Сейсенбі, 16 сәуiр, 23:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Кірпілі сөздің иесі

21.09.2021

791 0

Әдетте адамзат бойындағы біз байқай бермейтін келеңсіздік пен кемшілікті, мінез бен мінді, әдет пен қылықты ақыл көзімен көруге қауқарлы жан бірен-саран. Әсіресе, сондай санаулының көргенді көңіл таразысымен екшеп, қоғамға жеткізе білуі уысқа түсе бермес ұлы өнерге баланады. Әрі бұл өнердің сан салалы сатира, ойлы оспаққа қатысы болса, айтар сөз тіпті бөлек. Бүгінгі әңгімеге арқау болған Сыр бойы сатирасының саңлағы сұңғыла ойлы ақын-сықақшы, ақеден көңіл Қазыбек Әшірбекұлының шығармашылығы да көңіл түкпіріндегі тінді тарқатар құнды қабілетке ие.

Қаламгер шығармашылығымен алғаш танысқан оқырман қоғамдағы әлеуметтік үрдіс пен адам мінез-құлқын ақынның негізгі нысана етіп алғанын бірден аңғарары анық. Себебі әзіл әлемінде 30 жылға жуық қалам тербеген сықақшы ойға түйген түйіткілді мәселені, кездестірген кемшілікті өлең өрнегімен жеткізуге бұрыннан машықтанған. Шындықты айтуды айғайлау, кемшілікті көрсетуді күндеу деп түсінетін қоғамда шынайы сынның табылуы қиынның қиыны. Қазыбек Әшірбекұлының олқылықты көрсетуде төтеден салмай, тұспалмен ұштастыруға әуестігінің сыры да осы дұрыс сынға лайықты шығарма жазуға құлшынысында жатса керек.

Мысалы, ақын «Адам мен ақша» атты өлеңінде:

«Ақша – адамның ажары,

Банк оның базары…

Нарықта бар халықтың

Несиеге ауған назары..», – деп, несиеге байлаулы қоғамның бір ауруын тұщымды төрттағанмен сипап өтсе, енді бірде:

«Көріпкелдің «көрісі» көбейіп,

Емшілердің өрісі кеңейіп,

Қарақұрттай қаптап кетті…

Діндарлар тым «данышпан» болып,

Дінбұзарлар ту алыстан келіп,

Сұмдықты ішіне сақтап кепті.

Көріпкелге сенетіндер көбеюде,

Дінбұзарға еретіндер көбеюде», – деп, сөз-сойылмен төпеп алады.

Бір таңқаларлығы, ақынның өткен ғасырда жазған қай шығармасы болсын, бүгінгі адамның психологиясы, ойлау дағдысымен дәлме-дәл келе қалады. Мәселен, сықақшының «Сатқындық», «Қорқаудың түрлері», «Кімге не қымбат?» атты өлеңдерінде адамның билікті сақтап қалуға жасаған пендешілігі суреттелген. Ондағы бейнеленген оғаш қылық, олқы сәт қазіргі таңға дейін өзегін жоғалтпаған адам міні болып жалғасып келеді. Бұл бір жағы ақынның өміршең тақырыпқа ұмтылғанын білдірсе, екінші тұсы қанша уақыт өтсе де адам бойындағы кемшіліктің бірге жасап жүргенін білдіргендей ме? Ақынның өзі айтпақшы, бұл да «қызық бір кезеңнің» жалғасы болар, бәлкім…

Сатириктер арасында жазу мәнерімен ерекшеленетін Қазыбек Әшірбекұлы мәселені сынаумен шектелмей, шешу жолын да қоса ұсына білген. Әсіресе, парақорлық пен дүниеқоңыздық кемел келешекке кедергі келтіретінін шебер жеткізіп, құтылудың тура жолы ар-ұят дегенге жетелейді. Ішкі жан дүниесі таза, көңіл көзі ояу жанның бейәдеп іске бармасын мысал етеді. Ал тоғышарлықты түп тамырымен жою үшін ар-намыстың биік болуы абзал екенін де ұран еткен. Ақынды жақын танитын азамат-тардың бәрі қаламгердің осы айтылған құндылықтарды жалған айтпағанын, Қазыбек Әшірбекұлының да ойы азат, көңілі кіршіксіз жан екенін аузынан тастамай келеді. Ақынмен жолыққан әрбір оқырман мұндай құрметтің мән-маңызын, бағалау сөзінің жалған емесін жазбай таныры анық.

Қаламгер айтудың жөні осы екен деп, дүрсе қоя жалаң ұранға бой алдырмайды. Керісінше, жемқорлық, парақорлық секілді әрекетті әзілді бізбен түйрей түседі:

«Трә-лә-ләм, Трә-лә-ләм!

Потихонько пара алам…

Мені періште дедің бе?!

Без жүз мың бер кемінде!

Кім тындырар бұл күні,

Тірлігіңді тегінге», – деп тамыр жайған дерттің бет-бейнесін ашуға тырысады. Кейде жоқ пен бардың парқын білмегенге де өз ренішін өлеңмен жеткізуге құлшынған:

«БАР түкірсе мол болар,

Бірақ түкіруі қиын.

ЖОҚ түкірсе нөл болар,

Болғанмен құны «тиын».

Сұңғыла сатирик өмірдің одағай жақтарын ғана суреттеді десек, қате болар. Ақын ауыл адамдарының мінез-құлқы, қыз бен жігіт өмірі секілді сан алуан тақырыпқа да мойын бұрды. Ол аз десеңіз, қоғамдағы келеңсіздік ғана емес, әлеуметтік кемшілік, отбасындағы олқылықтарды да Қ.Әшірбекұлының шығармашылығынан табуға болады. Отбасындағы кикілжің себебі, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасының қалтарыс-бұлтарысын терең иірімдер арқылы қалжыңға сүйеп, суреттей алған. Әдетте күнделікті кездесетін көзқарас қайшылығы да сырт қалмайды. Мысалы, «Әйелсіз күнің жоқ» деген өлеңде:

«Бәрімізді бас салады,

Бағынбасаң, бас салады.

«Тентек» болсаң, тілмен тек,

Байқамасаң бас «жарады».

Басқа еш міні жоқ,

Тіліне тыным жоқ…

Қалай десек те,

Әйелсіз күнің жоқ», – деген әзіл-шыны аралас ой қорытса, «Он алты еркек» атты шығармада:

«Қажет пе, миыңа осы молотушка?!

Нарықта надо думать «немнушка».

Жағдайы жанұяның жауыр кезде,

Жаным-ау, зачем керек молодушка?!» –

деу арқылы әлеуметтік мәселені сәтті көтереді.

Жалпы, сатириктің мұндай ұтымды кірпілі мысалдары – өткен жолдың жалғасы. Неге десеңіз, ақын өзіне дейінгі алдыңғы буын сықақшы ақындардың шығармашылығынан нәр алып, оны өз болмысымен тоғыстыра қайта жырлауға құлшынған. Тіпті ол бір сөзінде: «Менің мұғалімім – кітап пен газет-жорнал. Содан кейін – Асқар Тоқмағамбетов» деді. Осыдан-ақ Қазыбек Әшірбекұлының қоржынындағы әзіл-қалжыңның басым дені Сыр бойы ақындарының озық оспақтарының лайықты жалғасы десек, артық емес. Әсіресе, Асқар ақынның өлеңдерімен өзектес, мысалдармен мазмұндас болуға талпынып, бой түзеуге талпынады. Осы мақсатта Сыр бойының саңлақ сатиригі А.Тоқмағамбетовтың ізімен «Дейді екен…» атты әзіл өлеңі де жарыққа шыққан. Кезінде өңірдегі газдандыру жүйесін сынауда дәл осы Асқар ақынның сүрлеуімен жеткізуде біршама оқырманға ой салған еді:

«Көгілдір отын «Құмкөлде»,

Толып жатыр дейді екен.

Бейберекет сол жерде

Болып жатыр дейді екен.

Көгілдір отын қалаға

Қашан келеді дейді екен?

Босқа жанбай далада,

Қашан береді дейді екен?…» – деп сол тұста маңызды мәселеге үн қатыпты.

P.S. Қазыбек Әшірбекұлының әзілі – арзан юмор, бос күлкінің ізі емес, салмақты ой, салалы пікірдің белгісі. Оның қаламынан туған қалжың-әзіл қоғамдағы талай қойыртпақ мәселенің қалыпқа түсуіне түрткі болып, оқырманның іздеп жүріп оқитын туындыға айналды. Егер біз нағыз сатираны дабыра дидактикадан алшақ, бос әңгімеден ада өнер деп қа-былдасақ, Қазыбек Әшірбековтың өміршең оспақтары шынайы әзіл-қалжыңның озық үлгісі екеніне көзіміз жете түсетіндей.

Айта кетелік, сатирик шығармашылығына қалам тарту оның туған күнімен тұспа-тұс келді. 75 жасты еңсерген ол әлі де қаламын қолынан тастаған емес. Қоғамның кемшілігін түзеуге қаламыңызбен үлес қоса беріңіз, аға!

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: