Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 08:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әкім болар ма екенсің?..

17.10.2023

439 0

 Сайлау дегенге көп адам сене бермейді. «Өй, қойшы, бәрібір өз адамы өтеді» дейтіндер жетіп артылады. Халықтың арасына кіріп, пікір сұрасаңыз, әр он адамның үшеуі осы сарындас ой айтатыны анық. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында сайлау жүйесін жетілдіру жайлы тапсырма беріп келеді. Президент пәрменінен соң ауыл әкімдері сайланатын болды. Қызылорда облысының өзінде екі жылда ауылдық округтерде 54 әкім жаңадан сайланды. Алдағы уақытта аудан әкімдері де сайланбақ.

Жеті үміткердің алтауы тіркелді

Қарашаның 5-жұлдызында Қызылорда облысында екі бірдей ауданның әкімі сайланады. Нақтырақ айтсақ, Шиелі және Сырдария аудандарында әкім сайлауы өтеді. Мұндай шешім облыстық мәслихаттың кезектен тыс VI сессиясында қабылданған болатын. Сессияда Қызылорда өңірі бойынша пилоттық аудан және облыстық маңызы бар қалалардың тізбесі бекітіліп, сайлау өткізілетін күн белгіленді.

Сайлау күнтізбесіне сәйкес 5 қыркүйек күні жергілікті уақытпен 18.00-ден кейін кандидаттардың ұсыным құжаттарын қабылдау аяқталды, делінген Kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігі таратқан хабарда. Кандидаттарды тіркеу 10 қазанда аяқталды.

Қолда бар деректерге сүйенсек, сайлау науқанына екі аудан бойынша барлығы 7 кандидат ұсынылған. Оның ішінде 3 үміткерді саяси партиялар ұсынса, 4 кандидат өзін-өзі ұсынған. Олардың төртеуі мемлекеттік қызметкер, екеуі қазіргі әкімдер және біреуі бюджеттік сала қызметкері екенін айта кетейік. Әкім болғысы келгендердің бесеуі экономист болса, «аудан басқарсам» деп армандағандардың қатарында бір заңгер мен бір құрылысшы бар. Ұсынылған жеті кандидаттың алтауы тіркеліп, біреуі өз өтініші негізінде кандидаттықтан алынып тасталды. Тағы бір айта кетерлігі, 10 қазан күні жергілікті уақыт бойынша 18.00-ден кейін кандидаттар үшін үгіт кезеңі басталды. Бұл ретте кандидаттардың өз сайлау қорлары болмайды. Олар арнайы белгіленген шығыстар шеңберінде ғана жұмыс істей алады.

Әкім болудан үміттілер

Сонымен 2 ауданға 6 үміткер. Үш-үштен кандидат бар. Екі аудан да облыс орталығына жақын орналасқан. Қызылордадан оңтүстікке қарай бет алсаң Шиеліге тап боласың, батысқа қарай жүрсең Сырдария ауданына тірелесің. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорданың дәл екі бүйірінде сайлау өтпекші. Біз тіркелген 6 кандидаттың атын атап, түсін түстегенді жөн көрдік.

Алдымен 90 мыңға жуық халқы бар, 50 мыңнан аса сайлаушысы бар Шиеліден бастайық.

Әкім болар ма екенсің?..

Сайлауға Шиелінің қазіргі әкімі Нұржан Ахатов та түсіп жатыр. Өзі сол ауданның тумасы. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есеп және аудит», Қазақ гуманитарлық заң университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Қызылорда облысының статистика жөніндегі есептеу орталығында бастаған. Еңбек жолында Шиелі ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы, аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімінің орынбасары қызметтерінде болды. Қызылорда облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, Қызылорда облысының кәсіпкерлік басқармасы бастығының орынбасары, Шиелі ауданы әкімі аппаратының жетекшісі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының жетекшісі, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары ретінде жауапты қызметтер атқарған. Бір сөзбен айтқанда, әбден ысылған. Бұған «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС директоры болғанын және Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты болғанын, «Байқоңыр» ӘКК мекемесін басқарғанын қоссаңыз талайды көрген, «мектептен» өткен кадр екенін ұғуға болады.

Әкім болар ма екенсің?..

Тізімдегі екінші үміткер – облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов. Бұл да мықты маман. Қызылорда гуманитарлық университетін «қаржы және несие», Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетін «заңтану» мамандықтары бойынша бітірген. Бұдан бөлек Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі және АҚШ-тың Каролина штатының ДЮК университетінің «Саясаттану» мамандығы бойынша әлеуметтік білім магистрі академиялық дәрежесі берілген. Оқыған жерінің өзі қаншалықты білімді екенін көрсетіп тұр. Алмасбек Әбілқасымұлы еңбек жолында қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің маманы, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің жетекші, бас мамандары, қала әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас маманы, бас инспекторы, Тасбөгет кенті әкімінің орынбасары, бөлім басшысы, Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі, облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы, бөлім басшысы, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, Қызылорда қаласы әкімдігінің аппарат басшысы, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазымдарында қызмет атқарған. Облыстық қоғамдық даму басқармасына келгенше Шиелі ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек етті.

Әкім болар ма екенсің?..

Шиеліге әкім болудан үмітті үшінші кандидаттың есімі – Нұрғали Қордабай. Ол Қызылорда политехникалық институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит», Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Құқық» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1997 жылы «Дәнекер» АҚ бухгалтері ретінде бастаған ол 1999-2015 жылдары Қызылорда облысының салық органдарында жауапты басшылық қызметтер атқарған. 2015-2016 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің кеңесшісі, 2016-2018 жылдары облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап экономика және қаржы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді. Бүгінде тексеру комиссиясының мүшесі.

Тіркелген үш үміткердің біреуін, нақтырақ айтсақ, Нұржан Ахатовты «AMANAT» партиясы қоғамдық бірлестігі ұсынса, Алмасбек Есмаханов пен Нұрғали Қордабай өзін-өзі ұсынған

Әкім болар ма екенсің?..

Сырдария ауданына да үш кандидат тіркелген. Олардың ішінде қазіргі әкімі Берік Сәрменбаев та бар. Ол Алматы архитектура-құрылыс институтын «өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолында «Казторгстрой» тресінің тас қалаушысы, Қызылорда қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы және Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда қаласы мен Қармақшы, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, Сырдария ауданы әкімінің орынбасары болды. Ергешбаевтан соң аудан басшысы болып отыр.

Әкім болар ма екенсің?..

Тереңөзекке табан тірегісі келетін тағы бір үміткердің есімсойы – Ерлан Бәкіров. Жоғары білімді, Қазақ гуманитарлық заң университеті мен «Болашақ» университетін заңгер, экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2004-2005 жылдары «Раим» ЖШС-да заңгер болып бастаған ол 2005-2006 жылдары Қызылорда облысының табиғи монополиялардың қызметін реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің жетекші маманы болып еңбек етті. 2006- 2016 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің жетекші маманы, бас инспекторы, кадр жұмысы бөлімінің басшысы болса, 2016-2020 жылдары Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары, Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Бүгінгі таңда облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын атқарады. Иә, кімге болса да оңай қарсылас еме

Әкім болар ма екенсің?..

Сырдариядай ауданды басқарғысы келетін үміткерлердің ішінде Бауыржан Қарсақбаевтай тағы бір азамат бар. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік және «Болашақ» университеттерін бітірген. Еңбек жолында қарапайым механиктен бастап басшылық қызметтерге дейін көтерілген. Әр жылдары Қызылорда облыстық медицина орталығында инженер-оператор, Қызылорда қаласы әкімі аппаратында маман, жетекші маман, бас маман, қалалық кәсіпкерлік бөлімінде бас маман, Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының әкімшілік бөлімінің бастығы, облыс әкімі аппаратында бас инспектор, облыс әкімі орынбасарының көмекшісі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының экономика және қала инфрақұрылымын дамыту бөлімінің бастығы, энергетика және коммуналдық шаруашылықты дамыту бөлімінің бастығы, қала әкімі орынбасарының көмекшісі-бас инспекторы, Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бастығы, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының орынбасары, облыс әкімі аппаратының «Жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталығы» КММ басшысының орынбасары, басшысы, Сырдария ауданы әкімі аппаратының басшысы лауазымдарын атқарған. Қазіргі таңда Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті РММ басшысы, Қызылорда облысының мемлекеттік бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы екенін айта кетейік.

Сырдария ауданы бойынша тіркелген үш кандидаттың ішіндегі Берік Сәрменбаевты «AMANAT» партиясы қоғамдық бірлестігі ұсынса, Ерлан Бәкіров пен Бауыржан Қарсақбаев өзін-өзі ұсынған.

Әзірге қолда бар бар ақпарат осы болып отыр. Кімнің жеңіске жететіні 5 қарашада, сайлаудан кейін белгілі болады.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: