаты, ұлтаралық татулық, жалпы қоғамның бет-бейнесі туралы мақаланы зерттеп, талдап жазды.

Марапаттау рәсіміне «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихат депутаты А.Оңғарбаев, Қ.Әбеновтің ұрақтары және көз көрген ардагер-журна­листер қатысты. Шара барысында 18 жыл бойы «Сыр бойы» газетін басқарып, журналис­тикада өзіндік орны бар Қ.Әбенов туралы естеліктер айтылып, бейнеролик көрсетілді.

– Бұл байқау биыл екінші рет өткізілуде. Былтыр да үздік деп танылған мақала авторларын осы жерде марапаттаған едік. Биыл тағы да келдік. Алдағы уақытта шығармашылық байқауды дәстүрлі түрде жалғасады деген ойдамыз. Айта кету керек, келесі жылы Қалақабай Әбеновтің 100 жылдығын үлкен көлемде атап өтуді жоспарлап отырмыз. Сол шараны сіз болып, біз болып, жоғары деңгейде өткізейік, – деді Қ.Әбеновтың інісі Қожахмет Мырзаев.

Арнайы бекітілген әділ қазылардың таңдауы бойынша, газет саласынан 1-орынды облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Мөлдір Қалымбет иленсе, 2-орын «Ақмешіт жастары» газеті бас редакторының орын­басары Ерсін Шәмшадинге бұйырды. Ал телеарна бағыты бойынша 1-орынды «24 КZ» телеарнасының тілшісі Рауан Мыңбай лайық деп танылса, 2-орынмен «Qyzylorda» телеарнасының редакторы Жансая Тілеу марапатталды. Сондай-ақ заман талабына сай, блогерлік қырымен танылып жүрген Карим Валиевтің мақаласы І-орынға лайық деп танылса, Тоғжан Қарабала ІІ-орынды иеленді. Шығармашылық байқауда үздік шыққан жас журналистер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Кеш соңында Қ.Әбеновтің ұрпақтары әкесінің көзін көріп, бірге қызмет істеген ардагер журналистерге құрмет көрсетіп, шапан жапты.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: