Бейсенбі, 09 мамыр, 08:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Сатира сайыпқыраны

18.04.2023

1321 0

Белгілі жазушы-сатирик, қоғам қайраткері Сақтапберген Әлжіковтың туғанына – 100 жыл

Киелі Сыр топырағында өмірге келген Алаштың ардақты да, аяулы азаматы Сақтапберген Әлжіков ағамыздың балалық шағы мен жастық шағы сәтті де, тәтті болмаған. Оның балалық шағы өткен ғасырдың оты­зыншы жылдардағы алапат ашар­шылыққа тұспа-тұс келсе, жас­тық шағы 1937-1938 жылдарда елімізде жаппай орын алған атып-асып, зиялыларымызды жазықсыз ажал құштырған қырғын-сүргінге тура келді. Артынша 1941-1945 жыл­дардағы ҰОС-ның зардабы мен зиянын да бастан өткерді. Осындай аса ауыр жылдары қазақтың қажырлы да қайсар ұлы Сақтапберген ағамыз ересектермен бірге еңбекке ерте араласып, есейді, ержетті. Қиындықтарға мойымай талантты тұлға, зейінді де зерделі азамат жоғары білім алып, қызметке араласты. Қандай қызмет атқармасын, ол өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарап, өте адал атқарды. Ағаның адамегершілік пен адалдық қасиетін, ақкөңіл әрі ақжарқын мінезін замандастары жыр етіп айтып отыратын.

1961 жыл. Бұрынғы Тереңөзек ауданына қарасты Қаракөл қой совхозына (қазіргі Қараөзек ауылы) елімізге белгілі бір топ ақын-жазушылар келді. Ақын Асқар Тоқмағамбетов бастаған жазушылар ауылдағы №39 Қызылөзек орта мектебінің оқытушыларымен және оқушыларымен кездесу мақсатында келіпті. Асқар ағамен бірге белгілі ақын-жазушылар: Сырбай Мәуленов, Сақтапберген Әлжіков, Қалмахан Әбдіқадыров болды. Жиналған топ алдында Асқар ағамыз оқушыларға ақын-жазушыларды таныстыра бас­тады.

Ақын аға:

– «Мың бір түн» хикаясын түр­лендіріп түлеткен, оны араб, парсы тілдерінен аударумен күні өткен жазушы әрі аудармашы ағаларың Қалмахан Әбдіқадыров. Ал мынау сары кісі өзі сары болғанымен сөзі дәрі, бұны біледі дөкейлердің бәрі, жазушы-сатирик, «Ара» жур­налының бас редакторы Сақтап­берген Әлжіков деген ағаларың болады. Мынау поэзия саласында дәуірі дүрілдеген, даусы машинаның моторындай гүрілдеген Сырбай Мәуленов, – деп оқушылар қауымын бір күлдіріп алды. Мен осы кездесудің куәсі болған едім.

Сақтапберген ағамыз республи­калық «Ара» журналының бас редак­торы болып біраз жыл еңбек етті. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген атам қазақ. Ол кезде шындыққа сүйеніп жазылған шынайы сынды басшылар да басқалар да барынша түсіністікпен қабылдап, артынша қоры­тынды шығаратын. Ең бастысы, кім болса да «Араның» назарына ілікпеу үшін барынша адал қызмет атқаратын еді. Бәрі де сын садағына ілінбеуге тырысып тіршілік ететін еді-ау. Журналдың бас редакторы болып Қалтай Мұхаметжанов ағамыз да қызмет атқарды. Кейін Көпен Әмірбекті басшылыққа алған еді. Әттеген-айы, қаржы мәселесі қол­байлау болып, журнал жа­былып қалды. Кезінде дәуірлеп тұр­ғанда «Ара», жемқорлық деген жоқ еді жұқпалы жара дейтін едік.

Иә, Сақтапберген сияқты ар­дақты азамат ағамыз халқының жадында мәңгі сақталады. Ағаның өскен және өткен өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге болып қала бермек.

Қазыбек Әшірбекұлы,

Қазақстан Жазушылар Одағына қарасты Қазақстан сықақшылары «Найзагер» қауымдастығының мүшесі,

жазушы-сатирик Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлденің екі мәрте иегері

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: