Бейсенбі, 26 желтоқсан, 09:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Елді жылатқан оқиға

16.12.2023

322 0

Сурет: inbusiness.kz

Әлі есімде… Бала кезде үйде көгілдір экранның алдынан шықпаушы едік. Ол жылдары ұялы телефон дегеніңіз жоқ. Қыстың аязы мен ызғарлы желі қабаттаса, кұн суыта түс­кен сәтте желтоқсан айының орта тұсында үнемі теледидардан елі­міздің бас қаласында бол­ған оқиғаны көрсететін. Ол кезде бас қала Алматы еді. Онда қысқы аязда қазақтың талай жастарын қар үстінде сабап жатқан көріністері есімізде қа­лыпты. Жантүршігерлік кө­ріністің арасында әппақ қар қызыл қанға боялғанын, төбелестің астында қалған жаралы жастарды көріп, көзден еріксіз жас ағатын.

Баламыз ғой, түсіне бермейміз. Содан шыны керек, ата-анамнан сұрайтынбыз, «бұл қандай оқиға?» деп. Кейіннен білдік, бұл оқиғаның астарына үңіле келе қаншалықты тарихи маңызды сәт болғанын…  

Биыл желтоқсан оқиғасына 37 толды. Ызғары қанша ықтырса да, тәуелсіз ел атану бақыты да қазақ халқының пешенесіне дәл осы желтоқсанда жазылған екен. Ал Алматыдағы желтоқсан көтерілісі – қазақтың үш жүз жылдық азаттық үшін арпалысының жарқын бір көрінісі бола білді.

Тарихи деректерден…

Осыдан 37 жыл бұрын 16 желтоқсанда мыңдаған жас өрен Дінмұхамед Қонаевтың қызметінен алынуына наразылық білдіріп, бұрынғы Брежнев – бүгінгі Республика алаңына жиналған еді. Қазақ ұлтымен ол тұста санасудан қалған Кремль Қонаевтың орнына Қазақстанды картадан ғана білетін Геннадий Колбинді қоя салған-тын. Орталық биліктің бұл қателігі қазақ жастарын көшеге алып шықты.

Жастар лениндік ұлт саясатының бұр­маланбауын, әр ұлтқа өз басшысын қою керектігін талап етті. Қара тізеге салуды үйренген КСРО басшылығы бұйрық беріп, әскерлер Брежнев алаңын қоршауға алды. Дүмпуді басу үшін көршілес республиканың да кей өңірлерінің ішкі әскер бөлімдері Алматыға жеткізілген. Алматыдағы жастардың наразылығын күшпен басу көзделді. Жастарға қарсы үйретілген иттер, су шашатын көліктер, сойыл мен қару қолданылды. Шеруге қатысқандарды тергеу ісі өте қатал жүргізілді. Алаңға шыққандардың көбі тергеу камераларын толтырып, қалғаны қаланың сыртында сабалды. Студенттер оқудан шығарылып жатты. Ақ қар, көк мұзда қазақ қыздарын шаштан сүйреген қатігез қара күш дегеніне жетті.

Желтоқсан оқиғасы кезінде Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхаметжанова мен Ләззат Асанова сынды жастар жазықсыз өлім құшты. Өктем билік Алматыдағы оқиғаны «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалаған еді.

Оразбақовтың орамды ойы

Айтжан Оразбақов – желтоқсан оқиғасының куәгері. Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры.

– Мен үшін ол қаһарлы желтоқсан болып есептеледі. Сол жылы жиырма бес жаста болдым. 1986 жылдың 19 желтоқсан күні факультет студенттерінің ұлдарын бөлек, қыздарын бөлек топ-тобымен арнайы бөлінген аудиторияларға кіргізіп, шешіндіріп «денеңде  ұрыс-төбелестен түскен дақ бар ма?» деп тексерді де дақ  барларын сол жерде тергей бастады. Бұл құқық қорғау органдарының орталық алаңдағы оқиғаларға қатысқандарды анықтау шараларынын бірі болды.

Мұхтар Шахановтың Швеция мен Англияның университеттерінде оқыған дәрістерінде 1720 адам желтоқсан күндері жарақат алды деп көрсетілді. Шындығында, жарақат алғандар әлдеқайда көп болды. Оларды  ауылдастары, группаластары зобалаңға ілігіп кетпесін деп ынғайын келтіріп, ішкі істер қызметкерлерінің қоршауындағы Алматы қаласынан шығарып үйлеріне немесе басқа жаққа емделуге жіберді. Осы күндері Алматымен басқа қалалар арасындағы телефон, жол байланыстары болмады. Бұл балаларының амандығын білгісі келген уайымшыл ата-аналар үшін қиын болды.

Сол күндері студенттермен жиі кездесулер өткізілді. Сондай кездесудің бірі Алматыдағы партия мектебінен келген өкілмен кездесу еді. Кездесу барысында мен: «Жастарға күш қолданардан бұрын олардың алдына сол жастар кітаптарын оқып, әндерін тыңдап жүрген қазақ зиялыларын неге шығармадыңдар, мүмкін сонда қантөгіс болмас па еді?» – дедім. Осы сөзім кейін алдымнан шықты, факультеттің коммунистік партия ұйымының желтоқсан оқиғасына байланысты отырысы болғанда өзіміздей қазақ,  факультеттің жас оқытушыларының бірі «На встрече с представителем  партшколы Уразбаков задавал  каверзные вопросы а Уматаев является одним из организаторов этих беспорядков» дегенде, екі студент орнымыздан көтеріліп кеттік.

Сөгіс жарияланды

Екеуіміз де іс насырға шапса оқудан шығып қалуымыз мүмкін екенін, оқудан шығып қалғандардың жағдайы қандай болатынын жақсы түсініп, мән-жайды түсіндіруге тырыстық. Сол кезде факультеттің қазақ ұлтының  оқытушылары «олардың кінәсі жоқ» деп бізге қолдау көрсеткенде факультеттің партия ұйымынын хатшысы Сүлеймен Тұрғанбаев бұл екі коммунистің  тіркеу карточкасына енгізіп, «сөгіс жариялаймыз» деп біздің мәселемізге нүкте қойды. Ол кісінің бізге сөгіс жариялағаны бізді үлкен бәледен аман алып қалған қадамы болды. Себебі ол кезде бір ғана алаңда болғаны үшін оқудан шығарылатын. Сол күндері  университеттің комсомол бюросы отырысының қалай өткізілгенін, оқу тобымыздың бірнеше студентінің аланда болғаны анықталып, университеттің комсомол бюросының отыры­сына шақырылғанының куәсі болдым.

Қаншама жас оқудан шықты

Аланда болғаны дәлелденген студенттер отызыншы жылдардағы үштік трибунал өкілдері отырғандай, бюро мүшелерінің алдына барғанда, бәріне «неге аланға бардың?» деген жалпылама  сұрақ қойылып, бәрі дерлік жалпылама «бәрі барған соң бардым» деп жауап берді. Сол мезетте бюро мүшелерінің  дауысына  салынып, «сен оқудан шығарылдың» деген үзілді-кесілді шешім айтылып, студенттер бірінен соң бірі тез сыртқа шығып жатты. Оқудан шығару ректордың құзіретінде болса да сол кезде комсомол бюросының шешімі соттың үкіміндей кері қайтарылмайтынның куәсі болдық.

Желтоқсан оқиғаларынан кейін жоғары оқу орындарынан 246 студент оқудан шығарылды. Бұлардың қатарында менімен бірге бір курста оқыған КазГУ-дың тарих факультетінің  сол кезгі  3-ші курсының  8 студенті  болды. Олар: Жанат Дүзбаев, Райхан Серікбаева, Мұрат Құлжабаев, Зәуре Маханова, Ғазиза Ерсейтова, Қуаныш Еспенбетов, Ермұхан Қуандықов және Орал Исмагұлов. Осылардың екеуі Ермұхан мен Орал сотталып, абақтыға жабылды. Орал – Кеңес армиясы офицерінің баласы, КСРО-ның әр жерінде гарнизондарда өсіп, қазақ тілін білмейтін жігіт. Әкесі Байқонырға ауыстырылғаннан кейін қазақ тілін үйрену үшін Марк Твеннің Том Сойр туралы кітабының орысша және қазақша нұсқаларын алып, түсінбеген сөздерін бір-бірінен қарап, қазақ тілін үйреніп жүр еді. Оралдың желтоқсан оқиғалары кезіндегі, сол кезгі партия-кеңес басшыларының қателіктерін қатты сынға алуы, гарнизондардағы өмір сүрген кезеніңдегі өзіне деген басқа ұлт өкілдерінен теріс көзқарасты көргенінен болуы керек. Сонымен қатар желтоқсан оқиғаларынан соң әскери кафедрада оқитын университеттің барлық факультеттерінің студенттерін демалыс күндері  әскери  кафедраға  жинап, азанға дейін аудиторияда ұстайтын болды.

Менің есімде осы кезге байланысты бір елеулі оқиға сақталып қалыпты. Орталық алаңдағы жағдайдың болғанынан бір-екі күн өткен соң түннің бір уақытында әскери кафедра бойынша сол күні кезекші болған майор шеніндегі Майоров деген офицер дабыл қақты. Бізбен көрші аудиторияда демалып жатқан журналистердің взводын көтеріп, сапқа тұрғызып, студенттердің қолдарына шолақ күректерін үлестіріп беріп, алдарына орыс тілінде тапсырма қойып жатты. Офицердің сөзі бітісімен-ақ студенттер қолдарындағы шолақ күректерін еденге лақтырып, «Біз Қазақстанда тұрамыз» деп гуілдеп шыға келді. Кафедра менгерушісі келіп, майор Майоров кезекшіліктен шаршап не айтқанын өзі де байқамай қалды деп журналистерден кешірім сұрағаннан кейін ғана студенттердің наразылығы басылды. «Іс насырға шауып кете ме?» деп үрейленген болуы керек сол түні университет студенттері көшеге шығарылған жоқ. Бұдан көретініміз, Горбачевтың қайта құру саясаты дәуірінде  осының алдында ғана кенестік әскер қатарында болып, сап түзеп бәрімен бірге кезіндегі Ресей әскерінің патриоттық рухтағы әнін көп ойланбастан айтып жүрген қазақ балаларының бойында желтоқсанның ызғарында қайсарлық пен ұлттық рухының оянған кезеңі болды.

Әскери кафедрада әр взводқа куратор есебінде бекітілген офицер болатын. Мен оқыған взводтың кураторы Игорь Данилянц деген подполковник шеніндегі армян ұлтының азаматы еді. Бірде әскери кафедраның  офицерлері мен студенттерінің бірлескен жиналысы болатын. Сұрақ-жауап формасында өтіп жатқанда студенттердің бірі «бүгін біз Алматыдағы болған жағдайды талқылағанда Данилянц жолдас «Алматыдағы жағдай бастама ғана, ертең мұндай жағдай барлық одақтас республикаларда болуы мүмкін, Сіз қалай ойлайсыз?» – деп кафедра менгерушісіне сұрақ қойды. Осы кезде Игорь Данилянц студентке қарап, «сіз мені дұрыс түсінбедіңіз» деп сөз қоспақшы болып еді, кафедра менгерушісі оған сұсты дауыспен «сізбен сосын қарастырамыз» деп студент сұрағына «енді мұндай қайталанбайды» деп жауап қайтарды. Алайда өмір көрсеткендей көп ұзамай КСРО үкіметінің ішкі әлеуметтік-экономикалық жағдайды түрақтандыра алмауы, көптеген одақтас республикаларда әлеуметтік сипатта басталып, саяси сипатқа ұласқан, кейбір жерлерде ұлтаралық жанжалға жалғасқан  халықтың қобалжуларына әкелді. Игорь Данилянц болса сол күннің ертеңіне жұмыстан шығарылды. Осылай тоталитарлық жүйе өз ойын айтқысы келген, не ойын дұрыс жеткізе алмаған офицермен көп ойланбастан  қош айтысты.

Қазіргі кезде желтоқсан оқиғасы жастардың өздігінен көтерілген қозғалысы болды делі­неді, алайда сол оқиғалардың куәгері ретінде айтар едім, желтоқсан оқиғасы жақсы ұйымдас­тырылған оқиға болды.

Барлығынызға мәлім, тарихта «Охота на ведьм» деген ұғым бар. Осы ұғымның белгілері желтоқсан оқиғаларынан кейінде көріне бастады. Бірінші кезекте факультет студенттерінің неше проценті онтүстіктен, неше проценті солтүстіктен екені анықтала басталды. Оқу топтарына келіп, «сіз қай облыстың тумасысыз?» деп  сұрақ жүргізген белсенділерді батыстың, солтүстіктің, шығыстың тумалары онша қызықтырған жоқ. Ал студенттің онтүстіктен екені анықталса, әйтеуір басын бір шайқап қоятын, сол кезде 3 курста оқитын біздің екі қазақ тобымен кездескенде белсенділер бастарын көбірек шайқап кетті. Шындығын айтқанда, сол заманда университетте оқығысы келген онтүстік пен батыстың абитуриенттері Алматыға, солтүстік пен шығыстікі Қарағандыға қарай ағылатын. Демек, онтүстік жастарының КазГУ-де көп болуы географиялық тұрғыдан дәлелді құбылыс еді.

Желтоқсан көтерілісі бұдан әрі бүкіл КСРО-дағы қызыл империяға деген наразылықтың өсуіне алып келді. Яғни бұл оқиға КСРО-ның ыдырауы мен оның күйреуінің бастамасы болды. Бұл оқиға бүкіл кеңестік аумақтағы ұлттық қайта серпілудің бастамасы ретінде тарихта қалды. Содан бері бірталай жыл өтті. Ендігі жерде егемен еліміздің амандығы, бейбіт өмір кешуі өте маңызды , – деді желтоқсан оқиғасының куәгері.

Тілші түйіні

Айтжан Оразбақов айтқандай, осы оқиға барысында талай жас қыршын кетті, оқудан шығарылды, жаны жараланды. Мақала басында келтіргенміздей, бізде осы көріністің бәрін қанша қиын болса да теледидардан көріп, желтоқсанға қатысты әнін тыңдап, жылап алатынбыз. Бұдан кейін қазақ елі, қазақ жұрты жыламасын, ешкім жылатпасын дегіміз келеді.

Алматыдағы сол бір қанды оқиғадан бес жыл өткенде Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Өшкені қайта жанған еліміз еңсесін тіктей бастады. Иә, кейіпкеріміз айтқандай, ендігі жерде еліміздің тыныштығынан, хал­қымыздың амандығынан асқан бақыт жоқ.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

Суреттер ашық дереккөздерден алынды

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: