Балалардың денсаулығын сақтау және қауіпсіз орта қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, білім беру ұйымдарында, мектепке дейінгі мекемелерде және жазғы сауықтыру лагерлерінде санитариялық талаптардың сақталуы аса маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстар балалар арасында инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың алдын алып, сапалы әрі қауіпсіз ортада білім алуына мүмкіндік береді.
Бүгінде балалардың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар кешенді шаралар атқарылуда. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауды күшейтуге бағытталған мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесінде маңызды өзгерістер күшіне енген болатын. Жаңа өзгеріске сәйкес бақылау шаралары жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер, сондай-ақ жаңа формат — объектілерге барып мониторинг жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Өзгерістер аясында шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркелген күннен бастап үш жыл ішінде тексеруге тыйым салу алынып тасталды. Сонымен қатар жоспардан тыс тексерулер жүргізуге жаңа негіз енгізілді — бұқаралық ақпарат құралдарында ерекше бақылаудағы объектілерде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылу белгілері туралы, уақыты мен орны көрсетілген фото және (немесе) бейнематериалдарды қоса алғанда, растайтын дәлелдер болған жағдайда жарияланған хабарламалар.
Жоспарлы тексеру мен мониторинг барысында объектіге алғаш барған кезде әкімшілік шаралар, соның ішінде айыппұлдар қолданылмайды. Жауапкершілік шаралары тек анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқамаларды орындамаған қасақана заң бұзушыларға ғана қолданылады.
Балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін бұзушылықтар анықталған жағдайда жедел ден қою шаралары қолданылады және олар дереу орындалуға жатады: объектінің қызметін тоқтата тұру немесе тыйым салу, сондай-ақ персоналды жұмыстан шеттету. Қосымша түрде Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлердің бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жеке ұсынымдар енгізу құқығы заңнамалық тұрғыда бекітілді.
Балалардың тамақтану мәселесі де жіті бақылауда. Өздеріңізге мәлім 2025 жылы мектептерде жаңа Тамақтану стандарты іске қосылған болатын. Көп нұсқалы перспективалы мәзір балалардың физиологиялық қажеттіліктерін ескере отырып құрастырылды. Басты мақсат – балаларды қауіпсіз, сапалы және құнарлы тамақтанумен қамтамасыз ету.
Тамақтану стандартының енгізілу сапасын, жеуге жарамсыздық индексін бағалау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, Қызылорда қаласындағы №6 және 290 білім ордаларында мониторинг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жұмыс тобымен ұсыныстар әзірленіп, 2026 жылға төрт апталық перспективалы ас мәзіріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді төрт апталық ас мәзірі жаңадан бекітілді.Қазіргі таңда барлық мектепте бұл сәтті жүзеге асырылып келеді.
Биылғы жылдан бастап осындай жаңа ас мәзірі жазғы балаларды сауықтыру ұйымдарына да енгізіліп отыр. Мәзірде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа да аурулардың даму қаупін азайту үшін қант пен тұзды азайту бойынша ұсыныстары ескерілген. Негізгі мәзірге ет, балық және көкөніс тағамдары, жаңа піскен көкөністен жасалған салаттар және қант мөлшері аз сусындар кіреді. Балалардың өсуі мен дамуы, сондай-ақ аурулардың алдын алу үшін рационға майы аз сүт, пробиотиктері бар сүт қышқылы өнімдері кіреді және көкөністер мен жемістердің көлемі арттырылған.
2026 жылғы жазғы маусымда Қызылорда облысы бойынша 9 қала сыртындағы лагерь қызмет көрсетеді деп күтілуде. Оның ішінде 8-і мемлекеттік болса, 1-еуі жеке меншік – «Зерентай» тынығу лагері. Аталған сауықтыру ұйымдарының 3-еуі жыл бойы жұмыс істесе, 6 лагерь маусымдық негізде балаларды қабылдайды.
Биыл облыстағы 1-10 сынып аралығында білім алатын 141 865 бала жазғы демалыспен қамтылады деп жоспарлануда. Демеушілер есебінен 2 115 бала еліміздің өзге өңірлеріндегі лагерьлерде тынығатын болса, республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында жыл көлемінде 774 оқушы демалатын болады.
Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру мақсатында Қызылорда облыс әкімдігімен арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жазғы кезеңде балалардың демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша өңіраралық штаб құрамы жасақталды. Осыған сәйкес сәуір айынан бастап облыстық білім басқармасымен бірлесіп лагерьлердің дайындығына мониторинг жүргізілуде. Әсіресе, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу, нысандардың талаптарға сәйкестігі және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда.
Зертханалық бақылау аясында лагерьлерден микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 22 ауыз су сынамасы алынып, сәйкессіздік анықталған жоқ. Шомылу маусымында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су айдындары мен жабық бассейндерден микробиологиялық, паразитологиялық, вирусологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 22 су сынамасы, топырақтан 10 сынама зерттеуге алынып, талаптарға толық сәйкес екені анықталды. Маусым бойы су нысандары мен бассейндердің жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Бүгінгі таңда облыстағы маусымдық 6 лагерь санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алып үлгерді. Ал Қызылорда қаласындағы «Ai-Kerim» балалар лагерінің құжаттарын әзірлеу жұмыстары жалғасуда.
Ерлан Ұзақбаев
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
