Қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мектеп жанындағы күндізгі лагерьдің ашылу салтанаты өтті.
Қызылжарма ауылында орналасқан №295 «Келешек мектебінде оқушыларға арналған «Жазғы time» лагері өз жұмысын бастады. Шараның ашылуына қалалық білім бөлімінің әдіскері Нұрқанат Амантаев қатысып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.
– Сіздерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, оқуда озат, шығармашылық табыс пен жарқын жетістіктер тілейміз. Әрқашан ата-аналарыңыздың қуанышы, еліміздің мақтанышы болып өсе беріңіздер. Балалық шақтарыңыз бақытқа, мейірімге және қызықты сәттерге толы болсын! Қалалық білім бөлімінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – балалардың жазғы демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтуын ұйымдастыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Жазғы демалыс кезеңінде 70802 оқушының бос уақытын тиімді ұйымдастыру жоспарлануда. Оның ішінде, мектеп жанынан жұмыс істейтін 61 жазғы тынығу лагеріне 7230 бала қамтылады. Қала сыртында орналасқан 2 лагерь мен орталықтарда 4 ауысымда 1564 бала демалады, – деді НұрқанатАқылбайұлы.
Айта кетейік, «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен Түркістан облысы, Төле би ауданы, Біркөлік елді мекеніндегі «Қуаныш» лагерінде 200 оқушы, демеушілер мен кәсіподақтар есебінен жобамен 200 ден аса оқушы тынығатын болады.
«Келешек» мектебіндегі күндізгі лагерьде балалар домбыра, шахмат, футбол, сурет салу, ІТ бағыты бойынша үйірмелермен қамтылады. Лагерь тек тынығатын орын емес, жаңа достар тауып, пайдалы да қызықты уақыт өткізетін орта. Лагерьдің алғашқы күнінен-ақ балалар көтеріңкі көңіл күймен түрлі іс-шараларға белсенді қатысты. Мектеп жанындағы лагерь 1 ай күндізгі ауысым мен әр топқа 15 оқушыдан жинақтап, түрлі шығармашылық жұмыстармен айналысады. Әр топ пен үйірмелердің жауапты өз жетекшілері тағайындалған. Балаларға футболдан, шахматтан, сурет салудан, робототехника жұмыстарымен айналысудан үйірме жетекшілері оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бар күш-жігерін жұмсауда. Әсіресе робототехника мен ұлттық өнерге арналған үйірмелер балалардың ерекше қызығушылығын тудырған.
Қаламыздағы білім беру ұйымдары балғындардың демалыс кезеңін қызықты өткізу үшін барлық жағдай жасауда. Жыл өткен сайын оған айрықша көңіл бөлініп келеді. Соның дәлелі ретінде лагерьлерде демалатын оқушылар саны артқанын айтуға болады.
Қалалық білім бөлімінің деректеріне сүйенсек, маусым айынан бастап демалыс орындары балдырғандарға есігін айқара ашады. Атап айтқанда, 9 мектепте киіз үй лагерьлер ( этно лагерь) – 305 оқушы, 18 мектепте шатырлы лагерьлер – 788 оқушы, аула клубтарында – 5161 оқушы, экскурсия, музейге саяхатқа – 10206 оқушы, дебаттық лагерь бойынша – 1269 оқушы, 17 мектепте күндізгі спорттық лагерьлерде – 1110 оқушы демалады. Көркейту, көгалдандыру лагері бойынша – 3402 оқушы, облыстан тыс лагерьлерге – 957 оқушы, ата-анасымен бірге – 22456 оқушы , оқушылар үйі және өнер мектебінде жазғы үйірмелерде – 4701 оқушыны оқыту жоспарлануда.
Жазғы лагерь баланың өзін-өзі дамытып, алаңсыз демалуына жағдай жасайды. Мұндағы әрбір бала түрлі іс-шараларға қатысып, ой-өрісін дамытып, талай танымдық дүниелермен танысады. Сондықтан да балалар үшін жақсы демалыс ұйымдастыру – бүгінгі күннің басты міндеті. Ал демалыстың мәнді өтуі мәнді өтуі – білімге деген құлшыныстың бастауы екені сөзсіз.
Аружан АЙТМАҒАНБЕТ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
І курс студенті
Суретті түсірген Н.Нұржаубай
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!