Сәрсенбі, 27 қараша, 01:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Апостиль дегеніміз не?

20.11.2023

474 0

Халықаралық қарым-қатынастардың көптеп дамуына байланысты бір мемлекеттің сот органдарынан шыққан құжатын екінші мемлекеттің аумағында ұсыну қажеттілігі туындап жатады. Құжаттың заңды маңыздылығын қалай растауға болады және ол үшін не қажет? «Апостиль» термині нені білдіреді?

Апостиль — құжаттамаға қол қойған адамның қолын және оның өкiлеттiктерiн, сондай-ақ осы құжат бекiтiлген мөрдiң немесе мөртаңбаның түпнұсқалығын растайтын арнайы мөртаңба.

Гаага конвенциясына сәйкес, басқа бір мемлекеттің аумағында пайдалануға арналған, белгілі бір мемлекеттің өкілетті органдар берген құжаттарда арнайы мөртаңба қойылады. Конвенцияның 5-бабына сәйкес, апостиль қолдардың түпнұсқалылығын, құжатқа қол қойған адамның кiм екендiгiн және тиiстi жағдайларда бұл құжат бекiтiлген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалылығын куәландырады. Апостильдеу мейлінше жылдам және оны тек ғана бір өкілетті орган қоюына, сондай-ақ құжаттың Гаага конвенциясына қосылған барлық елдердің аумағында заңды күшіне ие болуына мүмкіндік береді.

Гаага Конвенциясы азаматтық немесе коммерциялық мәселелерде сот және соттан тыс құжаттарды шетелдік тарапқа беру мен ұсынудың ең тиімді механизмін қамтамасыз етуге арналған халықаралық процестегі маңызды көпжақты халықаралық келісім болып табылады.

Егер құжатты дайындаған ел Гаага конвенциясына қатыспаса, оны консулдық заңдастыру қажет болады. Бұл айтарлықтай күрделі рәсім, ол құжатты ҚР Әділет министрлігінде, ҚР СІМ органдарында, бұдан кейін ҚР баратын елдің консулдығында куәландыруды талап етеді. Бұл жерде құжат консулдық белгісі бар елдің аумағында ғана заңды күшіне ие болады.

Апостиль қоюға ұсынылған құжаттағы судьялардың қолдары мен сот мөртаңбаларының шынайылығын тексеру қызметін ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының порталында республикадағы қызмет атқарып жатқан судьялардың қолдары мен соттар мөртаңбаларының электронды нұсқасы енгізілген арнайы сервис құрылымы бар. Ондағы ақпараттың өзектілігі мен оның жаңартылуы тоқсан сайын жүзеге асырылады.
         Апостиль қою үшін ұсынылған соттың ресми құжаттарына қол қоюға және мөртаңба басуға сот шешімін шығарған судья, ол болмаған жағдайда соттың төрағасы уәкілетті.    Апостильденген құжат кез-келген басқа аттестациялауды немесе заңдастыруды талап етпейді және апостильденген құжаттарды конвенцияға қатысушы барлық мемлекеттердің ресми органдары мойындайды.

Талант Тілеп,

Қызылорда қаласының мамандандырылған

тергеу сотының судьясы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: