Сейсенбі, 02 маусым, 00:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№41 (2253)
02.06.2026
PDF мұрағаты

Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары

02.06.2026

21 0

«Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің кие­лі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қас­терлі нышанымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Бабаларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз. Бүгінде көк байрағымыз қас­терлі Отанымыз – Қазақстанның бейбіт аспанында желбіреп тұр. Оны кейінгі ұр­паққа табыстау – қасиетті борыш», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазір көк Туымыздың беделін бүкіл әлем мойындайды. Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны альпи­нистеріміз жер шарындағы ең биік шыңдар­ға көтерді. Спортшыларымыз талай мәрте жеңіс тұғырына шығарды.

Мемлекет басшысының осы сөздерін қазақстандықтардың барлығы жүрек түкпі­рінде сақтап, әркез жадында ұстағаны жөн. Өйткені рәміздер елдің өзіндік өмір салтын, болмыс-бітім ерекшелігін, өзгелер­мен байланыс орнату мұратын білдіретін айрықша белгі. Еліміздің тұңғыш рәмізде­рі – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жа­риялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал Ән­ұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілген.

Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланып, оған 600-ден астам адам қатысқан. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектер өтінімі 1200-ді құраған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылған. Ән­ұран мәтініне жекелеген түзетулер ен­гізді. Термин сөздердің қазақ тілінде пайдалануына баса назар аударды. Соның нәтижесінде «елтаңба», «әнұран», «рәміз» сөздері бүгінде кеңінен қолданылып жүр.  Содан бергі кезеңде Қазақстанның мемлекеттік туы олимпиадалар мен түрлі халықаралық спорт жарыстарында талай мәрте желбіреп, Әнұран  талай мәрте ойналды. Көк Туымыз ғаламшардың ең биік шыңдарына да, Арктика мен Антарктидаға да, тіпті ғарышқа да тігілді.

Рәміздер арқылы Қазақстанды бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқы­ның бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жас­тар­дың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәр­бие­лейді. Қазіргі кезде еліміздің Әнұра­ны­ның  мәтінін білмейтін жан кемде-кем. Ол – үздіксіз насихаттың жемісі.

Рәміздер балабақшаларда да, мектеп­терде де, жоғары оқу орындарында да, мемлекеттік мекемелердің ғимаратын­дағы көрнекті орынға ілінген. Балабақ­ша бүлдіршіндері оң қолының ала­қанын жүрек тұсына қойып «Менің Қазақстанымды» шырқағанда, жастардың өз Отанын, өз жерін, өз елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатыны анық.

Әнұраным жігерімді жаниды,

Қазақ елін бүкіл әлем таниды.

Гүлдендірді, түрлендірді жерімді,

Елін сүйген азаматтар жаны игі.

Елтаңбам мен елдігімді бәрі ұққан,

Айналайын қазақ деген халықтан.

Күн бейнелі шаңырағым нұр шашып,

Уықтары бірлігімді танытқан.

Шынында,  егемен елдің бағына бір­лігіміз мызғымай, Әнұранымыз шыр­қалып, Көк туымыз желбірей берсін.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: