Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әдеби-танымдық жинақ жарық көрді

28.10.2023

355 0

«Сыр өңіріндегі қасиетті орындар» атты әдеби-танымдық буклет жарық көрді. Жинақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Ғылыми Кеңесінің мақұлдауымен «Тұмар» баспасынан шығарылып отыр. Жоба жетекшісі – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Г.С.Оралова.  

Биылғы сәуір айында ҚРҒЖБМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруымен №АР14870690 «Сыр өңірінің киелі орындары мен ислам құндылықтарының әдеби- танымдық ерекшеліктері» атты жоба аясында ұйымдастырылған экспедиция кезінде қасиетті нысандар тізіміне енбесе де жергілікті халық киелі орындар санайтын Арал, Қазалы аудандарындағы Жетес би, Орал ахун, Толыбай батыр, Орынбет ишан кесенелері туралы деректер (тарихи деректер, аңыз-әфсаналар, т.б.) жинақталған еді. Зерттеу еңбегінде осы және басқа да қасиетті нысандардың орны, геолокациясы, тарихи мәліметі, сипаттамасы, аңызы мейлінше нақты әрі жинақы ұсынылған.

2017-2019 жылдары «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Сыр өңірінде 72 тарихи-мәдени ескерткіштің 12-і жалпыұлттық, 60-ы өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енгені белгілі. Оқырманға ұсынылып отырған зерттеу жинаққа Қызылорда облысында орналасқан 55 қасиетті нысан топтастырылса, оның 15-і – қасиетті нысандар тізіміне енбей қалған тарихи ескерткіш саналады. Ел арасында киелі саналып, қасиетті орын қатарына енетін осындай жерлердің бірді – екілісіне тоқталар болсақ.

Жетес би кесенесі – Арал ауданы, Ескіұра ауылында орналасқан. Жетес Қыстаубайұлы (1828-1914) Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасы, Шекті руының Жақайым аталығынан шыққан. Жетес би ел арасындағы даулы мәселелерді шешуде тапқырлығымен, әділдігімен көзге түскен. Жетес бидің Райым, Шыбынды болыстарын басқарғаны туралы деректер бар. Оның билік кесімдері, шешендік сөздері ел арасына тарап, «тілді би» атанған. Жетес би туралы Қ.Салғариннің «Көмбе», С.Толыбековтің «Қазақ шежіресі» кітаптары мен «Ел аузынан» жинағында жазылған. Бидің кесенесі 2007 жылы қайта жаңғыртылған.

Орал ахун кесенесі – Арал ауданы, Шөмішкөл ауылынан 1,5 км жерде орналасқан. Орал ахун Қазмамбет баласы (1823-1903) жастайынан ауыл молдасынан сауат ашып, 10 жасында ұстаздарын зеректігімен таңқалдырған екен. Содан кейін Бұхарадағы әйгілі Көкілташ медресесінде 40 жыл діни білім алып, 50 жасында елге оралған. Ахунның елге оралған уақыты Сыр өңірінде Ресей империясының отарлау саясатының күшейген кезеңіне сәйкес келеді. Орал ахун елге келгеннен кейін мешіт салып, діни-ағарту жұмыстарымен айналысады. Кісіге қайырымы мол, шапағаты зор болған. Аптасына бір рет мешітке түскен қайыр-садақадан аш-арықтарға «шүлен қазан» таратады екен. Дегенмен мешіт толық сақталмай, Кеңес өкіметі тұсында большевиктер тарапынан бұзылып, қазіргі уақытта тек орны сақталған.

Толыбай батыр Мыңбайұлы – Жанқожа батырдың замандасы. Көнекөздерден қалған дерек бойынша Толыбай Жанқожадан бес жастай үлкен көрінеді. Шамалап есептегенде Толыбай батыр 1770 жылы туып, 1869 жылы дүниеден өткен. Халық Толыбай батырдың жаудан тайсалмайтын өжеттігін ұрпақтан- ұрпаққа жеткізіп отырған. Батырдың кесенесі ХІХ ғасырда саз кесектен күмбезді етіп салынған.

Орынбет ишан Дәрменқұлұлы (1821-1906) Жанқожа батырдың сенімді серігі әрі пірі болған Дәрменқұл ишанның баласы Орынбет ишан алғашқы діни сауатын әкесінен алып, 16 жасында Хиуадағы Көкілташ медресесінде 8 жыл оқып, үздік тәмамдаған. Мұнан соң Бұхарадағы Мир Араб медресесінде 5 жыл дәріс алып, Иршад ишан шатырхатын иеленген. Бұхара медресесінде діни оқумен қатар, әскери және табиб емшілікті де игеріп шығады. Ұстазы оқып жатқан 200 бітіруші шәкірт ішінен Орынбет ишанды Бұхара әмірінің қазылығына ұсынады. Орынбет ишан 37 жасында Кішкене аталығының, оның ішінде Асан руының сұратуымен Сыр бойына, Бекарыстан би бастаған алты Матығұл ағайынның ортасына алдырылады. Үш жерден мешіт салып беріп, балаларды діни, иман мен білімнің әр саласынан сауаттандырады.

Әрине, экспедиция барысында анықталған тарихи ескерткіштер әлі де зерттеуді, қасиетті нысандар тізіміне енгізуді қажет ететіні белгілі. Буклет Сыр өңірінің тарихын, мәдениеті мен әдебиетін зерттеушілерге, өлкетанушыларға, туристерге арналған.

А.САЙЛАУ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: