Сейсенбі, 02 маусым, 16:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№41 (2253)
02.06.2026
PDF мұрағаты

Жастар кітап оқи ма?

02.06.2026

39 0

ФОТО: Нұрболат Нұржаубай

«Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады».

Мұхтар Әуезов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениеті ұлттық дүниетанымның ажырамас бөлігіне айналуы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл бағытта зиялы қауым өкілдері мен білім саласы мамандарының рөлі ерекше. Бүгінде қоғамда «бұрынғыдай кітап оқитын адамдар азайды» деген пікір жиі айтылады. Алайда кітапты серік еткен жастардың қатары аз емес. Көзі ашық, көкірегі ояу, ізденімпаз жастар үшін кітап әлі де білім мен тәрбиенің сарқылмас қазынасы болып қала бермек. Технология қарқынды дамыған қазіргі заманда ақпаратқа қол жеткізу оңай. Смартфон мен әлеуметтік желі күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Сондықтан көптеген ата-аналарды «баламыз телефонға телміріп, кітаптан алыстап кетпей ме?» деген сауал алаңдатады. Дегенмен адамның рухани әрі танымдық дамуына қажетті басты құралдың бірі – кітап.

Кітапханашы Айнұр Талғатқызының айтуынша, оқырмандардың бір бөлігі ҰБТ-ға дайындалу үшін бейіндік пәндерге арналған әдебиеттерді алса, енді бірі мотивациялық және танымдық кітаптарды тұрақты түрде оқиды.

– Жастар арасында Қайрат Жолдыбайдың «Кемел адам», Наполеон Хиллдің «Байлыққа апарар жол», Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан», сондай-ақ Жандарбек Бұлғақтың «Сөз» атты кітаптарына сұраныс жоғары, – дейді кітапханашы.

Кітапханадағы тұрақты оқырмандардың бірі – Сақтапберген Әлжіков атындағы №144 орта мектептің 11-сынып оқушысы Нұрдәулет Айтмағанбет. Ол қазіргі таңда «Кемел адам» кітабын оқып жүр.

– Бұл шығарма адамды тек білімге емес, рухани тазалыққа да жетелейді. Ашу, қызғаныш, тәкаппарлық секілді жағымсыз қасиеттерден арылып, сабырлы әрі мейірімді болуға үндейді. Кітапты оқығаннан кейін өзіме сырттай қарап, «Мен қандай адаммын?» деген ойға қалдым. Тілі жеңіл, өмірлік мысалдармен жазылғандықтан ерекше әсер қалдырды, – дейді оқушы.

Кітап оқу – жай ғана хобби емес. Ол адамның ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын байытады, өмірге деген көзқарасын қалыптастырады. Сондықтан жастар қандай заманда өмір сүрсе де, кітаппен дос болуды ұмытпауы керек. Өйткені кітап – білімнің ғана емес, рухани кемелденудің де сенімді жолы.

Аружан АЙТМАҒАНБЕТ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің І курс студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: