Бейсенбі, 25 сәуiр, 04:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Туған елін ту еткен, Туған жерін жыр еткен ақын

26.11.2022

867 0

Сөз патшасы,

Тәңір тұттым,

Табындым,

Табындым да мұң алқасын тағындым.

Жұртқа жүрмес әміріңді жүргізіп,

Күн-түн құрақ ұшырардай не қылдым?!

Бұл қазақ поэзиясын­да­ғы болмыс-бітімі бөлек, иірі­мі ерек ақынның бі­рі – Иран-Ғайыптың «Сөз пат­ша­сы» атты өлеңінен үзінді. Өлеңін оқыған жан оның әлемі бөлек екенін аңғарады. Иран-Ғайып есі­­мімен та­нымал Иранбек Оразбаевтың жырлары көркемдік жағынан да ерекше. Ақынның әр өлеңін оқыған сайын шеберлігіне тәнті боласың. Биыл қазақтың Иран-Ғайыбы жетпіс бесінші белесте. Ақынның 75 жылдығына орай Сыр өңірінде арнайы рухани-шығармашылық кеші өтті. Алдымен 23 қараша күні Нартай Бекежанов атындағы  Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында қаламгердің «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты драмалық дастаны сахналанды. Ал 24 қарашада ақынның «Топырағыңды басқаным – тау асқаным» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды.

«Мәңгілік елдің алтын адамы» немесе сәтті сахналанған премьера

Қарашаның 23-ші жұлдызында қы­зылордалықтар театрға қарай ағылды. Бұл күні руханият ордасында Иран-Ғайыптың «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты драмалық дастанының тұсаукесер қойылымы өтті. Кешкі сағат 19:00-де бас­талады деген премьераға жарты сағат бұрын бардық. Театрдың алды да, іші де көрерменге толы екен. Сыр бойындағы өнерді қадір тұтатын жанның бәрі сонда десек, артық айтқандық емес. Бұл бір жағынан Сыр халқының Иран-Ғайыптай ақынына құрметі болса, екінші жағынан өнерге, соның ішінде театр тарландарына көрсеткен қолдауы еді.

Межелі уақытында қойылым бас­талды. Сахна да ерекше кейіппен әрленген. Алтын түстес үлкен қос қақпа орнатылған. Төрде хан сарайындай зәулім үй тұр. Сарай ішінің өзі он тоғызыншы ғасырды бедерлейтін затқа толы. Әртістердің киімі, жүрген жүрісі, тұрған тұрысы, тіпті тұла бойы еріксіз өткен ғасырларға назар аудартады. Қобыздың қоңыр үнімен үндескен жыраудың көмейден шыққан дауысының өзі айрықша. Ерекше көрініс, айрықша сипат, жыраудың жырымен басталған тәлімді қойылым. Бірден жү­ректі қозғайды, тарихқа зер салдырады. Жерлесіміздің 75 жылдық мерейтойына орай сахналанған шығармада он тоғы­зыншы ғасырдағы қазақ ауылындағы жанжалға ұласқан оқиға суреттеледі. Бұл істі шешуге келгенде билер де бітісе ал­майды. Не істемек керек? Арғынбай – өз баласы. Құлқа – өз баласынан да ар­дағы. Қазынадай анасын тел емген Екі батыр  жан алысып, жан берісіп жатыр… Осылайша суреттелетін қойылым көрер­менін ә дегеннен өзіне елітіп әкетті. Ашудың айдауына еріп, көздерінде кек­тің оты кернеген екі елдің арасына тоқтау жасау – ерге бергісіз қасиет.  Тәуекелге бел байлап, дәстүрді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған Қа­зына ана «Алтын адамға» айналып шыға келеді. Спектакльдің негізгі идея­сы да осы. Осындай қиын-қыстау кезеңде жұртты қырғыннан құтқарған Арғынбай батырдың анасы Қазынаның соңғы шешімі болады. Ол ұлын өлтірген Құлқаны өлтіртуден бас тартады, тіпті билердің күң алу шешіміне де қарсы бо­лады. Сөйтіп, Арғынбайдың жалғыз ұлына Төс пен Құлқаның жалғыз қызы Қамқаны қосып, екі жақты бітістіреді.

Мәңгілік ел халқының бүгінгі досты­ғын, бірлігі мен ынтымақтастығын на­сихаттайтын драма қазақ аналарының ұлылығына бас идіреді. Көрермен зор ықыласпен қабылдаған қойылым соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мерейтой иесін құттықтады.

– Сыр өңірі – Түркі әлемінің аңызы, ортақ абызы Қорқыт бабаның, туған халқына жерұйық іздеген Асан Қайғы­ның, найзалы батырлар мен найзағай ақындардың Отаны.  Бұл сапты қазақтың қабырғалы қаламгері, Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, арқалы ақын, дарынды дра­матург, Сырдың саңлақ перзенті Иранбек Әбітайұлы жалғайды. Исі қазақтың сүйік­тісіне айналған заманының заң­ғары Мұқағали Мақатаев туралы жаз­ған қаламгерлер көп-ақ. Бірақ ақынмен үзеңгілес жүріп, тіні үзілмес жыр жазған Иран-Ғайыптан басқаны атау қиын. Өлең сөздің шын бағасын беретін халық Иран-Ғайып ақынды Мұқағалимен мұң­дас болғаны үшін де көкке көтеретіні рас. Тәуелсіз елімізде тұңғыш өткен жазба ақындар жыр-мүшәйрасының бас жүлдегері болуы да Иран-Ғайыптың ақын­дық дарыны мен арынын айғақтайды. Кітапханалар сөресінен оқырман қо­лына ұдайы көшетін ақын өлеңдері ең көп оқылатын шығармалар саналады. Сіз бір дәуір ақындарының ұстазына айналдыңыз. Сіздің қазақ өлеңіне сал­ған дара олжаңызбен бірге ұлттық драматургияға қосқан үлесіңіз де ерекше зор, – деді аймақ басшысы.

Сонымен бірге ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев­тың құттықтау хатын оқып, облыстың Құрмет грамотасын тапсырды. Ақын мен оның жарына ұлт дәстүрімен сый-сияпат жасады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Асхат Маемировтің режиссерлігімен сахналанған тарихи қойылымның басты рөлдерінде Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Алпысбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Залипа Төлепова, Мәдениет саласының үздіктері Арай Көшімбаев, Ұғым Баймаханов секілді белгілі артистер ойнады.

«Менен басым бір ақын туар бәлкім,

Сенен асқан өзен жоқ жер бетінде»

«Мәңгілік елдің алтын адамы» сын­ды рухты спектакльмен басталған Иран-Ғайыптың мерейтойлық шаралары «Топырағыңды басқаным, тау асқаным» атты шығармашылық кешпен жалғасты. 

Сырдариясынан артық өзеннің жер бе­тінде жоқ екенін жырға қосқан ақынның өлеңдерінен тебіреністі де, күңіреністі де көруге болады. Айшықты теңеуі бөлек, оқыған жанның айызы қанатындай иірімі бөлек туындылар поэзияға құмар талайды елітіп кетері сөзсіз.

– Өріле бер, өлеңім, өріле бер,

Таңғы шықтай мөлтілдеп төгіле бер.

Төмендемей бұл жолда өрге серпі,

Ұсынатын болса жыр төрін егер, – деп бір кездері өлең жайлы тебіренген ақын тағы бір өлеңінде:

«…Қормын талыс талайға,

Күйтіме –

Жан сүйінбес:

Ақын басы,

Алайда,

Кесілгенмен,

Иілмес!..», – деп ақын біткеннің өр мінезін жыр етеді.

Жетпістің бесеуін толтырып, өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасымен да­ра­ланған Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып) 1947 жылдың 7 маусымында Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. Ол 1970 жылы Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетін, 1980 жылы Мәскеудегі М.Горький атын­дағы Әдебиет институты жанындағы жо­ғары әдеби курсты бітірген. Әр жыл­дары Қызылорда облысы «Білім» қоғамында референт, «Жазушы» баспа­сында редактор, «Қазақ әдебиеті» га­зеті редакциясында поэзия бөлімінің меңгерушісі, ҚР Білім, мәдениет коми­тетінің редакциялық репертуарлық кол­легиясының бас редакторы қызметтерін атқарды. 1998 жылдан Қазақтың мем­лекеттік Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрының әдебиет бөлімін басқарды.

Иранбек ақынның «Жүрек жырлайды» атты жыр жинағы 1974 жылы жарық көр­ді. Қаламгердің «Тың құрбаны», «Хайуан­дық комедия», «Күшігінен таланған», «Мен ішпеген у бар ма?», «Батқан кеменің бейбақтары», «Желжуан», «Құдай қарғағандар», «Жамбылдың қызыл жолбарысы», «Негізгі шаруа», «Қанына тартқан қыңырлар», «Алтын адам», «Алтын ажал», «Киелі күнә», «Хан-Абылай-Сабалақ», «Жәбекшаған», «ГүлНәр», «Театр Романы», «Қорқыттың көрі», «Мауглидің оралуы», «Махамбет», «Қашғария», «Былыққа батқан қала», «Керкеткен» атты драмалық дастандары бар. Бірнеше кітабы орыс тіліне аударылса, 1990 жылы үш томдық, ал 2006 жылы 13 томдық таңдамалысы оқырмандар қолы­на тиді.

Иран-Ғайып атақ-даңқтан да кенде емес. Қарапайымдылығынан танбаған ақын, драматург, ҚР Мемлекеттік сый­лығының және «Парасат» орденінің иегері, «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты  екенін көпшілік жақсы біледі.

Ақынның Сыр төрінде өткен жыр ке­шіне жары Дариға Амангелдиева, ақын, филология ғылымдарының докторы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, мәдениет саласының ардагері, ҚР Мәдениет қайраткері төсбелгісінің иегері Сәрсенкүл Ибрашовамен Сырда­ғы зиялы қауым мен өлеңсүйер көпшілік қатысты.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ә.Мәмбетов атын­дағы мемлекеттік драма және комедия театрының актері Ербол Есендосов ақынның пьесаларынан монолог, дра­малық шығармаларынан үзінділер оқып көпшіліктің көңілінен шықты. Кеш ба­рысында Сыр өнерпаздары ақынның сөзіне жазылған ән-жырдан шашу шашты.

Ал біз Иранбек Оразбаевтың өлеңімен бастаған мақаламызды:

« – О, Ел-Ана,

Жазғырма –

Рухани қарыны ашқан балаңды?!

Қара шашың қуарғанын сеземін,

Ақ мамаңның

Суалғанын сеземін…

…Сезе-сезе –

Көзім жасы көл болып,

Өкпем өшіп,

Өртенеді өзегім!», – деген өлеңімен аяқтағанды жөн көрдік. Өйткені Иран-Ғайыптай ақын әлі де болса руханият әлемінен алары көп, дүйім елге бер­генінен берері көп қаламгер.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: