Жексенбі, 22 желтоқсан, 22:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жыр жаттауға дайынсыз ба?

25.09.2021

1187 0

Әдеби мұраны өскелең ұрпақтың бойына молынан сіңіру, рухани байлықты жадында сақтауы аса маңызды. «Өткенін білмеген, болашағын болжай алмас» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Сол себепті ертеңгі күніміз жарқын болуы өткеніміз туралы ой бұлыңғыр болмауы тиіс. Міне, осы себептен жас ұрпақтың тарих пен әдебиетті біліп өскені маңызды. Осы мақсатта ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесіп, мектеп оқушылары арасында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялады.

Жыр жаттауға дайынсыз ба?

Бұл әдеби мұра бәсекесі 25 қыркүйек пен 5 қараша аралығында Сыр өңірінде ұйымдастырылады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясымен бірлесіп өтетін шараға облыстың 6-10 сынып оқушылары қатысады. Жарыстың ережелері, ұйымдастыру жоспары туралы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова, облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Айжан Қиянбекова мен «Qazaq Epos» қоғамдық қорының аймақтық өкілі Дәурен Омаров айтты.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында өткен баспасөз жиынында Ләйлә Бегалықызы жарыстың мақсаты мен оның жүзеге асу жоспарымен бөлісті.

– Байқау қазақ халқының батырлық эпостарының бірі «Ер Едіге» жырын жатқа айту бойынша өтеді. Сайысқа қатысушы оқушылар «Едіге батыр» жырын жатқа оқып, Алтын орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беріп және жырда кездесетін көнерген сөздердің мән-мағынасын түсіндіріп, қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы негізінде дайындалған сұрақтарға жауап беруі тиіс. Байқаудың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізу, олардың шығармашылық қабілетін дамыту мен отансүйгіштік қасиет қалыптастыру, – дейді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қатысып, жеңімпаз атанған оқушыларға арнайы жүлде қоры да қарастырылған. «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Айжан Тұрғанбекқызының сөзіне сүйенсек, жарыс аудандық (қалалық) және облыстық деңгейде өтеді. «Аудандық кезеңде жеңімпаз атанған І орын иегері 150 мың, ІІ орын 100 мың және ІІІ орын иегері 50 мың теңге теңге ақшалай сыйлықпен марапатталады. Сондай-ақ облыстық кезеңде жеңімпаз оқушыларға да арнайы жүлде бар. Мәселен, облыста І орын иеленген оқушы 750 мың, ІІ орын 350 мың және ІІІ орын иегері 200 мың теңге жеңіп алады. Одан бөлек, облыстық кезеңінде шәкірті жеңімпаз атанған ұстаздарға да арнайы жүлде қоры табыс етіледі. Шәкірті облыстық кезеңде ІІІ орын алған ұстазға 400 мың, ІІ орынға 700 мың және І орынға 1 млн 500 мың теңге табысталмақ. Жарыстың ұйымдастырылуына облыстық бюджеттен барлығы 10 млн 300 мың теңге қаражат бөлінді», – деді ол.

Бұл «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының үшінші жарысы. Бұған дейін де еліміздің мектеп оқушылары осы жарыста бақ сынады. Ал өткен жылы пандемияға байланысты жарыс бір жылға кейінге шегерілді. Десе де бұған дейін ұйымдастырылған шараға Сыр өңірінің 3000-нан астам оқушысы қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсеткен.

– Қатысушылар «Едіге батыр» жырын жатқа айтып, қазақ әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді. Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов бастаған ғалымдар жырдың Қ.Сәтбаев нұсқасын таңдады. Ол мектеп бағдарламасына толық сәйкес келеді. Байқау кезеңдері бойынша жеңімпаз атанған жастарға және олардың ұстаздарына қомақты қаржылай сыйлық қарастырылды, – дейді «Qazaq Epos» қоғамдық қорының аймақтық өкілі Дәурен Сейітжанұлы.

А.ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: