Жексенбі, 22 желтоқсан, 22:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ақын Шәмшия Жұбатованың өлеңдері

25.09.2021

1028 0

БІЗДІҢ ҮЙ

Ұядай үй күнге толды,

Ұядай үй гүлге толды.

Дәурені шат балалық пен

Шуылдаған үнге толды.

Ұядай үй таңға толды,

Ең бақытты жанға толды.

Жапырақтар қаулап өсіп,

Шуақ сәуле маңға толды.

Өбектейді анашымыз,

Анашымыз-панашымыз.

Бір – бірімен тату болған

Біз бір үйдің баласымыз.

Киім таза, үй де таза,

Домбырада күй де таза.

Дәптер таза, кітап таза,

Шаймен жеген жиде таза.

Армандаймыз қия-шыңды,

Жан сарайы жиі ашылды.

Балапандар жетілетін

Бұл біздің үй ұя сынды.

ГҮЛ

Анам екті бір гүлді,

Әкем екті бір гүлді.

Күні бойы екеуі

Гүлдің жәйін жыр қылды.

-Мынау әйел бақыты,

-Мынау еркек бақыты.

…Құмыраның көз тартты

Жиектелген жақұты.

Бұған тағар сын бар ма?

Құлақ керек тыңдарға.

-Балалардың бақыты

дейтін тағы гүл бар ма?

Дауыстары қосылып

-Жоқ!-деді олар тосылып.

Айтқандары рас қой,

ал менікі бос үміт.

Бақыттымын гүлсіз де,

Түсінікті бұл сізге.

Сыйлай алам қуаныш,

Тіл бітірем үнсізге.

Мен өзім де гүлмін ғой,

Кең маңдайлы ұлмын ғой.

Ата-анамның үйіне

Бақыт туын ілдім ғой.

Анам – жауын,

Жауады.

Әкем – күннің шуағы.

Екі бақыт қосылып,

Мендей бала туады.

ТАЗАЛЫҚТЫ ҰНАТАМ

Жарқырайды гүл Отан,

Жадырайды бұла таң.

Өзім аппақ болғасын

Тазалықты ұнатам.

Жуып жүрем бетімді,

Тарап қоям кекілді.

Мен жинаған бөлме де

Құс ұясы секілді.

Ауа таза, ел таза,

Соғып өткен жел таза.

Толқыны көп көл таза,

Сен де таза, мен таза.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: