Сейсенбі, 02 маусым, 00:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№41 (2253)
02.06.2026
PDF мұрағаты

Чернобыль апаты: Адамзатқа сабақ болған қасірет

02.06.2026

20 0

1986 жылғы 26 сәуір тарихта және миллиондаған адамдардың есінде өзінің қасіретімен жазылмас дерт есебінде қалды. Бұл күн көптің жанын жаралаған, жүрегінде із қалған тарихи әрі тағдырлы күн еді. Міне, осы қасіреттің құрбаны болғандарды еске алу мақсатымен 1996 жылы тұңғыш рет ЮНЕСКО мен БҰҰ-ның шешімімен 26 сәуірде дүниежүзінің 40 мемлекетінде осы күн қаралы салтанатпен атап өтілген. Биыл осы қайғылы жағдайдың орын алғанына 40 жыл толып отыр.

1986 жылы 26 сәуірден 27-не қараған түні бейбіт мақсатта жұмыс істеп тұрған атом электр стан­циясы бақылаудан шығып, өзінің дүлей күшін көр­сетті. Чернобыль АЭС-інде болған апат мемлекет басына келген қатаң сынақ болды. Апатты аймақтан тұрғындарды көшіруді 2 мамырдан бастап қолға алған. Осы кезде Киев қаласында жұмыс істейтін шетелдік мамандар мен студенттер қаланы тастап кетіп жатты.  Апаттан кейін 8 минутта 4 реактордан сыртқа шыққан 180 тонна радиактивті отын ауаға тарап, халық АҚШ-тың Херосима мен Нагасаки қалаларына тастаған атом бомбасына тең сәулеге шалдыққан. Радиоактивті түтін шекара асып, Беларуссияның Гомель, Могилев облыстары, Украинаның Киев, Житомир облыстары мен Ресейдің Брянск облыстарының тұрғындары түгелімен шалдықты. Жалпы радиоактивті отынның тозаңы 160 мың шақырым аумаққа жайылып, оннан аса мемлекеттің 17 миллион тұрғынын улаған. Апатты аймаққа КСРО-ның 11 облысы кірген.

Чернобыль АЭС-да апаттың зардаптарын жоюға КСРО-ның барлық аймақтарынан еріктілермен қатар арнайы қызмет орындарының қызметкерлері де атса­лысты. Талайдың тағдырын шайқаған Чернобыль апатын залалсыздандыруға Кеңес Одағы бойынша 276 әскери бөлім қатысқан. Солардың ішінде әскерде жүргендері бар, азаматтық борышын бұрын өтегендерден қайта шақырылғандары бар, 19 бен 40 жас аралығындағы 32 мың қазақстандық бір кісідей жан аямай атсалысты.  Мыңдаған азаматтардың арасында Қызылорда облысы бойынша 800-дей азамат қатысқан. Қызылордалық чернобыльшылардың көпшілігі әскери міндетін өтеу барысында немесе азаматтық қызметпен барып, аса қауіпті аймақта еңбек етті. Радиация деңгейі адам денсаулығына өте зиянды болғанына қарамастан, олар өз борышын адал атқарып, апаттың кең көлемде таралуы­на жол бермеді. Бұл нағыз ерлік пен отансүйгіштіктің белгісі. Қасіретті апат адам денсаулығына орасан зор зиянын тигізді. Қатерлі ісік, қан аурулары, жүрек-қан тамыр сырқаттары көбейді. Мыңдаған бала кемтар немесе түрлі дертпен дүниеге келді. Табиғат та үлкен зардап шекті: жер, су, орман, жануарлар әлемі ұзақ жылдарға жарамсыз күйге түсті. Апат салдары әлі күнге дейін сезілуде. Чернобыль апатынан зардап шеккен азаматтар түрлі дерттерге шалдықты, көптеген отбасының тағдырына жазылмас жара салды. Кейбірі өмірден озды. Чернобыль апатының зардабы бір ұрпақпен шектелмей, бүгінгі күнге дейін сезілуде. Соған қарамастан, сол жылдары қызмет еткен азаматтар өз міндетін Отан алдындағы борыш деп білді.

Қызылорда облысында Чернобыль апатына қатыс­қан ардагерлердің денсаулығын қорғау, әлеуметтік қолдау көрсету мемлекеттің және қоғамның  маңызды міндеті болды. 2004 жылы  Чернобыль апатына қатыс­қан ардагерлер мен зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік жағдайын жақсар­ту мақсатында Қызылорда облысында  «Чернобыль Ардагерлер қоғамы» құрылып, төрағасы Сансызбай Сандыбеков болды. Қазіргі уақытта Қызылорда қала­лық «Чернобыль» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмабек Шахатов. Чернобыль апатының зардаптары мен оны жоюға қатысқан азаматтардың ерлігін кеңі­нен насихаттау мақсатында «Чернобыль» ардагерлер қоғамы түрлі тағылымдық іс-шаралар ұйымдастыруда. Сондай-ақ жыл сайын Қызылорда қаласындағы Тағзым алаңы аллеясында Чернобыль радиациялық апаты құрбандарын еске алу күніне арналған митингі және гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Ең алғаш 2002 жылдың 12 желтоқсанында ҚР Президентінің жарлығымен Чер­нобыль жауынгерлері мемлекет алдында өз еңбегі үшін алғаш рет орден, мен медальдармен ма­рапатталған бола­тын. Бірақ Қызылордалық ардагер­лер атаққа емес, рухани және материалдық көмекке зәру еді.

2020 жылы Ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаев әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында  «Арда­герлер туралы» заңына өзгерістер енгізіп, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан азаматтарды белгілі бір тұрғыдан соғыс ардагерлеріне теңестірді. Бұл шешім – олардың ерлігіне берілген әділ баға. Олардың қатарында Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқандар, радиациядан мүгедектік алған­дар, радиациядан зардап шеккендердің балалары, апат салдарынан қайтыс болғандардың отбасы мүше­лері болды. Оларға әлеуметтік кепілдіктер мен жәрдем­ақылар, медициналық көмек, тұрғын-үй алуға, салықтық жеңілдіктерге  құқық берілді.

Чернобыль қасіреті – ядролық технологияларды пайдалануда қауіпсіздік және жауапкершіліктің қан­шалықты маңызды екенін көрсетті. Бұл оқиға бейбіт атомның  да адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін дәлелдеді. Қызылорда облысынан шыққан ардагер­лердің ерлігі мен жанқиярлық еңбегі ешқашан ұмытыл­майды. Олардың өмір жолы жас ұрпаққа отансүйгіштік пен жауапкершіліктің айқын үлгісі. Ерлік ескерусіз қалмайды, ал тарих тағылымы – мәңгілік.

А.ӘЛИАСҚАРОВА,

Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің

I санатты археографы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: