Бейсенбі, 21 қараша, 21:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Ұрланған алма

12.07.2022

866 0

Бір ауылдың шетінде бағбан қария өмір сүрді. Бағбанның бағын­да адамның көзін қызықтырар тәтті қызыл алмалар өсетін. Бір күні бағбан арықтың жағасында алма теріп отырып, көшеде иығына сөм­кесін асынған баланы көреді. Әлгі бала көрші Тоқтарбайдың ұлы Мәулен еді.

− Әй, балам бері кел, − дейді қария маңдайындағы терін сүртіп. Ақылбай қарт жасы үлкен болса да тыным таппайтын. Өте еңбекқор, өзі жомарт, адал жан еді. Алып-ұшып жеткен Мәулен:

− Ата, мені шақырдыңыз ба? – деді.

− Ассалаумағалейкум, балам! Халың жақсы ма?

− Халім жақсы ата. Ата, мені не үшін шақырдыңыз? – деген Мәулен қарияның қолындағы үл­кен қып-қызыл алмаларға қы­зық­тай қарап қалды.

− Балам, сен Жандоспен бірге оқымаушы ма едің?

− Иә, ата. Бірге оқимыз.

− Мә, мына алманы сен ала ғой. Өзің же. Ал мына екі алманы мектепке кеткен немереме апарып берші.

− Жарайды, ата! – деген Мәулен қуанғаннан үлкен алмаларды бір-бірлеп сөмкесіне сүңгітіп жіберді.

− Көмегіңе рахмет, айна­лайын! – деген қарт мұны көзімен ұзатып шығарып салды.

Мәулен жолда қария берген алманы жеп келе жатып, түрлі ойға берілді. «Мына алманың тәттісін қарашы! Атасы Жандос­қа маған берген алмадан да қып-қызыл, дәмі тіл үйіретін алмаларды беріп жіберді. Жандос­қа алмалардың біреуін бе­ріп, біреуін тығып қойып, өзі­ме қалдырсам түк те етпейді» деп ойлады.

Жандос пен Мәулен төртін­ші сыныпта бірге оқитын. Көрші болған соң жұптары да жазылмай­тын. Атасы күз келгелі Жандосқа «мектепте қарындарың ашқанда жейсіңдер» деп алма салып беретін.

− Атаң саған алма беріп жі­берді, − деді Мәулен жымиып.

− Ой, жақсы болды ғой. Мен мектепке асығып, үйден алма алу­ды ұмытып кетіппін. Рахмет, саған! – деді Жандос қуанып.

Мәулен сөмкесін ашып, ішінен бір ғана алманы шығарып, досына берді.

− Атам бір-ақ алма беріп жібер­ген бе? – деді Жандос аң-таң болып.

− Иә, бір-ақ алма берді, − деп Мәулен желкесін қасыды.

Жандос досынан бірдеңе сұ­райын деп еді, қоңырау соғылып, сыныпқа ұстаз кіріп келді.

Сабақ біткен соң Мәулен, Жандос пен оның інісі Айдос үйге қарай аяңдап келе жатты. Жандостың есіне бағанағы алма оқиғасы түсіп кетті.

− Қызық екен, − деді Жандос. – Атам күнде бізге ең аз дегенде екі алма беретін. Бүгін бір ғана алма беріп жіберіпті. Үйге барған соң атамнан неге бір ғана алма бергенін сұрайыншы.

Мұны естіген Мәуленнің екі беті дуылдап, қызарып шыға келді. Ұял­ғаннан басы төмен салбырап, еріксіз өзінің кінәсін мойындады.

− Кешір мені, атаң саған екі алма беріп жіберген, − деді Мәулен жерден екі көзін алмай. – Мен қызыл алмаларға қызығып, біреуін өзіме алып қалып едім.

− Жарайды, кешірейін. Бірақ енді сенімен дос болмаймын. Мен сен берген жалғыз алманы ініме бердім, − деді Жандос досының ісіне көңілі толмай.

− Сенің қарның ашқан шығар, − деді Мәулен қамқорси қалып.

− Жоқ, біздің қарнымыз аш­қан жоқ. Мен ағама алманың жар­тысын бөліп бердім, − деді екінші сыныпта оқитын кішкентай Айдос.

Мәулен өз ісіне қатты өкініп, шыдай алмай сөмкесінен қып-қызыл үлкен алманы алып, Жандосқа ұсынды.

− Сен ұрлықшысың! Мен ан­дағы алманы алмаймын.

− Неге? – деді Мәулен түк түсінбей. – Бұл сенің алмаң ғой. Атаң берген.

− Жоқ, енді бұл алма менікі емес. Сен бізден алманы ұрлап алдың. Аманатқа қиянат жасадың. Мен ұрланған алманы жемеймін, − деді Жандос.

− Мен де жемеймін, − деді Айдос тақ-тақ етіп. – Атам бізге адал асты ғана жеңдер деген. Бізге ұр­ланған алманың енді керегі жоқ.

Көпір үстіне келгенде ағайынды Жандос пен Айдос ұрлықшы Мәуленді жалғыз қалдырып, өздері алға ұзап кетті. Бұл кезде өз ісіне өкініп, ойланып кеткен Мәуленнің қолынан ұрланған қызыл алма сыр­­ғып, өзенге күмп етіп түсіп, ағып бара жатты.

Асхат ӨМІРБАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: