Сәрсенбі, 24 сәуiр, 15:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Мұғалімдер жұмысқа қалай қабылдануда?

02.10.2022

1330 0

«Біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы». Мұғалімдерді жұмысқа қабылдарда енді мұндай әңгіме айтылмайды. Себебі биылдан бастап педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа талабы енгізілді. Бұл өзгеріс  мұғалім­дерді жұмысқа орналастыру кезінде ашық­тықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерін жоюға бағытталып отыр. Сонымен қатар жаңа өзгеріс арқылы білім сапасын көтеру де мақсат етілген.

Елімізде білім жүйесіне енген жаңа ереже мен жұмысқа қабылдау қағидаларын Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов түсіндіріп берген болатын.

– Енді педагогтерді жұмысқа қабылдау жаңа форматта конкурс және нақты кри­терийлер бойынша жүзеге асырылады. Бұл өзгерістер мұғалімдерді жұмысқа орна­ластыру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және жұмысқа қабылдау кезінде меритократия қағидаларын қамтамасыз ету­ге бағытталған. Бұған дейін нақты ереже болған жоқ, яғни мектеп директоры кімді және қандай көрсеткіштер бойынша жұмысқа қабылдау керегі туралы өзі шешетін. Бірқатар аймақта сағаттар санын дұрыс бөлмей, үш-төрт мұғалім бір ставкаға қабылданған жағдайлар тіркелді. Мұндай жағдайлар қандай себептерге байланысты орын алатынын бол­жау қиын емес,  – деді министр.

Осылайша жаңа оқу жылынан бастап мұғалімдер жаңа талап бойынша жұмысқа қабылданып отыр. Мұғалімдерді конкрус арқылы жұмысқа қабылдау қаншалықты әділ жүруде? Қаладағы мектептерге бос орындар қалай жарияланады? Бұл сұраққа жауап алу үшін қалалық білім бөліміне хабарласқан болатынбыз. Бізге білім бөлімінің сектор мең­геушісі Сара Қалмаханова жауап берді.

– Бүгінгі таңда қала бойынша әрбір мектепке  керекті педагог маманды жұмысқа қабылдау конкурс арқылы жарияланып оты­рады. Сол үшін арнайы фейсбук желісіне бос орындар парақшасы ашылған. Педагог маманы қажет мектеп сол парақшаға бос орындарға конкрус жарялайды. Қала тұрғындары ара­сынан жұмыс іздеген мұғалім мамандары болса парақшадан көрсетілген мектепке барып құжат тапсырады. Құжатта көрсетілген балдары, өзінің шарттары толық жазылған.  Сол балдан бағалау шкалалары көрсетілген. Қай мұғалім жоғары бал жинайды. Жоғары балл жинаған адам жұмысқа орналасады. Конкурс әділ әрі таза өтеді. Конкрусқа қала­лық білім бөлімінің сектор меңгерушісі, заңгері және  жұмысқа маман қабылдайтын мектептің директоры қазылық етеді. Мектеп басшысы конкурс жарияламай жұмысқа маман қабылдай алмайды. Мұндай кезде сы­байлас жемқорлыққа жол берген болып та­былады. Қалаға қарасты мектепке тұрған мұға­лімдер құжаты қалалық білім бөлімі арқылы тексеріліп отырады. Осы уақытқа дейін барлығы 81 педагог конкурс арқылы жұ­мысқа қабылданған. Оның ішінде 63 маман мек­тепке, 18 адам балабақшаға қабылдан­ған, – дейді қалалық білім бөлімінің сектор мең­герушісі.

Біз конкрус арқылы жұмысқа тұрған Күланда Балғабаева есімді мұғаліммен бай­ланысқан едік. Ол жұмысқа қабылдаудың жаңа талабы енгізілгені жөнінде жаңалықты естісімен қуанғанын айтты. Себебі жақында басқа жұмыс ауыстырғысы келіп жүрген болатын. Бұл өзіне берілген мүмкіндік деп бағалады. Білімі мен біліктілігіне сенді. Сондықтан да жұмысқа орналасу үшін арнайы конкурстан өтті. Үміті алдамапты. Конкурс арқылы жұмысқа қабылданып, Көмекбай Қаракөзов атындағы №235 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналасты.

– Биыл қызметімді ауыстыру ойымда еді. Биыл жаңа талапқа сәйкес педагог қызметіне орналасу конкурс арқылы өткізілетінін біліп қуандым. Қандай мектеп бос орындар жария­лайтынын үзбей қарап отырдым. 17 тамыз күні  фейсбук желісіне  «Көмекбай Қаракөзов атындағы №235 орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2022-2023 оқу жылына конкурстық негізіндегі  уақытша бос орындарына конкурс жарияланды. Осы жаңалықты біле сала мектепке барып, өті­нішті толтырып, конкурс талаптарына қажетті  бірнеше құжатымды өткіздім. Бұл құжаттарды комиссия тексеріп, бірнеше күн өткен соң конкурс нәтижесі белгілі бола­тындығын ескертті. Бұрынғы қызметімде жүргенде, мектептен хабарласып, конкурстан жоғары балл алғанымды және қызметке қабылданатынымды айтты. Қазіргі таңда қызметке қабылданып, тиісті сағатымды алып, еңбек етудемін. Таза әрі шынайы түрде өз еңбегіммен жұмысқа тұрғаныма қуа­ныштымын. Ұстаздық қызметте 14 жылдан бері еңбек етіп келемін. Бұл менің еңбегімнің ақталғаны, – дейді Күланда Балғабаева.

– Еліміздің білім саласында соңғы кезде жиі-жиі реформа жасалып, заман талабына сай бағыты мен бағдары өзгеруде.  Білімді әрі білікті ұрпақты болашаққа дайындайтын бұл саланың жауапкершілігі зор. Педагог­терді жұмысқа қабылдаудың жаңа үлгісі мұғалім­дерді жұмысқа орналастыру кезінде ашық­тықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерін жоюға бағытталып отыр. Сондай-ақ білім сапасын көтеру де басым бағыттың бірі болып табылады.

Мектеп басшылығы барлық бос немесе уақытша бос лауазымдарға конкурс өткізетіні туралы хабарламаны мектептің интернет ресурсында жариялайды. Болмаса, әлеуметтік желілер арқылы хабарлама береді.

Бірнеше жыл жұмыс өтілі бар педагог те, кеше ғана университет немесе колледж бітірген түлек те байқауға қатысады. Сыннан өтпей, ешқайсысы жұмысқа қабылданбайды. Яғни конкурс олардың бәріне де ортақ, – дейді Т.Рысқұлов атындағы №222 орта мектебінің директоры Мақсұт Мүкеев.

Несін жасырамыз, осы кезге дейін «Мек­тепке мұғалім болып жұмысқа орналасу үшін қомақты қаржың болуы тиіс», – деген әңгіме айтылып келеді. Енді талап пен ереже өзгерді. Мектепке өзінің біліктілігін дәлелдегендер ғана жұмысқа қабылданады. Яғни ұстаз – деген құрмет тек лайықты жандарға беріледі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: