Сенбі, 23 қараша, 03:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Ахмет Байтұрсыновтың жиені Сыр өңіріне қалай келді?

03.05.2022

1296 0

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының немере қарындасы Ұлжан Қанапияқызының тұңғышы Манаш Өтегенқызы бүгінде Сыр өңірінде тұрады. Ұлжан әжеміз жұбайы Өтеген Исмайлұлы екеуі 1930 жылдар шамасында Сыр өңіріне қоныс аударған. Ахмет Байтұрсынов Өтеген ақсақалды жанына жақын тұтып, інісіндей қамқор болған деседі. Екеуі Омбы қаласындағы Приходская мектебінде бірге оқыған. Ол соңғы қамалуының алдында «қарындасым саған аманат» деп тапсырған көрінеді. Содан екеуі бас қосып, шаңырақ көтереді. Бүгінде олардан тараған ұрпақтары өсіп-өніп, бір қауым елге айналған.

Манаш Өтегенқызының айтуынша, бір күні Ахмет әкем Өтегенге «Большевиктер келіп, маған жақын жуықтың бәрін қудалап жатыр. Амалы келсе ағайынды жинап, Сыр өңіріне қоныс аударыңдар», – деп хат жазыпты. Содан бір түннің ішінде жаяу жалпылап, Сырдария бойына келіп жайғасып­пыз. Әрине, туған жерден, ағайыннан ажырап, елден жырақ кету үлкен қасірет. Мұнда келген соң біраз жатырқап жүрдік. Бірақ бізді бауырына тартып, өз көмектерін аямаған ағайынға ризамын. Әрине, ол кезде Ахметтің туысқаны екенімізді ешкімге айтқан жоқпыз. Бертін келе бәрі тынышталған соң там-тұмдап естіді, – дейді бізбен әңгімесінде.

Кеңестік жүйенің салқын саясаты сол кездері талай алаш арыстарына айтарлықтай зардабын тигізді. Жер аударылды, атылды, абақтыға жабылды. Сонда олар жеке басын күйттеп қудаланған жоқ. Қазақ ұлтының кемел келешегі жолында күресті. Басын бәйгеге тігіп, ұлты үшін жанын пида етті.

«Ахмет ағамды алғаш он жасымда көрдім. Кішікөлдің жағасындамыз, баламыз ғой таңертең көл жағасындағы қамысты қайырлардан қаздың жұмыртқасын жинаймыз. Арасында үйге жүгіріп келіп, шешемізге көмектескен болып жатамыз. Бір күні түс ауа ел іші шу ете қалмасы бар ма. «Ахмет келді, Ахмет ағам келді», – деп ауыл балалары үйді-үйге жар салып, сүйінші сұрасып мәз болып жүр. Сәлден кейін арбамен Ахмет келді. Үстінде аппақ кителі бар. Ауыл ортасындағы бір ақсақалдың үйіне келіп түсті. Үлкендер жағы үйге кіріп кетті де, ұзақ уақыт сонда болды. Менің есімде қалғаны үйден бір жеңгелеріміз шықты да бізге бір қаңылтыр қауашақтағы тәттілер таратты. Нағашымның сол жарқын бейнесі әлі күнге көз алдымда», – дейді асылдың сынығы өз сөзінде.

Манаш Өтегенқызы бүгінде тоқсанның төріне таяған қариа. Кезінде Ю.Гагарин атындағы мектеп-интернатында ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарып, содан зейнеткерлікке шыққан. Күміс алқа иегері, тыл ардагері.

Ал енді Ахмет Байтұрсыновтың Сыр өңірімен бай­ланысы жөніне тоқталып өтейік.

Ахметтанушы ғалымдардың сөзіне қа­рағанда оның өмір жолы мен еңбек жолына қа­тысты айтылатын деректер­де Ақмешітпен байла­нысы жайлы мәлімет көп кездесе бермейді. Дегенмен оның осы өлкемен ара­қа­тынасы бары тарих беттерінде сайрап тұр.

Ол Сыр елінің тумасы Мұстафа Шоқаймен мақ­сат­тас, мүдделес бол­ған. Сонымен қатар Ақмешітті Қы­зыл­орда еткен, ұлттың қазақ деген ресми атауын қай­тарған Сұлтанбек Қожановтың рухани ұс­тазы.

1925-1929 жылдары Қызылорда ел астанасы атан­ған кезде республикалық мерзімді басылымдар Сыр өңірінен жа­рық көрген. Сонда ұлт ұстазы газет-жур­налдарға ұлт руханиятына, ел ертеңіне қатысты мақалалар жариялап тұрды. Бір деректерде «Лениншіл жас», (қазіргі Жас Алаш) мүлдем жабылып қалмас үшін Ахмет Байтұрсыновтың кеңесімен «Еңбекші қазақтан» арнайы бет берілгені де айтылады. Ол 1910 жылы 9 наурызда Орынборға келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Ол осы қалада өзінің ең сенімді достары Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлымен бірігіп, жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды. Ұлт тағдырына өздерін жауапты сезінген Алаш қайраткерлері қазақ халқының мүддесін қорғауда аянбай еңбек етті. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды.

Мұхтар Әуезов «Ахмет Байтұрсынұлы ашқан қазақ мектебі, ұлт ұстазы түрлеген ана тілі, ұлт ұстаз сал­ған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал, «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер- білім, саясат жо­лындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі біледі. Бұның шындығына ешкім де дауласпайды», – десе, филология ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Сыздықова «Ахмет Байтұрсынұлы – біріншіден, қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авто­ры. Соңынан із салған жаңашыл ағартушы. Қазақ оқу­шыларының бірнеше буыны сауатын Байтұр­сын­ұлының әліп-биімен ашып, ана тілін Байтұр­сыновтың «Тіл құралы» арқылы оқып үйренді», – деп атап өтеді.

Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабек­ұлы «Алаш және әдебиет» атты еңбегінде Ахмет Байтұрсыновтың ағартушылық бағытындағы идеясын сөз етсе, «Алаш арқауы» деп аталатын кітабында ұлт ұстазының қай­раткерлік жолын руханиятпен сабақтастырады. Ол: «Ахмет – ең алдымен ағартушы. Ол поэзияда да, көсем­сөзде де, ғылым-ілімде де ағартушы», – дейді. Ға­лым­ның сөзін Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жыл­ғы 16 мамырда «Қазақ» газетіне шыққан «Қазақ оқу жайынан» атты мақаласымен байланыстыруға бо­лады. Ол: «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісінен бас­тауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ішіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқуменен түзеледі», – дейді.

Ақынның алғашқы кітабы «Қырық мысал» деген атаумен 1909 жылы жарық көрген. Ахмет Байтұрсын­ұлының жаңашыл бетбұрыстары қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастыруға жол салды. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп қазақ журналистикасының іргесі бекіп, қабырғасы қалануына ат­салысты. Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов сол кезеңдері ел шекарасына қатысты мәселені Қызылордада өткізген деген дерек айтылады. Тағы бір атап өтерлігі, ұлт ұстазының «Әліп Би» (Жаңа құрал) атты еңбегі 1926 жылы Қызылордада басылған. Бұл кітап осы күнге дейін жарық көрген басқа әліппелердің бастауы екенін атап өту керек. Ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Баяғы Байтұрсынов» атты архив деректеріне сүйеніп жазылған еңбегінде ұлт ұстазының 1929 жылдың 2 маусымында Қызылорда қаласында өтетін әдебиетшілер мен тілшілердің жиналысына шақырылып, сол жерде қа­мауға алынып, Алматының түрмесіне жөнелтілгені айтылады.

Бұл деректердің барлығы Байтұрсынов­тың Қызыл­орда­мен байланысы бар екенін айғақтап тұр.   

Ұлттың жоғын жоқтап, туған елі үшін бар ынта-ықыласымен еңбек еткен қайраткердің есімі ел жадынан өшпек емес. Теңіз түбіндегі маржан тастай оның өмір жолы әрқашан жарқырап тұрады. Ол сонысыменде құнды, қадірлі еді.

Сөз басында қозғаған ұлт ұстазының жиені Ұлжан Қанапияқызы мен Өтеген Исмайлұлы Сыр топырағында мәңгіге тыныстады. Асылдың сынығы болған біздің бүгінгі кейіпкеріміз Манаш Өтеген­қызының бойындағы байсалдылық пен биязылық тегінен тартқан тағылымы болса керек.   

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: