Бейсенбі, 26 желтоқсан, 06:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

35 жылдан соң ақталған желтоқсаншы

16.12.2023

528 0

1986 жылғы желтоқсанның ызғарлы күндері біздің замандастарымыздың есіне түссе, түн ұйқысынан шошып оянып, қарлы борандағы болған оқиғалар көз алдынан кино лентасындай тізбектеліп өте береді. Сол қияметті көрген құрбым қазіргі бейбіт тірлікке тәубе деп, Аллаға шүкіршілік етеді. Ызғарлы күндердің жарықшағы жанын жаралайды бірақ. Бір жапырақ нәзік жүрек төзбейтін қандай нәубет келген десеңізші елдің басына.

Ауыртпалыққа толы жылдардың зардабын күні бүгінге дейін тартып келген менің сыныптас досым, Жалағаш ауданы, Темірбек Жүргенов ауылының тумасы Гүлшара Жақсыбайқызы Алтынсариева еді. Ол 1986 жылы небары өрімдей 21 жаста еді. Тумысынан өжет қызды қанға бөгіп жатқан алаңға апарған  тұлабойындағы тұнған елге деген құрмет, ұлтқа деген, тілге деген, салт-дәстүрге деген жанашырлық болатын. Қазір 58 жастағы досымның жан жарасын қайта қозғап, сол  күндерді еске алуды өтіну қандай қиын екенін білсем де оны мазалауды жөн көрдім. Себебі бұл – тарих. Тарих болғанда да жаралы, қаралы тарих беттері еді. Оны кейінгі ұрпақ біліп, осындай ержүрек бейбіт дәуірдің батыр қызымен мақтанса екен, оның тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы жүріп өткен ауыр да  азапты жолы тарих беттерінде қатталса екен деген мақсат болатын.

Біз Қонаев келеді деп күттік

Ендігі әңгіме құрбымның 1986 жылғы болған оқиғаларымен өрбиді. «Сол күндер әлі есімде. Жадымда жатталып, жүрегімде жазу­лы күйде. 1986 жылы Алматыда қазіргі «Дәуір» баспасында жұмыс істейтінмін. Оң-солымды танымаған, жиырмадан жаңа асқан кезім. Дәл сол он алтысы күні біздің баспаға жаңадан машина келген. Сол жаңа баспа машинасын көруге Дінмұхамед Қонаевтың өзі келеді деп күткенбіз, келмеді. 17 желтоқсан күні жұмыстан шығып, үйге қайтып келе жатқанбыз. Өзіміз секілді жастар автобусқа мініп, «қазақ жастары алаңға барыңдар, біздің елге қайдағы бір орысты басшылыққа қойыпты. Қонаев атамызды орнынан алып тастапты» деді. Мына сөз төбемізден кесек мұз тастағандай әсер етті. Салып ұрып алаңға жеттік. Алаңға жиналған жастар «ақ үйге» кіреміз, ненің не екеніне көз жеткіземіз деген бейбіт ойда ғана екен. Оларды ашындырып, қойдай қуалап, артын қанды оқиғаға айналдырып жіберді. Кешкі сағат жетіге дейін жүргенде көрмегеніміз қалмады. Еркімен келгендер де, жазатайым сол жерден табылғандар да жапа шекті. Неге бас көтерер бір қазақ жоқ? Аяғы не болар екен деген ой әрқайсысымызда да бар еді. Трибунаның алдынан кетпей, қазіргі Әнұранымыз «Менің Қазақстанымды» айттық. Жиналған жастардың көкейіндегі сұрақ «Колбин кім? Біздің дәс­түрімізді, тілімізді, дінімізді түсінбейтін адам қалай ел басқарады?».

Атын білмеймін бір әскери киімдегі полковник шығып «Сендер не істей ала­сыңдар? 70 пайызың басқа ұлт, 30 пайыз ғана қазақсыңдар. Ештеңе қолдарыңнан кел­мейді, кетіңдер» деді. Біз қайтпадық. Бір кезде аспаннан түскен жауын құрттай сол­даттар қаптады да кетті. Бір сәттің ішінде ғана у-шуымызды шығарып, ұрып-соғып, қуа бастады. Бір байқағаным, алып келген әскердің ішінде бір қазақ «кого надо бить? Русских?»  дегені бар емес пе? Сол мезетте оны да бір ұрып, сүйреп кетті», – деп көзіне жас алып, өткен күндерді еске алды.

Өлдім деп ойладым

Желтоқсан оқиғасының куәгері сол жылғы қыстың тым суық болғанын да айтып өтті. Қақаған қыста өрт сөндірушілердің ма­шинасымен су шашқанын айтқанда, денем түршігіп өз-өзімнен дірілдеп сала бердім.

«Байсейітова көшесімен қашып келеміз. Алысып жүргенде менің басыма дубинка тиіп, ұшып түстім. Есім кіресілі-шығасылы күйге түсіп, мәңгіріп қалдым. Өлдім ау деп ойлағам. Бір есімді жисам, қашып келе жатқанымды қазақ жігіттері көріп, сүйреп, қалтарысқа әкеліпті.

Сол жылғы қыс аязды болды ма, әлде сол оқиғаға табиғат-ана да түршігіп кетті ме, әйтеуір ызғарлы еді. Түкірген түкірігің жерге мұз боп түсетін ауа райында өрт сөндірушілер де мұздай  суын шашып жатты.

Ал менің болса басым қазандай болып іскен, жатақханаға зорға жеттім. Болған жайды сыртынан естіп отырған студенттер мені көріп, әр нәрсені сұрай берді. Ертеңіне он сегізі күні бүкіл Алматыдағы қазақ жастары бір ауыздан не сабаққа, не жұмысқа бармастан, алаңға жиналдық.

Қазіргі «Самал» мөлтек ауданындағы үйлер жақтан алаңға түстік. Жоғарыдан алаңға кіре алмай тұрмыз. Солдаттар жіберер емес. Сонда орыстар «Надо всех баранов убивать» деп айғайлап, өздерін керемет етіп көрсетіп тұрды.

Бір кезде әскери киім киген майор қазақ «Қарақтарым, қайтыңдар, бұлар ештеңеден тайынбас» деді. Бір уақытта әскери машинадан қолдарында істік күректері бар бір топ қазақ жігіттері түсті.

Алаңда түннен қалған жастар болуы керек біразы жүр, ал біз кіре алмай тұрмыз. Кенет қазіргі «Хабар» телеарнасы тұрған үй мен жанында «Океан» деген дүкені бар еді. Шынылы терезенің алдына жап-жас, өрімдей қыз-жігіттерді шыңғыртып күрекпен, келтек темірмен сабап жатқанын көрдік. Біздің де жанымызға машина келіп, қолымызды қайырып, салып әкетпек болды. Тағы да әскери киімдегі қазақ ағамыздың арқасында қашып шықтық», – деді кейіпкеріміз.

Мені арандатушы деп ойлапты

Сол кезде желтоқсан оқиғасына қатысы бар деп күдікке ілінгендер түгел дерлік қудалан­ды. Оқудан шығарылды, жұмыстан қуылды. Тіпті түрмеге тоғытылғандар да болды. Қайрат секілді оғландар өлім құшты.

«Ертеңіне жұмысқа келсек, бізді іздепті. Менің таң қалғаным, жұмыстағыларды алаң­ға баруға үгіттеп, ұйымдастырып жүрген бүлікшінің «серкесі» мен болып шықтым. Газет, журнал, тіпті мекемедегі қабырға газе­тіне де әспеттеп суретіммен шығарып қойды. Алдыңғы күні кеш келгенім бар, ертеңіне жұмысқа бармағаным және бар. Әйтеуір сол күннен бастап азапты күндер басталды. Бір ай тергеді. Бұлай психологиялық шабуыл жасағаннан бірден ұрып немесе өлтіріп тастағандары жеңіл ме еді деп қалдым.

Сонда «Колбина долой» деген сөзді мен айттым дегенді мойындату мақсаттары болды. Қатты күйзеліп, жүдеп кеттім. Бірақ «халық жауы» екенімді мойындамадым. Менің еңбек кітапшамда «17 желтоқсан тергеуге түсті. 17 қаңтар жұмыстан босатылды» деп тайға таңба басқандай жазылған. Мен ол кезде азапты жалғыз өзім көрген шығармын деп ойлаған едім. Олай емес екен. Кейін байқасам, бұл қанды қақтығыстан бүкіл қазақ даласы күңірене күйзеліпті.

Әкем Қызылордада қызмет істейтін. Партияның адамы еді. «Қызың саяси сауатсыз, қайта тәрбиелеңіз» деген хат салыпты. Мен мұны білмеймін. Артынша әкемді зей­неткерлікке жеткізбей, жұмыстан шығарып жіберіпті. Әкемнен аңқау басым жұмыстан неге кеткенін сұрағанымда «жұмыстан шар­шадым, денсаулығым да нашарлап кетті» деп жауап берген болатын. Сөйтсем бұл көзі ашық, сауатты әкенің бәрін түсініп, мені мақұлдағаны екен ғой», – деп жанарын алысқа салған құрбым 35 жылдан соң барып бір-ақ ақталғанын жеткізді.

Ашылмаған шындық көп

«Қазір бәрі келместей болып артта қалды. Бірақ сол Желтоқсан оқиғасындағы талай нәрсе ашылмай отыр. Қапшағай жақта қаншама қазақтың ұл-қыздарының сүйегі топырақтың астында жатыр дегенді де естимін. Қалай болғанда да ашу керек деп ойлаймын. Ашылмай көміліп жатқан құпия қалмау керек. Менің бір ғана тілегім қазақ ешкімнің қанды тырнағына ілігер жемтік болмаса екен. Алматыға барсам көтеріліс болған алаңға соғамын. Қанды қырғынның куәгері сол бір алаңда қанша  боздақтың қаны төгілді. Қаршадай қыздарға дейін өн бойын рух билеп, өз елі үшін жанын құрбан етуге даяр болды. Бізді батыр бабалар  рухы қолдаған болар. Аман қалдық. Бірақ өлімнен де қорыққан жоқпыз. Қансырап жатсақ та тайсалмай әділетсіздікпен күрестік. Жастар жанкешті болмағанда біздің елде тәуелсіздік орнамайтын еді.  Бодандықтың қамытын  тас-талқан еткен желтоқсан оқиғасы деп білемін.  Сол кездегі оқиға ойыма оралса жан жүрегім сыздап, түн ұйқым төртке бөлінеді. Жан алғыш жендеттердің қолынан қазақтың өрімдей-өрімдей ұл-қыздары азаппен көз жұмды. Желтоқсан айы келген кезде көкірегім қарс айырылып өміріме қара таңба болып басылған желтоқсанның қанды қырғынын еске түсіре­мін. Қазір таңырқаймын қаршадай қыз болсам да бойымда мұншама патриоттық сезім қалай атой салған деп. «Ерлік білекте емес, жүректе» деген  бәлки осы болар. Күні кешеге дейін қанша жыл тергеуде жүрсем де, өкінбей, еңсемді тік ұстадым. Себебі менің бойымдағы қаным да, жаным да, жүрегім де қазақ деп тебіренді, қазақ деп толқыды, қазақ деп соқты. Көк туымыз желбіреп, Әнұранымыз орындалғанда жанымның сыздаған жарасы жазылғандай күй кешемін.  Алла осы тыныштығымыз бен тәуелсіздігімізді баянды қылып, біз көрген қасіретті кейінгі ұрпақтарымыз көрмесе екен. Тас бұғаудан босаған халқымыз енді мұндай зұлматқа кезікпесін», – деп құрбым көзіне жас алып, кеудесін өксік қысып, бір сәт босап кетті.

Қалай босамасын, өзінің туған жерін сүйген патриот қыз «халық жауы» деген атаққа іліне жаздаған. Желтоқсан оқиғасынан соң 35 жылдан кейін айыпты емес екені анықталып, ақталып шығып, омырауына туған елінің құрметіндей төсбелгі тағып отыр. 

Иә, жанкешті қызының тағдырына нем­құрайлы қармаған жазық­сыз әке де қысым көріп, жапа шекті. Мұндай тағдырлар, іштей шемен боп кеткен шерлі қайғыны жұтып, о дүниеге аттанып кеткендер де бар болар.  Алайда туған жердің туын көтеріп, оның ар-намысы үшін жалынды жастық шағын құрбан еткендер рухы жасай береді. Ендеше Гүлшара Жақсыбайқызы Алтынсариева құрбым мемлекеттік награда алу құрметіне лайық деп ойлаймын. Мұндай ержүрек қыздар елеусіз қалмауы керек. Өйткені олар еліміз тәуелсіздік алуы үшін жан аямай күрескен бейбіт өмірдің батырлары.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: