Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Мен сені ешкімге бермеймін

17.04.2021

2594 0

Болат телефонның шырылдаған даусынан оянып кетті. Түнгі сағат 2-де шалынған қоңырауды не аларын, не алмасын білмей, ары-бері ойланып, қайтадан бас жағына тастай салды. Кімнің қоңырау шалғанын қараған да жоқ. Көп ұзамай ұялы телефон қайта безілдеп қоя берді. Қанша жерден көңілге қонымды әуен ойнап тұрғанмен, шырт ұйқысын бұзғысы келмеді. Көтермесе үйдегілер «осы сенің телефоның-ақ шырылдай бе­реді екен» деп ұрса ма деген оймен кімнің қоңырау шалғанын көрді. Сөйтсе, өзінің бала кезден бері екі елі ажырамас досы Ғалым болып шықты.

– Ай, түннің жарымында мынаныкі жайшылық па? Алмасам болмас. Алло!

– Бәле, саған, – деген дауыс естілді. Әдетте Ғалым ашуланғанда осылай сөйлейтін.

– Ой, соншалықты бәле дейтіндей не боп қалды?

–  Бағанадан бері неге алмайсың?

– Қай уақытта қоңырау шалып тұрғаныңды білесің бе?

– Білем!

– Не үшін қоңырау шалып тұрсың?

– Көп сөйлей бермей тыңда. Тоғжанды алып қашып кетіпті.

– Немене? Кім? Қашан?

– Түнде. Көрші Жаңақорғанның жігіттері.

 – Мен онымен кеше ғана сөйлестім ғой. Маған ештеңе айтқан жоқ еді.

– Жаңа ғана Жансая хабарласты.

Жансаяның атын естіген кезде Болат ділгіріп сөйлей алмады. Тек «Жа-Жа-Жансая» деді кекештене. Бағаналы бері Ғалым дәуде болса ойнап тұрған шығар деп ойлаған. Ал Жансаяның жөні бір бөлек. Өйткені, ол ешқашан ешкімнің сезімімен ой­нап, әзілге айналдырған емес. Бұлар бір-бірін мектептен біледі. Болат пен Тоғжанның махаббаты сол кезден басталған. Баста жақсы доспыз деп жүретін. Бірақ жыл өткен сайын, сыныптан-сыныпқа көшкен сайын екеуінің достықтары шынайы ма­хаббатқа айналды. Мектеп бітіретін кезде Шиелінің көшелерін жиі аралап, түнделетіп көп қыдыруды шығарды. Тоғжанның анасы Айман бұл жайды әкесі Жаңбырбекке білдірмеудің бар­лық амалын жасады. Не керек, бұл екеуін Абай мен Тоғжанға теңеушілер көбейді. Тіпті, өздері де бір-біріне Абайдың өлеңі арқылы үн қататынды әдетке айналдырды. Болат

«Айттым сәлем, Қаламқас,

Саған құрбан мал мен бас…»

деп сәлемдеме хат жолдаса Тоғжан одан асып түсетін. Оның

«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да.

Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да» – деп Абайдың өлеңімен жауап қатқанын көргенде шексіз сүйетінін, екеуі бір-бірінсіз тұра алмайтынын білген. Екі ғашық серттесіп, мәңгі бірге болмаққа бел буады.

Тоғжанмен бірге болған шақтары қас-қағым сәтте көз алдынан кино­лентадай жүріп өткен Болатты теле­фонның арғы жағындағы – Алло, ей, сен ұйықтап қалғаннан саумысың? – деген Ғалымның даусы ғана елітті.

– Кешір досым… Ойланып кетіппін…

Тағы да үн жоқ.

– Ей, сен тіліңді жұтып қойған адамдай неге үндемей қала бересің? Енді не істейміз? Ары қарай не бо­лады, – деген досының сөзі Болатты ойдың жетегінен алып шықты.

– Не болғаны қалай? Қазір барамын да алып келемін. Үйдегілерге келін түсіремін деп айтамын да өзімнің Тоғжанымды әкелемін.

– Бағанадан бері сөйтпейсің бе? Сен ешқайда шықпа. Мен Жансаяға айтып қойғанмын. Қазір екеуміз саған барамыз. Сен дайын отыр.

 – Жарайды.

***

Шиелі мен Жаңақорғанның ара­сына жарты сағаттан аса жол жүресің. Әрі кетсе 40-50 минуттың ішінде жетуге болады. Ғалымның тізгіндеп келе жатқан «Audi» деп аталатын шетелдік көлігі шамасы жеткенше зырғуда. Жол-жөнекей Жансая мен Ғалым тоқтамастан әңгіме айтып, Болат пен Тоғжанның махаббатын сөз етумен болды. Ал Болаттың өзі болса қалың ойдың жетегіне кеткен.

Көз алды тұманданып арасынан Тоғжаны шыға келетіндей сезімде отыр. Дәл мұндай жайды мектеп бітірген соң екеуі екі қалаға оқуға түскенде басынан өткергені бар еді. Ол кезде Болат Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетіне оқуға түсті. Ал Тоғжан болса Алматыға қыздар оқитын педа­гогикалық институтқа барған. Екеуі телефон арқылы күнде сөйлесетін. Бір күн қоңырау шалмай қалса, Тоғжан Болатқа кәдімгідей өкпелейтін. Ақы­ры қысқы демалыс та келді-ау, әй­теуір. Осы сәтті әбден күткен Болат Тоғжанды қарсы алуға темір жол вокзалына аттанды. Қасында Мұхтар мен Нұркен атты сыныптас достары бар. Болаттың шыдамы таусылып барады. «Алматы-Ақтөбе» пойызының қай жолға тоқтайтынын білгісі келіп анықтама бюросына барды.

– Кешіріңіз, «Алматы-Ақтөбе» пойызы уақытылы келе ме?

– Иә, жарты сағаттан кейін осында болады.

– Нешінші жолға келеді?

– Қай жолға қабылданатынын пойыз келер кезде хабарлаймыз.

«Пойыз жарты сағаттан кейін келеді» деген хабар Болаттың көңілін жұбатты. «Жарты сағат. Жарты сағат» деп ары-бері жүрумен болды.

– Болат жүре бермей бір орында отырсайшы, – дейді Мұхтар.

– Ей, сен де қызықсың. Сүйген ғашығы келе жатқанда ол қалай отырады? – деп Нұркен күлді әзілдеп. Болат өз-өзін ұстай алмай:

– Өй, мен сендерді жанашыр дос­тарым деп ертіп келсем. Сендер мені мазақ қылуға көштіңдер ме? – деді өкпелеп. Сөйтіп тұрғанда «Құрметті жолаушылар! «Алматы-Ақтөбе» пойызы бірінші жолға қабылданады» деген дауыс естілді.

– Нешінші вагон еді?

– Сегізінші.

– Онда орта тұсы екен ғой.

– Өзім де солай деп жобалап тұрмын.

Осылай сөйлесіп келе жатқан Болат пен Мұхтардың әңгімесін Нұркен бұзды.

«Пойыз келер ағылып,

15 вагон тағылып.

Сол пойыздың ішінде,

Тоғжан отыр Болатын сағынып» – деп әндетіп қояды.

– Әй, Нұркен, сен ақын болып кетіпсің ғой, – деді Мұхтар.

– Жігіттер, әне, әне сегізінші ва­гон – деп Болат тұра ұмтылды.

– Шіркін, ғашықтық деген қойсын ба? – деп достары артынан ерді.

Қыстың көзі қырау болғанмен күн сәулеленіп, айналасына нұрын шашып-ақ тұр. Алайда, Болаттың көз алды тұманданып кеткендей ештеңе көрмей келеді. Сол қалың тұманның арасынан Тоғжан шыға келгенде айнала жап-жарық болғандай күй кешті. Қос мұңлық бір-бірін сағынып қалған екен. Болат Тоғжанды көргенде шыдай алмай құшақтап алды. Тоғжанның көзінен мөлт-мөлт етіп, жас төгілуде. Бұл қуаныштың, сағыныштың жасы еді.

– Келдің-ау әйтеуір.

– Келдім, келдім.

– Өзіңді қатты сағындым.

– Мен де сені сағындым.

 Екі ғашық қысқы демалыстағы уақыттарын бірге қызықты өткізді. Шиелінің көшелерін аралап, мей­рамханалар мен дәмханаларға да соғып тұрды. Екеуі қосыла қалғанда ғашықтар жайлы ән шырқайтын. Әсі­ресе, Досымжан Таңатаров орын­дайтын:

«Біз екеуміз, біз екеуміз,

Қауыз жарған гүл екенбіз» деп келетін әнін жиі айтатын. Болат сөзіне сәл өзгеріс енгізіп:

«Біз екеуміз, біз екеуміз,

Үйленетін жұп екенбіз» – деп айтқанды ұнататын.

Махаббаттың қызығымен жүр­ген­де демалыстың қалай өткенін аңғар­май қалды. Екі ғашық бір-бірін қимай, әрең қоштасты. Тоғжаннан бөлек жүре алмайтынын түсінген  Болат ақыры алғашқы семестрден кейін Алматыға ауысты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына барды. Өзінің ауысқанын Тоғжанға айтпай, тосын сый жасады.

– Тоғжан! – деді оны ЖенПИ-дің жатақханасының алдынан тосып. Мұндай тосын сыйды күтпеген Тоғжан: – Әй, сен қайдан жүрсің, – деді қуанып.

– Мен Алматыға ауыстым. КазГУ-де оқитын болдым.

– Шынымен бе? Өзіңді қатты са­ғынып жүр едім дұрыс болды ғой.

– Мен де сені көрмесем тұра алмайтынымды сездім.

– Мен қазір, заттарымды ішке қоямын да шығамын. 

– Жарайды.

Осы сәттен бастап екеуі бұрын­ғыдан да жақынырақ бола бастады. Қос ғашық студенттік шақты да бірге өткізді. Тіпті, оқуды бітірген соң да байланыстары үзілмеді. Шиеліге келіп, екеуі екі мектепке жұмысқа орналасты. Енді ғана үйленеміз бе деп жүргенде Тоғжанды алып қа­шып кеткенін қарамайсың ба? Бәрі ана мектептегі әріптесі Айгүлдің жасап жүргені. Сыртынан ағасына көрсетіпті.

Қалың ойдың жетегінде келе жат­қан Болатты Жансая әзер дегенде өзіне қаратты.

– Әй, Мәжнүн. Не болды саған. Оны түнде алып қашқан. Арасын көп ұзатпай артынан бара жатырмыз  ғой.

– Саспа досым. Мен Нұркен мен Мұхтарға да хабар бергенмін. Артымыздан келіп қалар, – деді Ғалым Жансаяның артынша. Сол-ақ екен Ғалымның телефонына жан біткендей дыр-дыр етті де қойды.

– Бағана мазаны алмасын деп виб­рацияға қойған едім. Әне, айттым ғой. Аузымды жимай жатып Мұхтар қоңырау шалды. Алло!

– Алло, сендер қай жерде­сіңдер?

– Төменарықтан асып барамыз.

– Біз Сығанақтан енді өттік. Жаңа­қорғанға кіре берісте күтіңдер. Бірге барайық.

– Мақұл, күтеміз!

***

Тоғжанды іздеген достары екі машинамен Жаңақорғанға кіріп кел­ді. Жансая қайта-қайта Тоғжанға қоңырау шалумен әлек.

– Не болды, барды ма? – деді тағатсызданған Болат.

– Өшірулі. Қанша қоңырау шал­сам да ала алмай келемін. Оның телефонын алып қойған шығар, – деген Жансая – Айтпақшы, менде әлгі Айгүлдің нөмірі бар ғой, – деді.

– Ол сенің қоңырауыңа жауап берер ме екен?

– Сенің телефон шалғаныңды көріп, күдіктеніп жүрмесін.

– Соны айтам, – деп Болат пен Ғалым күбірлесе кетті.

– Әй, мен де ақымақ емеспін ғой. Қыз жолдас болуға келе жатырмын демеймін бе – деді Жансая.

– Табыла кеткен ақыл. Осы дұ­рыс, – деді Ғалым.

Жансаяның қоңырауын Айгүл бірден көтерді.

– Алло, Айгүл, бұл мен ғой Жансая – деді бір нәрсеге шаттанып отырғандай.

– Иә, Жансая, тыңдап тұрмын.

– Біздің қызды алып кетіпсіңдер ғой. Мен естіген бойда қыз жолдас болуға келе жатырмын.

– Ой, Жансая, дұрыс болды ғой. Әйтпесе, мына Тоғжан әлі көнер емес.

– Ештеңе етпейді. Барғаннан кейін екеуміз екі жақтап көндіреміз. Мекен жайларың қалай еді?

– Сендер қазір қайдасыңдар?

– Жаңақорғандамыз.

– Үйдегілер қуғыншыларды ме­шіттің алдынан күтіп алуға кеткен. Сендер де сонда барыңдар. Бәрің бірге келесіңдер.

– Түсіндім.

Әңгіменің ауанын аңғарған Ғалым тіке Жаңақорғандағы «Алты ата» мешітіне тартты. Бұлармен қабаттасып Тоғжанның үйіндегілер де келді. Айгүлдің үйіндегілер «қу­ғыншыларды үш машинамен келген бе?» деп бар­лығын үйлеріне ертіп апарды.

– Құдалар, кіріңіздер. Төрге шы­ғыңыздар, – деп жатқанда Болат бірден Тоғжан отырған бөлмеге кіріп келді.

– Әй, мынаның жігіті кепті ғой. Қайда қарап жүрсіңдер, – деп Айгүл айқайға басты.

– Кәні?

– Қайсысы?

– Кім шақырды оны? – деп үйдегілер абыр-сабыр боп жатқанда Ғалым бастаған басқа жігіттер де сау ете қалды. Қараса Болат пен Тоғжан құшақтасып тұр екен. Екеуінің де көздерінен жас тоқтар емес. Болат: – Тоғжан, мен сені ешкімге бермеймін. Мен сені ешкімге бермеймін, – деген сөзді қайталай берді, қайталай берді.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: