Қызылорда қаласы соңғы жылдары қарқынды дамып, көркейген аймаққа айналды. Қаланың ажарын ашып, тұрғындардың жайлы демалуына жағдай жасап жатқан игі жобалардың бірі – қалалық мәдени және демалыс саябағы.
Бүгінде саябақ заманауи талаптарға сай толықтай жаңартылып, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналып отыр. Жақында саябаққа арнайы барып, оның бүгінгі келбетімен танысу мүмкіндігі туды. Бұрынғы тозығы жеткен аттракциондардың орнына қауіпсіз әрі жаңа үлгідегі ойын-сауық құрылғылары орнатылған. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, еуропалық үлгідегі тас төсемдер төселген. Субұрқақтар салынып, түнгі уақытта ерекше сән беретін заманауи жарықшамдар мен ландшафтық дизайн элементтері орналастырылған. Саябақтың әр бұрышынан естілетін әуезді музыка мен заманауи атмосфера ерекше әсер сыйлайды. Мұндағы тазалық пен тәртіп, жасыл желек пен гүлзарлар қаланың мәдениеті мен дамуының айқын көрінісі іспетті.
Саябақта демалып жүрген тұрғындардың да пікірін білген едік. Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны Гаухар Адилова жаңарған саябақ өзіне керемет әсер қалдырғанын айтты.
– Жаңа саябақ маған ерекше көңіл күй сыйлады. Бұрынғы саябақпен салыстырғанда жаңа аттракциондар көбейіп, айналасы жасыл желек пен әсем гүлдерге толған. Дегенмен, балалық шақтың тәтті естеліктері қалған ескі саябаққа деген сағыныш та жоқ емес, – деді ол.
Қалалық мәдени және демалыс саябағы өткен жылы қайта жаңғыртудан өтіп, 20 атракционмен толыққан болатын. Сондай-ақ балаларға арналған ойын алаңдары жаңа кейіпке еніп, түрлі субұрқақтар орнатылған. Мұнда жаз бойы балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатынды түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.

Расында, бұл саябақ туралы көп айтуға болады. Алайда оның шынайы тынысын сезіну үшін бір рет келіп, серуендеп қайту жеткілікті. Жаңарған саябақ – қаланың көркі ғана емес, тұрғындардың жайлы демалысына арналған заманауи мәдени кеңістік.
Дильназ МАХАМЕДЖАНОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің І курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!