1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Отбасы» орталығында «Бала – барың, өмір – нәрің» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Игі бастама «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілеріне арналды.
Жаздың алғашқы күнінде балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды мақсат еткен шараға 52 тәрбиеленуші қатысты. Мерекелік бағдарлама аясында дастархан жайылып, аниматорлар түрлі ойындар өткізді. Сондай-ақ балалар аквагрим шеберлерінің өнерін тамашалап, ашық аспан астында көкке шар ұшыру рәсіміне қатысты.
Шараның жоғары деңгейде өтуіне бірқатар кәсіпорындар мен демеушілер қолдау көрсетті. Атап айтқанда, «Bellissimo Pizza», «Шин-Лайн», «Qyzylorda Nan» компаниялары, «Стандарт» жарнама агенттігі және «Creative Orda» бизнес клубының кәсіпкерлері балаларға тәтті сыйлықтар таратып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
«Отбасы» және «Анаға тағзым» орталығы директорының орынбасары Жасұлан Алдабергенов мұндай кездесулердің тәрбиелік маңызына тоқталды.
– Біздің басты мақсатымыз – балаларға қамқорлық көрсетіп, олардың қоғамнан тыс қалмағанын сезіндіру. Біз «Атамекен» балалар ауылымен тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Түрлі семинар-тренингтер ұйымдастырып, танымдық жобалар арқылы қолдау білдірудеміз. Өйткені ел болашағы – бүгінгі жас ұрпақ, – деді ол.
Өз кезегінде «Атамекен» балалар ауылы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақнұр Жүсіпбекова мұндай шаралардың балалардың өмірге деген сенімін арттыратынын айтты.
– Осындай кездесулер тәрбиеленушілерімізге өздерінің қоғам үшін маңызды екенін сезінуге мүмкіндік береді. Әр бала қамқорлық пен бақытқа лайық, – деді ол.
Мереке соңында балалар ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Бала қуанышы – қоғамның мерейі. Осындай қайырымдылық пен мейірімге толы іс-шаралар өскелең ұрпақтың жүрегіне сенім ұялатып, жарқын болашаққа деген үмітін нығайта түседі.
Нарқыз БЕКМЫРЗА
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің І курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!