Бейсенбі, 09 мамыр, 12:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Қаршыға ЕСІМСЕЙІТОВА, ақын: Жанымды тербеп, көңілімді қозғаған сәттер ақ қағазға жыр болып төгілді

18.11.2023

1911 0

Сурет: zharar.com

Жүрекжарды сұхбатымыздың бүгінгі қонағы – ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының жетекшісі, журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» иегері, Шиелі  және Сырдария ауданының Құрметті азаматы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Әнуар Байжанбаев»  атындағы сыйлықтың иегері, белгілі журналист  Қаршыға  Есімсейітова.

–    Сіздің есіміңіздің өзі кездейсоқ қойылмаған секілді. Қаршыға деген бап таңдамайтын қырағы да өжет құс.  Сіздің мінезіңізде батылдық, қайсарлық бар секілді. Ал өлеңдеріңізді оқысақ, нәзік иірімдері жанды баурап алғандай. Мұның құпиясы неде?

–       Мен дүниеге келмей тұрып есімім койылган екен. Оның сыры әкем Құрмаш арғы-бергі тарихтың тереңіне бойлаған, көнекөз қариялардан естігенін жадында мықтап сақтай білген сұңғыла шешен, шежіреші кісі. Ақындығы да бар. Шығыс әдебиетінің жауһарларын көп оқыған, көңіліне тоқи білген жан. Өлең жазғанда қағазға түсіріп отырмай, ойша шығарып,соны жатқа кайта айтып отыратын есте сақтау жады өте мықты кісі. Казір жасы 95-те. Әлі күнге дейін көп кісі менің әкемнен жер, су, өлке тарихы жайлы,  ата-бабасының шежіресі жайлы жиі сұрап келіп жатады. Анам Рсалды екеуінен 12 ұл-кыз өсіп, өндік. Мен алтыншысымын. Мен дүниеге келерде әкем түс көріпті. «Жаз уакыты. Сарысу бойындағы «Телікөл»  су айдынын жағалай аппақ ақшаңқан үйлер тігулі екен. Көл үстінде құс атаулы ұшып-қонып,  құс базарындай керемет шақ екен. Киіз үйден шығып адамдар құстардың сән салтанатын тамашалап тұр екен. Кенет бір кішкентай қаршыға құсы көкті тіліп өтіп, көл үстіндегі кұстардың ортасында әрлі-берлі ұшып, ойнақ салыпты. Құстар кішкене құсқа ығысып жол беріп, әп-сәтте  қаршыға көл үстін тілгілей ұшып келіп, көп адамның ортасында тұрған әкемнің иығына қоныпты.  Айнала жұрт мәре-сәре болыпты. Ұйқыдан оянып кеткен әкем, аяғы ауыр анама «Дүниеге өзі еркін, батыл, бақытты бала келеді екен. Қыз болса да,  ұл болса да атын Қаршыға қоямын», – депті. Менің есімімнің Қаршыға атануының тарихы осындай.

– Өлең өлкесіне қалай келдіңіз? Сізді өнерге баулыған ұстазыңыз кім?

– Өлеңдерім болса ол табиғатпен егіздін сыңарындай біте қайнап, кең даланың құдіретіне бас иіп, ұлылығына тәнті болып, сұлулығын сезініп, жүрегіме құйып өскенімнен болар, сыршыл да сезімге құрылып, оқырмандарымның көңілінен шығып жатқаны. Бұл мені марқайтады, көңілімді шаттандырып, шабыттандырады.

Мен ұлы даланың төсінде емін-еркін өстім. Табиғатпен сырластым… Жанымды тербеп, көңілімді қозғаған сәттер ақ қағазға жыр болып төгілді. Менің әкем шығыс әдебиетін, батырлар жырын көп окитын. Әріп танығаннан мен де сол кітаптармен сусындап өстім. Соның әсері болар, әкем де өлең жазды. Менің  өлең  жазуыма  ыкпал еткен, бірінші қалам тербеткен ұстазым ол – әкем.

– Журналистика академиясының «Алтын жұлдызын» неше жасыңызда алдыңыз? Сол кездегі әсеріңізбен бөліссеңіз…

– Мен журналистика академиясының «Алтын жұлдызын» 37 жасымда қазақ  журналистері  ішінен бірінші болып алғанымды қазір мақтан етемін. Ол кезде жас болдым.  Марапат, атақ дегенге мән бермейтінмін. Әріптестерім қуанып жатты. Оның атағы мен бірге сол кездің өлшемімен қомақты қаржысы да болды.  Мен сол кезде бір жарым жасар ұлымды балабақшаға беріп, жұмысқа қайта шығып, қызу жазу үстінде болатынмын. «Жыртық үйдің құдайы бар» деген мақалдың рас екендігіне көз жеткізгендей сезімде болдым.  Оның қаншалықты маңызды, биік марапат екенін кейін түсіне бастадым.

– Газетте де, журналда да жұмыс істепсіз, радиода да қызмет етіпсіз, күні кешеге дейін телеарнада рухани, танымдық хабарлардың тізгіншісі болып, мәдени мұраны насихаттап, өнер тарландары жайлы деректі фильммен көпшілікке кеңінен танылдыңыз. Сонда да қарапайым қалпыңыздан танбадыңыз.  Бұл тектіліктің сыры неде?

– Қарапайымдылықтан аспайтын, еңбекпен ғана елеулі болып келген әкемнен дарыған қасиет мені де елге елеулі етті деп білемін. Мен әкемнің төгілген маңдай тері қасиетті туған жердің, ұлы даланың мейірі мен шапағатына бөленіп өстім. Сол үшін де осы қасиетті мекен мен сол жерде  еңбек еткен ата-анама мәңгі қарыздармын.  Республика көлемінде газет-журналдарда да, қазақ радиосында, облыстық телеарнада кызмет жасай жүріп, тек қана халыктың орта­сында жүрген жаны жайсаң адамдардың еңбегі мен өмірін өзгеге үлгі ретінде насихаттадым. Ұлттық дәстүрімізді, өткен тарихымызды, көне жәдігерлеріміз бен құм басқан қалалардың сырын көрермендерге ашып беру үшін күн демей, түн демей алыс-алыс жолдарды артқа тастап, ел мен жер араладым.  Өз  өңіріміздегі сақ дәуірінен қалған Шірік Рабат, оғыз дәуірінің ескерткіші Жанкент қалашығы, қазақ хандығы тұсындағы Сығанақ   астанасы болған каланың тарихтағы орны жайлы «Туған өлке» хабарымда мәңгілікке таспаладым десем болады.  Көрші Өзбекстан еліне 9 рет сапар шеккенім ізсіз қалған жоқ.  Самарқанды отыз жылға жуық билеген Жалаңтөс Баһадүрдін 430 жылдығына арнайы  барған сапарымыз үлкен тарихи оқиғаға айналды.  Сол сапарда Нұр Ата тауының етегінен туған жылы да, өлген жылы да, жерленген жері де белгісіз болып келген кіші жүздің биі  Әйтекенің мәңгілік жәй тапқан жерін тауып қайтқанымыз, біздің түсіру тобымыздың тарихқа қосқан үлкен үлесі болды. Бұл жөнінде сол кездегі Жалаңтөс Баһадүр қорының  президенті марқұм Ыдырыс Қалиев ағамыз үлкен бір жиында «Біз Әйтеке бидің жатқан жерін үлкен ғұлама, ғалымдар табады деп ойлаушы едік. Оны қасымызда жүрген кішкентай ғана Қаршыға қызымыз тауып келіп, қуанышқа бөледі»  деген еді.  Бұл сөз мен үшін барлық марапаттан биік еді. Нұр Атада Әйтеке биге арналып кесене тұрғызылды. Мұражай, конференция залы, мешіт салынды.  Бұл күнде сол қасиетті жер  екі елдің халкына ортақ үлкен мемориаль кешеніне айналды. Бұл менің көп жылдық журналистік енбегімнің жеңісіндей болды.

– Көптеген танымал ақындар мен жазушылар ару қала Алматыда қоныстап қалғанынан хабардармыз. Зиялы қауым өкілдері топтасқан әдеби ортаны қиып, Сыр еліне қайта оралдыңыз.  Қазір өкінбейсіз бе?

– Алматыда жайлы үйім, сүйікті жұмысым, достарым, әдеби ортам болды.  Бірақ мен үнемі ел жаққа көп көңіл бұратынмын. Өйткені  ата-анама, бауырларыма қол ұшымды тигізсем деген ойда жүретінмін. Сосын жас күннен сыртта жүрген соң ба, «ертең егде тартқан кезде туған жерім өгейсіп қалса, бауырына тартпай жатсынып, мойындамай қалса қайтемін?» деген ой мазалайтын.  Сондықтан елге барып қызмет етуім керек деп шештім.  Сәні мен салтанаты асқан Алматыны  бір-ақ күнде Сырдарияның жағасындағы сырлы қалаға айырбастап, көшіп келдім.  Келдім де ел тарихын қопарып,  таспалауга кірісіп кеттім. Бұған еш өкінбеймін. Елге аз да болса еңбегім сіңсе, перзенттік борышымның өтелгені деп білемін.

– Қазір бос уақытыңыз бар болар. Қандай іспен шұғылданасыз?

– Мен зейнеткерлікке шыққанмен қоғамдық жұмыстарға көп араласқандықтан болар,  уақытым бос өтіп жатыр деп айта алмаймын.  Төрт-бес жылдай облыстык коғамдық кеңестің мүшесі болдым. «Аманат» партиясының «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі­мін. Қоғамдық негізде Қазақстан Жазушылар одағы облыстык филиа­лының директоры кызметін аткарамын. Бос уақытым сирек. Сонда да уақыт тауып немерелеріммен бірге болғанды ұнатамын. Сосын есіктің алдындағы талдарды баптап, уақытылы суаруды қалт жібермеймін.

– Шығармашылық адамының бойында қандай қасиет болғаны дұрыс деп ойлайсыз?

– Шығармашылык адамының бойында өзі Алланың берген қасиеті төзімділік, сергектік, табандылық, шыншылдық болғаны дұрыс деп ойлаймын.

– Бақытты әр адам әртүрлі түсінеді. Сіз үшін бақыт деген не?

– Мен үшін бақыт деген  айналамдағы жақын адамдарымның аман-есен болуы.  Еңбек етіп, төккен теріңнің нәтижелі болуы.  Елімде тек кана тыныштық, бейбіт өмір мәңгілік болуы.  Бүгінгі ұрпақтың жарқын істерін келер ұрпақ ұмытпай жалғастыра беруі үшін еңбек етіп, тер төгудің өзі мен үшін бақыт деп білемін.

– Сүйіншілейтін жаңалық сіз жуырда ғана «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атаныпсыз. Бұл сізге деген Сырдария халқының құрметі деп білеміз.  Біздің оқырмандарға арнап берген сүбелі сұхбатыңыз үшін рақмет! Сізге шығармашылық шабыт тілейміз.

Сұхбатты жүргізген Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: