Сенбі, 07 желтоқсан, 22:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Киікті атып азайтамыз, ал  итті ше?

18.11.2023

376 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Қоғамда болып жатқан жаңалықтар кімкімді де ойландырады. Жуырда ауылдағы көршіміз, қазына сөз бен өсиеттің көмбесіндей болған кеудесі алтын сандық Өміртай ақсақалды көрдім. Әңгімеміз жазықсыз атылып жатқан киікке тірелгенде ол кісі терең күрсінді. Өміртай ақсақал уақытында сушы болыпегіс даласында еңбек еткен. Ол киікті атуға рұқсат бергендердің уәждері қисынсыз дейді.

«Кезінде киікті құртып ала жаздағанымыз есімде. Киелі жануар­ды көбейту үшін қыруар қаржы бөліп, күзетіп, санын қалыпқа кел­тіргенде аяқ астынан оларды аулауға, атуға рұқсат беріліп жатыр. Өте өкінішті. Жезкиіктің киесі бар. Бұ­рын даламызда киік өте көп болды.  Залал­сыз жануардан ешқандай кесел болмаған. Ата-бабамыз дала заңдылығын сақтап, жазық даланы жайлаған киіктерге тиіспеген. Тіпті сол кезде өлең де шықты.

Киікті қазақ және дейді бөкен,

Бетпақты байғұс бөкен қылған мекен.

Киікті атып аңшы өлтіргенде,

Жазықсыз жан өлді деп ойлай ма

екен.

Сәкеннің осы бір өлеңін Әлмырза Ноғайбаев зарлы сарынмен орындаған­да төбе-құйқаңды шымыр­лата­тын», – дейді көпті көрген қария. Оның айт­уынша,  ақбөкен шөптің басын ғана кер­тіп жейтін көрінеді. Қысы-жазы солай. Ал үй жануарына шөптің ортасы қалады, жылқы тебіндеп тамырын жейді. Ақсақалдың бұл сөзінен кейін киік жайында жайпап жатыр дейтіндердің уәжі қисынсыз екенін көруге болады. Алланың аса әділдігіне қайран қаласың. Ешбір тіршілік иесін ри­зықсыз қалдырмайды. «Киік судың тұнығын ішеді. Және тез қанады. Ол басқа жануарлардай сусақ емес. Мая-мая шөпке көзін де салмайды.  Қазір мал баққандар байбалам салып, босқа дабылдатып отыр. Киік шөптің 90 түрлісін жеп қоректенеді. Көктем туа, қар астынан шыққан жас шөп өте улы болып келеді. Соны киік жеп, мүйізіне дәрі жинайды. Киік жайылып кеткеннен кейін үй малы өріске шықса, шөптен уланбайды. Киігі жоқ дала көктемде уға толы болады. Малға қауіпті. Қар астындағы шөп суықтан қорғану үшін уға айналып, өз-өзін сақтайды. Киік сондай-ақ даланы өрттен қорғайды. Олар отар-отар болып шауып өткенде өрт шығу қаупі бар жер киіктердің тұяғының астында өшіп қалады. Киік өсімдіктердің тұқым шашып, жан-жаққа тарап, көбейіп өсуіне әсер етеді. Өсімдік тұқымдары олардың тұяғымен, ек­пінімен далаға тегіс жайылып, өседі. Алла бөкенге  сондай қабілет берген және жетімін қаңғытпайды, бір-бірінің лағын емізіп, өргізіп әкете береді», – дейді Өміртай ағамыз.

Желтоқсан айының аяғы, қаңтар туа «Текебұрқақ амалы» болады. Содан көктемде, көкек-мамыр ара­лы­ғында  жаппай төлдейді. «Құра­лай салқыны» соғып, киіктер жаңа туған лағын желге қарсы өргізеді. Жел үстін кептіріп, бойын шынықтырып, жас төл енесіне ілесіп отардан қалмайтын  болады. Тап осы күндері қасқырдың тісі қақсап, етке зауқы соқпайды. 3-4 күн ет жей алмайды. Өміртай ақсақал: «Бұл Құдайдың қамқорлығы, мейірімі ғой, киіктер жас төлін туып, өргізіп жатады. Қашан өздігінен аяғына тұрып, шауып кеткенше жас төлдің иісі де шықпайды. Алла оларға түйсікпен қоса аңнан құтылар күш алғанша денесін иіссіз етіп қояды екен.   Киікке біздің сүйікті Адам ата ақ батасын берген дегенді үлкендерден естіп өстік. Иә, біздің есімізде. Бұл шамамен 70-ші жылдар мен 80-ші жылдар. Ауылға көлікпен киіктерді әкеп сататын. Бейшара жануар өліп жатса да  көзінен қайғы-мұңды көруге болатын еді. Ауылда түрлі ауру, індет өршіді.  Жол апа­тынан адамдар қырылды. Осыдан сабақ алмадық-ау. Сондай зауал қайталанбаса екен» дейді.  

Мен адамзаттың пиғылына таңға­ламын. Табиғаттың көркем туын­дысы, тірі пендеге зияны  жоқ бөкенді атуға рұқсат береді де, тал түсте адамға шабуыл жасап, талап жатқан итті өлтіруге келгенде қауқарсыз.  

Осы итті өлтірмеу туралы заң күшіне енгелі бері қарапайым халық зардап шегуде. Көше кезген қаңғыбас иттің көптігін айтып, шыр-пыры шыққан тұрғындардың саны күн санап артса да бұл қауіп сейілмей отыр. Тұрғын үйлердің қоқыс тастайтын жәшігін аралап емін-еркін кезген иттер балабақша мен мектеп ауласын жағалайтын болған. Бұл жайлы әлеуметтік желіде қызу талқыланса да, құзыр­лы орындар селт етпей отыр. Ит ататындарға хабарлассақ «Біз ит ата алмаймыз. Бізде бұл туралы арнайы заң бар деп тепсінеді. Сонда балаларымыз, немерелеріміз екі күннің бірінде қауіптің ортасында жүргенде ата-аналары дәрменсіз күйде қала ма?

Статистикалық мәлімет адам шо­шырлық. Opennews.kz сайты та­ратқан мәліметке сүйенсек, өңірдегі ит­тердің 767-сінің иесі белгілі, 633-і белгісіз. Бір сөзбен айтқанда, иттен зардап шеккендердің жарты­сына жуығы жасөспірімдер. Ал ит талаған балалардың саны мыңға жуықтағанын ескерсек,  иттерден қор­ғау үшін  арнайы заң керек секілді. Осы жылдың 8 айындағы статистика қаңғыбас иттерге талан­ғандар санын 1400 деп отыр. Дәрігерге қаралмай жүре бере­тіндердің саны қанша екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Бұл күнде облыс бойынша 40771 бас ит пен мысық паспортталған. Бұл саннан бөлек өңірде 22 мыңға жақын иесіз иттер мен мысықтар бар екен.

Ең күрделі мәселенің бірі қаңғыбас иттерді қамайтын орын жоқ. Саналы түрде ойланып әрекет жасайтын болсақ, бұл мәселе шешімін табары сөзсіз. Бірақ бұл немқұрайлылық адам өміріне қауіп төндіріп жатса қайтпек керек? Иттен жұғатын құтырма ауруы адам өліміне әкеледі.  Бұл мәселеге нүкте қоятын құзырлы орындар «ит атуға рұқсат жоқ» деп жауырды жаба тоқып дәрменсіздік көрсетіп отырса, қарапайым халық иттен өздерін және балаларын қалай қорғайды? Бұл басы ашық сауал күйінше қалып отыр. Адамға ешбір зияны жоқ ел еркесі  киікті атқанда, қаңғыбас иттерді мүсіркегеніміз қалай? Құзырлы орын­дар бұл мәселеге бейжай қарамай шешімін тапса дейміз. 

                Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: