Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 16:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Аштық не жегізбеді?

21.10.2023

466 0

Сурет ашықдереккөзден

Кешегі өткен қилы заманның зардабы қанша уақыт өтсе де, санаңнан өшпейтіндей есте мәңгі сақталып қалғанын зерделі қарттар бүгінгі ұрпаққа жеткізуде. Сол заман көрінісі естіген жұртқа ертегі секілді…

Аға ұрпақ өкілдерінің азаматтық парызы – сол кезеңдегі халықтың қайғысы мен азапты өмірін, келер ұрпаққа өзгеріссіз сол қалпында жеткізу.

Кейбіреулердің қарапайым қоңыр тірлікпен өткен өмірі, жай елеусіз тез ұмытылса, саналы азаматтар өзінің тірі кезінде көрген қиындығы мен қасіретті күндерін, келер ұрпағы көрмесе екен деп тілейді.

Сондай жанның бірі Баршабай қария сол 1931-1932 жылғы ашаршылықтың тауқыметін бір адамдай тартып, аштық ажалынан әзер дегенде аман қалғанын ұлы Меңдіғалиға былай жеткізсе керек.

…Сол 1932 жылға дейін елдегі адамдардың шамасы келгені бас сауғалап кеткен, ал ұзаққа жүре алмайтындардың, еккен егіні жоқ, қорада малы жоқ, не істерін білмейтін, бойында әл-қуаттарынан айырылған, абдыраған қара халыққа, не мемлекеттен келер көмек болмаған.

Аштықтан көздері қарайған адамдар табылған шикі дәнді ашқарақтана аузына құйғанды да, тіпті ұрып, өлімші етіп тепкілесе де қолына түскенді жұтып, аш құрсағын жұбатам дегендерді де, тіпті өз үйінде көмусіз қалған жандардың мәйітін де көрдік.

1931-1932 жылдары Шіркейлінің бергі оң жағалауында Серкештер мен Алашалар бір ауыл болсақ, сол жағалауында Сейіт Қожалар ауылы болып, заманымыз тыныштық кезеңде томар қайықпен арлы-берлі қатысып тұрдық. Қарғыс атқыр, сол жылдар ел еңсесін езіп жіберген-ді. Жерден тірі жәндік тауып жеудің өзі күш еді.

Бір қызымды «детдомға» өткізгенмін, бір қызым үйде еді. Үйдегі қызым үй іргесінде өліп жатқан тышқанды тауып жеймін деп, шейіт болды. Сөйтсек өлген тышқан, тоқшылық кезеңде үй іргесіне уды, қамырға қосып тышқан жесе өлер деп тастаған қамырды жеп өлген тышқан болыпты.

Әрбірде жүрек жалғар ешнәрсе табылмағанда өзіңді-өзің алдап, ішек жабысып қалмас үшін қара тұзды суға қайнатып ішкен күндер де болды. Бойларында әлі барлар үй-үйді аралап, аштан өлгендердің жүзін

жасырамыз. Көр қазуға шама жоқ. Әр үйдің есігінің алдындағы жер ошағына қойып, бетін ғана жаба аламыз. Күнде осындай, әр үйден кем дегенде 1-2 жаннан, кейде бір үй түгел қырылып қалады. Осылайша, бір ауылдан қанша адам опат болып, ауылдың әр шетінде бірді-екілі үйлерде ғана тіршілік белгісі байқалды. Ауылды аралап келе жатып, Бедердің үйінен түтін иісі шыққасын кірсем, үйінің барлық жаны опат болған, өзі отқа бірнәрсені күйдіріп жеп отыр екен. Мені көре сала, жеп отырғанын жамбас астына тыға қойды. Сұрасам, жеп отырғаны жылан екен, жылан еті аш өзекке түскендіктен, ертесіне ол да қайтыс болды.

Әлі есімде бір ауылда қырықтан астам жанның шейіт болғанын көріп, олардың жүзін жасырған едік.

Біздің үйде де әйеліміз екеуміз ғана қалдық. Тіскебасар бірдеңе табылып қала ма деп, қалың ішін қалбалақтап жүргенімде, мен секілді әлсіреген бір атжалман тышқанды тауып, оны ұрып алып, Бедер де жылан жеп еді деп, тышқанды отқа қақтап жеймін деп үйге әрең дегенде есімнен тана жетіп құлаппын. Құлаған мені көріп, үйден әйелім шығып, есік алдында көктемде егілген қауынның ащы түйнегін үзіп алып, маған бере беріпті. Аш өзек не берсе де жей беріппін, Құдайдың бір құдіреті шығар аман қалдым. Қанша уақыт жатқанымды білмеймін, аш адамда ес болмайды екен. Есімді жиғасын, әйтеуір, тірі адам тіршілігін жасайды. Ашқұрсаққа бірдеңе табылып қала ма деп Шіркейліні жағалап келе жатсам, өткенде екі қармақ құрған едім, соның бірінің жібі керіліп тұрғанын аңғардым. Қармақ құрған тұстың бір қапталы жайпақтау екен, солай қарай қармақ жібін жаймен тарта қарасам, жайынның басы көрінді. «Өлмегенге өлі балық кездеседі» дегендей, қармақ жібін қайта босата жіберіп, үйге барып, әйелімді ертіп алып, балта мен ұзын арқан жіпті ала келдім. Арқанның бір ұшын сақина тәрізді етіп байлап, сол жерден жіпті түйгендей шағын домалақ пішінге келтіріп алдым да, қармақ жібін қолға алып жаймен саумалдай тарта отырғанымда судан жайынның басы көрініп, қармақ ілінген аузы ашыла бергенде ұшы домалақтанған жібімді жайын аузына қарай лақтырғанда жіп ұшы сағалдырығынан сыртқа шыға келмесі бар ма? Жіптің сақиналы жерінен екінші ұшын жылдамдата өткізіп алдым да, сыртқа қарай, әйелім алда, мен артқы жақта екеулеп бар күшімізбен алға тарта бердік. Бір кезде не болғанын білмеймін қарақұсымнан сарт еткен соққыдан естен тана етпетімнен құлап түстім. Жайын да сыртқа шығып үлгерген екен. Сөйтсем, желкемнен жайын құйрығымен ұрған екен. Мен есімді жиямын дегенше, әйелім жайынды басынан балтамен шапқылай беріпті. Есімді жиып, әйеліміз екеулеп, балықты сойып, елде тірі қалғандармен бірге балық етін қорек еткен едік.

Әрі қарай еккен егін де пісіп, осылайша ашаршылық тырнағынан аман қалған екен. Бұл Ақжарма ауылының 83 жастағы Меңдіғали ақсақалдың әкесінен естіген естелігі.

Енді мұндай нәубетті келер ұрпақ көрмесе екен деймін.

Жәнібек МАХАНБЕТ,

ҚР Мәдениет саласының үздігі, өлкетанушы.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: