Сейсенбі, 02 маусым, 00:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№41 (2253)
02.06.2026
PDF мұрағаты

Климат өзгерісі шегірткелерді көбейтіп отыр

02.06.2026

20 0

Кейінгі жылдары климаттық өзгеріс, әсіресе ұзаққа созылған қуаңшылық салдарынан оңтүстік өңірлерде шегіртке саны айтарлықтай көбейді. Мұндай жағдай алдымен егіс алқаптарына зиян келтіріп, шаруаларды шығынға батыруда. Мамандар зиянкестермен күрестің жаңа әдісін іздеу керек десе, шаруалар дезинфекцияны кешенді жүргізуді сұрап отыр.

Шаруаны алаңдатқан мәселе

Қызылордалық кәсіпкер Файзолла Қайруллаевтың егіс алқабы 10 жылдан астам шегірткеден зардап шегуде. Ол – жыл сайын республикалық және жергі­лікті БАҚ-та зиянкестермен күресті дамытуды насихаттап жүрген шаруа­лар­дың бірі.

– Бізде 1400 гектар жер бар. Жылда соның бәрін үйірлі шегіртке отап өтеді. Көбіне Қостанай жақтан келеді. Құ­жынаған шегірткеге қарапайым шаруа­ның еш қарсы амалы жоқ. Қолмен у шаш­қанымызбен одан келетін пайда аз. Оның үстіне шегірткенің көлемін бол­жап біл­мегесін қанша көлемге у себілетіні де белгісіз. Мысалы, өткен жылы мем­лекет тарапынан дезинфекцияға бөлін­ген у жетпей қалды, – дейді Файзолла Қайруллаев.

Шаруаның айтуынша, алдымен өңірде қандай үйірлі шегіртке жүргенін анықтау керек. Себебі әр зиянкестің түріне қарай себілетін қарсы дәрілер әртүрлі.

– Өткен жылы егіс науқанының алғаш­қы кезеңінде сепкен удан еш әсер болмады. Кейін қосымша өзге дәріні араласты­рып сепкен уақытта ғана азайды. Сол аралық­та өзім тұратын Арал ауданының бар­лық өңіріндегі алқаптарда шегіртке қаптады. Тек Жіңішкеқұм ауылының аумағын­да ғана ең аз шығын болған секілді. Егіні бар кәсіпкерлер алдымен шегірткенің түріне қарай шара қолданса деп ойлаймыз, – деді кәсіпкер.

Шаруаларды шаш-етектен шығынға батырып отырған қандай зиянкес? Қазақстанда шегірткенің 270-тен астам түрі тіршілік етеді, олардың шамамен 25-30-ы ауыл шаруашылығы дақылдарына үлкен зиян келтіре алатын зиянкестер қатарына жатады. Соның ішінде ең үлкен қатер төндіретіндері – үйірлі шегірткелер, нақтырақ айтсақ, үш түрі: итальян шегірткесі, азиялық көшпелі және марокко шегірткесі.

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) мәліме­тінше, өткен жылы жазда марокко шегірт­кесі Орталық Азияның барлық еліне қауіп төндірген. Ал итальян шегірткесіне қатысты жағдай аймақ елдерінің көпші­лігінде күрделі. Азиялық көшпелі шегіртке ел аумағында тіршілік циклі мен өсіп-өнуі әлі де жалғасып жатыр.

Шегіртке неге көбейді?

Эколог-сарапшы, ғалым Қанат Ахметов шегірткенің көбеюіне бірнеше себеп барын айтады. Бастысы, климат өзгерісі екен.

– Шегіртке қалташа жұмыртқаласын топыраққа салып кетеді. Сол топырақтағы жұмыртқаларға көктемде қар суы, жазда жауын тимесе, жұмыртқадағы шегірткелер тірі қалып, шығып кетеді. Яғни, климаттың өзгеруі салдарынан қыста қар аз түссе, жазда жауын-шашын аз болса, шегіртке көбейеді деген сөз, – дейді ғалым.

Оның пайымдауынша, қуаңшылық­тың екі-үш жыл қатарынан созылуы шегірткелердің жұмыртқаларының сол күйі сақталуына әсер етеді. Сондай-ақ климат әсерінен күннің күрт жылуы топырақ температурасын көтеріп, зиян­кестерге жайлы орта қалыптастыруда. Шегірткенің жұмыртқаларына жайлы орта болса, одан дернәсілдер пайда болады. Олар ұша алмайды, ересек шегірткеге айналғанша жаяу жүреді. Бірақ тез тарала алмағанымымен, көбеюге қауқарлы және кейін қанат біткенде үйірлі шегірткеге қосыла алады. Дернәсілдер алдына кез­дескен өсімдіктің бәрін жеп кетеді. Енді шығып келе жатқан дәнді дақылдардың жапырақтарына дейін құртады, дақыл­дарды толық жояды.

Жалпы шегірткенің көбеюі климат­тық өзгерісті одан әрі ушықтырмақ. Себебі жолындағы өсімдікті жайпаған зиянкестердің соңында тек құрғақ жер қалады. Ол кейін топырақтың эрозиясына әкеледі екен.

– Топырақ эрозиясы күшейді деген­ше құмды боран белең алады дей беріңіз. Салдарынан ауа райы құбылып, эко­логиялық зардап күшеюі ықтимал. Оның үстіне боран тұзды аймақтардағы тұздарды ұшырса, одан әрі зардабын тартамыз. Қазіргі жаһандық климаттың өзгеріс жағдайында кез келген әсер етуші факторға мұқият болған жөн, – дейді эколог Қанат Ахметов.

Шегірткемен күрес тәсілдері тиімді ме?

Шегірткенің таралу аумағы 2022 жыл­дан бастап ұлғайып, 2024 жылы ең жоғары деңгейге жеткен болатын. Тек өткен жылы жағдай қалыпқа келе бастады. Биыл үкімет шегірткеге қарсы 2,2 млн гектар жерді өңдеуді жоспарлап отыр.

Осы орайда «шегірткемен күрес қалай жүреді?» деген сұрақ туындайтыны анық. Қазір көбіне шегіртке қарсы екі түрлі у қолданылады. Бірі – биоло­гия­лық, екіншісі – химиялық. Қос амал­дың тиімділігі мен зиянына қатысты ғалымдардың көзқарасы әрқилы.

Мысалы, ғалым Қанат Ахметов хи­миялық пестицидтерді қолдану кезінде абай болу керек деп санайды. Өйткені бұл у бунақденелі жәндіктердің бәріне әсер етеді. Дезинфекциялаудың кезінде экожүйені сақтауға көмектесетін қоңыз, көбелек, аралар да қырылуы мүмкін әрі жәндіктердің қоректену тізбегі бұзылады.

Сол себепті дезинфекция кезінде тек шегірткелерді тежейтін биологиялық әдіс жақсы.

– Биологиялық пестицид ең тиімді деп айтар едім. Өйткені ол тек тура­қанаттыларға (шегірткелерге -ред.) ғана әсер етеді, өзге жәндіктерге келтіретін зияны аз. Мұны түсіну үшін биологиялық пестицидтерді әзірлеу технологиясын қарау маңызды. Бүгінде мұндай уларды саңырауқұлақшалардан немесе бактерия­лардан жасайды. Мысалы, ғалымдар ауырған шегірткенің үстінен ауру туғыз­ған саңырауқұлақшаларды немесе бакте­рияларды алады, кейін алынған биомате­риалдар жасанды жолмен көбейтіліп, оны пестицидке айналдырады. Айтып өткеніміздей, көбіне мұндай тәсілмен әзірленген у тек турақанаттыларға ғана әсер етеді. Бастысы, шегірткелердің шоғырланған жерін, олардың түрін, маусым жайын ескеру керек, – деді ол.

Қазір әлемде шегірткелерді 100 пайыз жоятын пестицидтер бар, соларды им­порттау керек. Сонымен қатар шегірт­кемен күресте халықтық әдістер де кең қолданылып келеді.

– Әкем 45 жыл агроном болып қызмет істеді. Әкемнің жанынан қалмай, шегірт­кемен күресін бақылап өстім. Кеңес кезеңінде егін көп салынды, Павлодар облысы да қалыс қалмады. Сонда байқағаным, шегірткелердің дернәсіл кезінде, әлі қанаттанбаған шағында ше­гіртке жүретін жолдарға ұзын ор қаза­тындық. Кейін ол орға от қойып, түскен шегірткелерден құтылып отырдық. Бұл – халықтық әдіс. Қазір де осы тәсілді қолдануға болады, – дейді Қанат Ахметов.

Қазір егін науқаны қызып тұр. Жер-жерде шегірткелердің ошақтары анық­талып, химиялық және биологиялық өңдеу жұмысы қарқын алуда. Мысалы, Алматы облысында – 1,8 млн гектар, Жетісу облысында – 133,4 мың, Атырау облысында – 114 мың гектар, Батыс Қазақстан облысында – 455 мың гектар жер өңделмек. Ал жыл сайын шегірткеден ең көп зардап шегетін өңір – Қызылорда облысында да жұмыс қарқынды. Мұнда биыл зиялық шегірткеге қарсы 33 350 гектар, италиялық прусқа қарсы 31 830 гектар, саяқ шегірткеге қарсы 55 540 гектар жер өңделеді.

Оған қоса Өзбекстан, Ресей, Қытай секілді шекаралас елдермен шекаралас аумақтарда шегірткелердің көшуін бақы­лау бойынша бірлескен мониторинг және зерттеу жұмыстары жүргілетін бол­ды. Әсіресе Ресей және Өзбекстанмен шекаралас аймақтарда «буферлік зоналар» құрылмақ.

Жаңа технология жолы

Мамандар шегірткелердің тұрағын, түрін зерттеуге ерекше көңіл бөлу қажет деп санайды. Ұшқышсыз аппараттар адам мен техника бара алмайтын қиын жер­лерді, яғни қалың қамыс, таулы ай­мақты суретке түсіріп, зиянкестердің ты­ғыз­дығын анықтайды. Сонымен қатар дрондар ультратөмен көлемді бүрку (УНВ) арқылы химиялық препараттарды өте дәл сеуіп, пестицид шығынын 30-50%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік беруі ықтимал.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бүгінде зиянкес­те­рге қарсы күрес маусымына дайындық аясында ұшқышсыз ұшу аппараттары паркін әзірлеу жұмыстары толық аяқ­талған.

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы алқаптарына мониторинг жүргізетін «Фитосанитариялық қауіпсіздік және бол­жамдар әдістемелік орталығының» тех­никалық паркі айтарлықтай кеңейді. Мәселен, былтыр орталық 2024 жылдың соңында сатып алынған 7 дронды пайда­ланса, 2025 жылдың желтоқсанында қосымша 50 құрылғы сатып алған.

Осылайша, қадағалау барысында 57 ұш­­қышсыз ұшу аппаратын пайдалану мау­сымға дайындық деңгейін айтарлықтай арттырып, фитосанитариялық қауіптерге тиімді әрі жедел әрекет етуге жол ашпақ.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: