Әдеби талдау мен тұлғатану – оқырман мен автор арасындағы байланысты нығайтуға, қос тарап үшін де жаңа таным көкжиегін ашуға бағытталған ерекше сала. Бұл орайда әлем әдеби кеңістігінде антикалық дәуірден бүгінгі заман аралығына дейін шығармалар мен авторлары төңірегінде том-том еңбек жазылып, өз алдына дербес ғылым есебінде өз орнын алған. Тіпті орыс әдебиетінің алыптары Ф.Достоевский мен Л.Толстойдың шығармасынан бөлек, олардың өмір дағдысын арқау еткен зерттеу еңбектер көптеп саналады. Қазақ үшін де ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығын, танымы мен парасатын терең зерделеу, талдау бойынша тың ізденіске бару – күн тәртібінен түспеген мәселе. Осы орайда, филолог-ғалым, түркітанушы, ақын Серікбай Қосанмен Абай мұрасы төңірегінде сұқбаттасудың сәті түсті. Ақын шығармашылығын зерттеу бағытындағы ғылыми үдерістер мен Абайдың төл қолжазбаларының тарихы турасындағы әңгімеден ғалымның әдеби жәдігерлерге деген ерекше ықтияттығы мен жауапкершілігін сезгендей болдық.
– Сізді көпшілік ғалым, әдебиетші есебінде таниды. Көне әдеби жәдігерлерді қазақ тіліне аударудағы еңбегіңіз де белгілі. Ғылым жолына қалай келдіңіз?
– 1991 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың шығыстану факультетін қазақ тілі мен әдебиеті және араб тілінің оқытушысы мамандығы бойынша бітірген соң біраз ойланып жүріп, ақырында ғылым жолына түсуге бел байладым. 1998 жылы ҚР БҒМ Ғылым комитеті М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Қолжазба және текстология» бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып қабылдандым. Осында жұмыс істеп жүріп, «Базар жырау Оңдасұлының әдеби мұрасы: ақындық дәстүр, жанр, поэтика» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. 2006 жылдан бастап «Қолжазба және электронды жүйелеу» бөлімінің меңгерушісі, институттың бас ғылыми қызметкері болып қызмет ет¬¬тім. Одан кейін «Ежелгі және орта ға¬сыр әдебиеті» бөлімінде жетекшілік жасай жүріп, «Балқы Базар жырау», «Көне түркі әдебиетінің типологиясы», «Ежелгі әдебиетті зерттеу мәселелері», «Жы¬раулар поэзиясындағы тәуелсіздік сарын¬дары», «Ұлттық ояну дәуіріндегі Еура¬зия түркілері: әдеби-мәдени сұхбат (ХІХ-ХХ ғғ.)» атты бірқатар ғылыми-монографиялық еңбектердің авторы және жауапты редакторы болдым. Сондай-ақ, ортағасырлық түркі мә¬де¬ние¬тінің көрнекті әдеби мұралары – «Нәхдж-ул фарадис» («Жұмақтың даңғыл жолы») және «Тәзкире-и Бұғра хан» (Сұлтан Сатұқ Бура хан ғазының шежіресі) қолжазба кітабын көне түр¬кі тілінен тәржімалаумен тікелей шұғыл¬дандым.
– Ал, Абай мұраларына деген қызығушылығыңыз қай кезде басталды?
– Әдебиет институтына барғанымда алғаш Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы көшірген 1910 жылғы қолжазба жинағы қолыма түсті. Сол кезден бастап Абай өлеңдері мен қара сөздерінің текстологиясына қызығушылығым оянды. Алғаш ақынның ең көлемді 38-қара сөзіне талдау жасауға талпыныс жасадым. Зерттеу мақалам 2000 жылдың 14 қаңтар күні «Қазақ әдебиеті» газетінің айқара бетінде «Кітап тасдиқ» және оның текстологиясы немесе абайтанушылар неден қателесті» деген атаумен жарияланды. Бір тәуірі, қоғамда, зиялы қауым ортасында едәуір резонанс тудырып, ғалымдар тарапынан оң пікірге ие болды. Алғашқы Абай мұраларымен ғылыми тұрғыда шұғылдануым осы кезден басталды.
– Бүгінде Абай өлеңдеріне мәтінтану тұрғысынан толық талдау жасалды деп санауға бола ма?
– Олай айтуға әлі ерте. Бүгінге дейін Абай шығармаларына толық тектологиялық талдау бола қойған жоқ. Ол оңай дүние емес. Көп тер төгу мен шұқшия еңбектенуді қажетсінетін күрделі жұмыс. Абай шығармаларының тектологиясын зерттейтін ғалымға шығыс тілдерін жетік меңгеруі, қолжазба оқудағы тәжірибесіне қоса, шығарманың көркемдік деңгейіне ой жүгіртетіндей ақындық қабілеті болуы шарт. Осы білім-білік толық бойында бар адам ғана бұл міндетті абыройлы атқара алады. Текстология – қазақ әдебиеттануындағы кенжелеу дамыған сала. Бұған дейін Абай шығармаларының мәтіндерін зерттеу бағытында Қайым Мұхаметханов, Ханғали Сүйіншалиев секілді санаулы ғалымдар хал-қадерінше еңбек етті. Алайда, ол уақытта ғылымның даму деңгейі әлі де төмен болатын әрі ғалымдардың қолында ақын қолжазбаларының барлық нұсқалары түгелдене қойған жоқ. Бір жақсысы, қазір Абайға қатысты қолжазбаның бәрі дерлік жинақталған, іздеген ғалымға олардың электронды нұсқалары қолжетімді. Яғни, зерттеймін деген талапкерлерге барлық мүмкіндік бар. Шынымен ниеттеніп қолға алған зерттеуші 2-3 жылда өнімді нәтижеге жетуі мүмкін. Сонымен қатар, баспа көрмеген, Абайға қатысты әңгіме-аңыздар да көп. Барлығын жинақтап академиялық жинақ шығарса, ақын мұрасын мұрасын толықтыруға деген игі қадам болары сөзсіз. Бұған дейін 1995 жылы толық жинағын шығарылды. Бірақ, сол жинақтың өзіне Абайдың кейбір өлеңдері мен ғылыми қауымға таныс кейбір еңбектері және эпистолярлық жанрдағы дүниелері енбеген.
–Абайдың «Жаңа закон» деген өлеңі турасында көп әңгіме айтылады. Соған тоқтала кетсеңіз?..
– 2007 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бабалар сөзі» қазақ фольклорының 100 томдық сериясын баспаға әзірлеумен айналысты. Ол тұста мен институттың Қолжазба және текстология бөлімін басқардым. Кезекті 53-ші және 54-томдарға енетін «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының екі томына қажетті қолжазба мәтіндерді жинақтап, жүйелеумен айналысамыз. Осы томдардың жауапты редакторымын әрі құрастырушылардың бірімін. Институт ғимаратына күрделі жөндеу жүріп жатқан соң академик-жазушы М.Әуезовтің музей-үйінің екі бөлмесін уақытша паналап отырғанбыз. Сондай қарбалас күндердің бірінде кабинетке астаналық журналист Тортай Сәдуақасов бас сұқты. Ол кісіні бұрын көрмеген едім. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін ағамыз маған 70-жылдары институт жігіттерінің бірінен алған ескі қолжазбаны қайтарғысы келетінін жеткізді. Фотокөшірмені асықпай оқып қарасам, 1-бетінде – «Жаңа закон», 3-беттен әрі қарай – «Қозы Көрпеш – Баян қыз» жыры. Аталған жәдігер 1959 жылы Омск қаласындағы мемлекеттік архив қорынан табылған екен. Қолжазбада Әлкей Марғұланның қолы бар. Сол жылдары академик өлеңнің Абайға тиесілі екенін айтып, газет-журналға мақала да жазған. Бірақ сол уақытта атақты ғалым өзінің Абай қолжазбаларына байланысты көзқарастарымен Мұқаңды иландыра алмаған көрінеді. Кейіннен Әлекеңнің қолжазбасы басқа кісілердің қолына түсіп, бұл тақырып біраз уақыт ұмыт қалған. Енді мен де өз тарапымнан қолжазбаны зерттей бастадым. Алдымен, «Жаңа закон» мен «Қозы Көрпеш – Баян қыз» поэмасын қадім араб харпінен қазіргі әліпбиімізге көшірдім.
Абайдың 1933 жылғы жинағына М.Әуезов тауып, өз қолымен әзірлеп енгізген «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты мақаласы – ақыннан қалған жалғыз қолтаңба ретінде саналады. Зерттеу барысында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасының мәтіні, мазмұны мен каллиграфия үлгісін Абайдың аталған мақаласымен мұқият салыстырдым. Нәтижесінде, үшбу қолжазбаның көшірмесі мен Әлекең айтып кеткен «Қозы Көрпеш – Баян қыз» нұсқасының бір қолдан жазылған төл туындылар екендігі мәлім болды (поэма Абай нұсқасында осылай аталған). Әйтсе де, ол тұста «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» эпосының «Абай нұсқасы» дегенге абайтанушы ғалымдарымыз тағы да сенімсіздік танытты. Сол себепті, «Бабалар сөзі» көптомдығына «Потанин нұсқасы» деп енгізілді. Менің жазған ғылыми түсініктемем қысқартылып, біраз өзгертуге тура келді. 2015 жылы ақынның 170 жылдық мерейтойында Семей қаласында бас қосқан абайтанушы ғалымдар алдында аталмыш қолжазба туралы баяндама жасадым. Кейіннен ол еңбегім Абай мерейтойына орай жарық көрген ғылыми конференция жинағында, республикалық «Абай» әдеби журналында және өткен жылы 4-қарашада «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Ешкім қарсы пікір білдірген жоқ. Жалпы, «Қозы Көрпеш – Баян қыздың» мазмұнында да Абай өлеңдерімен үндес, тіпті қайталанып келетін тұстары аз емес.
Ал, Абайдың «Жаңа закон» атты өлеңіне қатысты ғалымдар арасында сан қилы пікір қалыптасты. Ғылымда пікірталас болуы заңды құбылыс. Себебі, «Жаңа закон» өлеңінің көркемдік жағынан осал тұстары көп. Образдары жетіспей жататын бөліктері де бар. Бірақ, ұйқасында, мәнінде, мағынасында ешқандай кемшілік жоқ. Менің жеке пікірімше, бұл туындының Абайдың төл мұрасы екені даусыз.
– «Жаңа закон» өлеңініңАбайға тиесілі екеніне ғылыми негіздеме бар ма?
– Сұрағың орынды. Әрине, негіз бар. Аталмыш қолжазба 1884 жылы хатқа түскен. Ал, Абайдың алғашқы өлеңдері баспасөз бетінде 1886 жылы жарияланған. Ол кезде дейін ел билігіне белсене араласқан ақын өлеңге дендеп кіріспегені де мәлім. Бұл шығарманы 1870 жылдары 25 жас шамасында жазған. Өлеңде орысша сөздер көп кездеседі. Абайдың кейінгі өлеңдеріндегідей «судья», «закон», «тергеу», жалованье, «ойшылдар» секілді орыс тіліндегі, өзге қазақ ақындарда кездесе бермейтін әлеумет, қоғам, сот саласының терминдерін еркін қолданады. Екі қолжазбаның да оң жақ шекесіне жыл, ай, күн мерзімдері орыс үлгісінде жазылған. Мысалы: «1884 года, 21-го числа марта» дегендей. Ол жылдары мұндай жазу стилі, әлгіндей орыс сөздері қазақ ақындарында жоқтың қасы болатын. Тағы бір мысал: архивте 1882 жылы хатқа түскен Семейдегі статистикалық комитеттің хаты сақталған. Онда Семей өңірінен қазақ ертегілерін жинауға адам керектігі айтылған және «бұл міндетті атқара алатын орысша-қазақшаға жетік Ибрагим Өскенбаев» деген дерек те берілген. 1884 жылы Абай «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасын статистикалық комитет бастығы И.Коншинге, ол болса қолжазбаны Омскідегі қазақ фольклорын жинаушы орыс ғалымы Г.Потанинге жіберген. Өлеңнің бірқатар үзінділері ақынның 3-ші және 25-ші қара сөздерін қайталауымен назар аударады. Сондықтан, «Жаңа закон» өлеңі Абайдыкі деп айтуға негіз бар.
– Алдағы уақытта аталған еңбектерді әрмен қарай зерттеу, насихаттау бағытындағы жоспарыңызбен бөліссеңіз.
– Алдағы мақсатым – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының Абай нұсқасын және «Жаңа Закон» өлеңін факсимилесімен жеке кітап етіп шығару. Жинақта ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты өзге де бағыттар қарастырылуы мүмкін. Ойымша, жұртшылыққа Абай мұрасын таныстыру, насихаттау бағытында тың бастама болады-ау деген үміт басым.
– Әңгімеңізге рақмет!
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!