Сенбі, 20 сәуiр, 07:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Жеті ата – қазақтың қан тазалығы

27.09.2022

1332 0

Бала күнімізде туысқан ағамыз ауылға келін түсірді. Бір көргеннен ұнатқан болу керек. Алып қашып келді. Қыз басында байбалам салғанымен соңында келісті. Алайда көп ұазамай үйге қуғыншылар келгенде қайта дүрбелең басталды. Өйткені қыз өзінің рулас ағасына тұрмысқа шығып отыр. Осылайша ел шулап, қарсылық танытып, бір-бірімен қайта дауласа бастады. Себебі үлкендердің айтуынша, олардың бас қосып, үйленуі мүмкін емес.

Біз айтып отырған мұндай оқиғалардың өмірде сан түрі кездесті. Бір ұшы ажырасу деген үлкен мәселеден туындайды.  Бала күнінде төркініне алып кеткен бала өз бауырын кім екенін білмей өсті. Оның үстіне кейбір үйде руға, жеті атаға байланысты әңгіме қозғалмайды. Сондықтан осындай жағдайға тап болады. Бұрын ата-бабамыз салт-дәстүрді берік ұстанып, жесірін қанғытпай, жетімін жылатпады. Сондай-ақ ру сұрасып, жеті атадан аспаса үйлендірмеген. Осының бәрі қанның тазалығы үшін, ұрпағының ақыл-есі дұрыс, дені сау болу үшін жасалған дүние.

Қазақ халқы қа­шаннан ру сұра­су­ды жөн санаған. Арғы атасын білмегенді «жеті атасын білмеген – жетесіз» деп сөккен. Бүгінде үлкендер ғана ру сұрап, кімнің баласы екенін білгісі келеді. Ал жастар одан қашқақтайды. Әрине, бәріне топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен көбі оны жөн көрмейді. Оған ескі салт-дәстүр деп қарайды. Үлкендер жағы сұрай қалса, «осыларға менің руымның не қажеті бар?» деп күбірлеп бара жатқанын құлақ естіп те жүр.

Әрбір қазақ  жеті атасын біліп, ру сұрасқан. Бұрын ес біліп келе жатқан ұл-қыздарына ата-бабасының өнегесін айтып,  жаттатып, оны білмеуді әбестік санап отырған. Үйге кім келсе де баладан алдымен ру сұрап, жеті атасын айтқызған.  Оны бұрынғылар тектілік деп білген.

Отбасын құрған екі жастың қан тобы бірдей болса, олардан дені сау ұрпақ дүниеге келмейтінін, кемтар бала туатынын медицина әлде­қашан дәлелдеді. Сонымен қатар ортада бала да болмауы мүмкін. Қазіргі кезде осындай жағдайлар да кез­десуде.

Бір отбасында қанша бала бол­са, олардың бірі мылқау, бірінің ақыл-есі кем, ал енді бірінің құлағы естімейді. Сондай-ақ бала сүймегендіктен қаншама отбасының түтіні түзу ұшпай, екі жаққа кетуде. 

– Жастардың жеті атаны жатқа біліп, танысқанда ру сұрасуы міндетті.  Оның маңыздылығын ата-ана үйде балаға күнделікті  айтып отыру керек. Бұл – бұрыннан келе жатқан қазақтың заңы. Өз басым жеті атаға жетпей қыз алысуға түбегейлі қарсымын. Өйткені бүгін жастықтың, сезімнің әсерімен үйленіп, ертеңгі күні өкініп, опық жеп отырғандарын қаламаймын. Ұрпағына жеті атасын үйрету – атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың тәрбиелік дәстүрі. Балаға әкеден бастап, ағайын-туысты, нағашы жұртты, алыс-жақынның кім екенін ұғындырып, ата-тегін, руын санасына сіңіріп өсіруіміз қажет, – дейді зейнеткер Серікбай  Елеуішов.

Ақсақалдың «өзің жеті атаңды білесің бе?» деген сұрағына бірден жауап берген бізге ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Қыз болсам да бала күнімде үлкендер жеті атамды жатқа айтқызды. Атам үнемі бабамыздың кім болғанын, ауылда кімнің жақын туысқан екенін санама құйып отырушы еді. Алайда қазір бізден кейінгілерге осыны кім айтады екен. Бәрі күйбең тіршіліктің жетегінде жүріп, ағайын-туыстың кім екенін үйретпек түгілі, оларға бөлетін уақыты да жоқ.

Үлкендердің ең басты мақсаты – ол ұрпағының ертеңгі күні бір-біріне жат болып кетпеуі. Осы тұрғыда елін, жерін сүйетін, отбасының тарихын білетін азамат дайындау ата-ананың тікелей міндеті. Сондықтан отбасында бала­ға жеті атасын үйретіп, олардың өмірі мен ерлігін ұдайы айтып отыру керек.

Ақмарал Олжабаева

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: