Сейсенбі, 02 маусым, 00:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№41 (2253)
02.06.2026
PDF мұрағаты

Спортты жанына серік еткен

02.06.2026

18 0

Қазіргі таңда спорт саласында ел намысын қорғап жүрген жасөспірімдер аз емес. Солардың бірі – қазақ күресімен айналысып жүрген жас палуан Әбілмансұр Жомартұлы. Ол Қызылорда қаласында туып-өскен және қазіргі   таңда да туған қаласында тұрады. Әбілмансұр дарынды балаларға арналған «Абай» атындағы мектепте білім алады. Ол бала кезінен белсенді, еңбекқор болып өсті. Спортқа деген қызығушылығы ерте оянған Әбілмансұрды 7 жасынан бастап әкесі спортқа баулыған. Ұлының бойындағы қабілетін байқап, қазақ күресіне жетелеген. Сол кезден бастап Әбілмансұр жаттығуды күнделікті әдетіне айналдыра бастайды.

Қазақ күресі – күштілікті, батылдықты және төзімділікті талап ететін ұлттық спорт. Бұл спортта жеңіске жету үшін тек физикалық дайындық емес, мінездің мықтылығы да қажет. Әбілмансұр осы қасиеттерді бойына сіңіріп, жас болса да үлкен жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Бапкерлері де оның еңбекқорлығы мен жеңіске деген жігерін ерекше бағалайды. Бапкері Шүкір Аязбек Әбілмансұрдың спорттағы қабілетін ерте байқап, оны жүйелі түрде дайындап келеді. Әр жаттығуда шәкіртінің техникасын дамытып қана қоймай, бағыт-бағдар беретін тәлімгер ретінде де қолдау көрсетіп келеді. Қазіргі таңда жас палуан «Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде» жаттығып, шеберлігін шыңдап жүр.

Жас палуан облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, өзінің мықты спортшы екенін дәлелдеп келеді. Ол көптеген облыстық жарыста жүлделі орындарды иеленіп, жанкүйерлер мен бапкерлердің сеніміне ие болды. Әсіресе Қазақстан Республикасы чемпионатының іріктеу кезеңінде ІІ орын алып жас спортшы үшін үлкен жетістікке жетті.

– Жарыстарда өзімнің дайындығым мен шеберлігімді көрсеттім. Жаттығуда жеңіл жол іздемеймін. Әр жарысқа тыңғылықты дайындалып, қателігімді түзеуге тырысамын. Ендігі арманым – халықаралық жарыстарда Қазақстанның көк туын көтеріп, ел намысын қорғау. Спорт адамды тек физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да шыңдап, сабырлылық пен шыдамдылықты үйретеді, – дейді спортшы.

Осындай табандылықтың нәтижесінде Әбілмансұр Жомартұлы небәрі 13 жасында спорт шеберінің кандидаты атағына ие болды. Әбілмансұр сабақ пен спортты қатар алып жүруге тырысады. Мұғалімдері оның тәртіпті, әрі алғыр оқушы екенін айтады.

Қазақ күресі – халқымыздың ұлттық мақтанышы. Осындай ұлттық спортты дамытып жүрген жастар еліміздің болашағы саналады. Әбілмансұр да қазақ күресін жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық спорттың дамуына үлес қосуды армандайды. Қазіргі таңда жастардың спортқа деген қызығушылығы артып келеді. Әбілмансұр Жомартұлы секілді талапты жастар көпшілікке үлгі бола алады. Оның жетістіктері көптеген балаларға жігер беріп, армандарына сеніммен қарауға шабыттандырады. Әбілмансұрдың спорттағы жетістіктері де осының дәлелі. Еңбек пен табандылық бар жерде үлкен жетістікке жетуге болатынын жас палуан өз ісімен дәлелдеп келеді. Болашақта оның қазақ елінің атын әлемге танытатын чемпиондардың бірі болатынына сенеміз.

Айшабибі Жұман

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

І  курс студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: