Бейсенбі, 26 желтоқсан, 23:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Мақсат ЖҮСІП, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры: Ескі автобуспен де елге қызмет етіп жатырмыз

17.10.2023

536 0

Жуырда ғана Қызылорданың автобус паркі 50 автобуспен толықты. Бұл мекеменің техникасы өткен жылдан бері жаңаланып келеді. Ел ішінде «ескі автобустарын не істеп жатыр?» деген де сұрақ бар. Біз автобус паркінің басшысы Мақсат Жүсіпке жолығып, осы және басқа да сауалдарды қойдық

– Мақсат Өмірбекұлы, жаңадан үлкен сыйымдылықтағы автобустар келіп қаланың ғана емес, қалаға қарасты елді мекендердің ажарын кіргізіп жатқаны елді қуантқан еді. Қазір маршрутта қанша қоғамдық көлік қызмет көрсетуде?

– Бұл сұраққа толық жауап берейін. Қызылорда қаласында жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында 2013 жылы «Қызылорда автобус паркі» ЖШС құрылып, Автобус парк теңгеріміне облыстық бюджет есебінен «Zhangtong LCK 6105HGC» маркалы 20 автобус алынған болатын. Содан соң 2015-2016 жылдары 92 «ZhongTong» маркалы автобус, 2017 жылы 10 «ПАЗ» маркалы автобусы, сол жылы облыс әкімдігі мен «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында үш жақты меморандум негізінде парк теңгеріміне «Zhоngtong LCK 6105 HGC» маркалы 92 автобус несиеге алынды. 2020 жылы автобус паркі 13 дана «ZhongTong» маркалы автобуспен толықтырылса, 2022 жылдын қарашасында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтын тікелей қолдауымен серіктестікке «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке 150 жаңа автобус алынды.

2022 жылы серіктестік 5 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырды. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 19-ді құрауда. Олар: №1, №3, №10, №11, №12, №13, №14, №15, №16, №17, №18, №19, №20, №22, №25, №28, №29, №30, №31 және қосымша жүктелген «Ягодка», «ПМК-29» саяжайы бойынша қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда, қала ішілік жолаушылар тасымалын күнделікті 150 автобус жүзеге асыруда.

Әлі де келетін автобустар бар ма? Келсе жаңа автобустар қай бағыттарға беріледі? Бұл қоғамдық көлікке қаражат қайдан бөлінді?

– Жаңа автобустар алдымен серіктестіктің тапшылық бар бағытына беріледі. Жаңа автобустың бағыттар тізімін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі рәсімдейді. Облыс орталығы тұрғындарымен қала қонақтарына сапалы қызмет көрсету мақсатында соңғы үлгідегі қоғамдық көліктер санын арттыру үшін осы жылдың бірінші жартыжылдығында қосымша үлкен сыйымдылықтағы 150 автобус сатып алу үшін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке жаңа автобустар алу жөніндегі ұсынысқа облыстық және қалалық мәслихат депутаттары қолдау көрсетіп отыр. Облыс әкімі Н.Нәлібаев жуырда алғашқы 50 автобустың кілтін ресми түрде табыстады. Қалған 100 автобус желтоқсан айына дейін жеткізіледі. Серіктестіктің стратегиялық жоспарына жыл көлемінде қалаішілік жолаушылар тасымалының барлық бағытын қамту кіреді.

– Үлкен сыйымдылықтағы 5-6 жыл болған «ескі автобустар» қандай мақсатта қолданылады?

– Серіктестік теңгеріміндегі бұрын қолданыста болған үлкен сыйымдылықтағы 40 көлік күрделі жөндеу жұмысынан кейін қосымша бағытқа қосылып, қалаішілік жолаушы тасымалдау жұмысын жақсартуға өз үлесін қосуда. Біздің басты міндетіміз – жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бір сөзбен айтқанда ескі автобуспен де елге қызмет етіп жатырмыз.

– Ескі автобустың өзіне қанша қаржы бөлініп алынды. Жаңадан келіп жатқан автобустар да 5-6 жылда бұзылып, жөндеуге жарамсыз болып қалмай ма?

– Облыстық мәслихаттың шешімімен 2022 жылы қаладағы қоғамдық көлік базасын жанартуға 1 млрд 400 млн теңге облыстық бюджеттен жұмсалды. Осы жылы келетін автобустарға 1 млрд 600 млн теңге қаржы қаралды. Алғашқы 50 автобус қалаға жеткізілді. Әр автобустың өзіндік жарамдылық мезгілі болады. Зауытқа әр автобусқа 1 жылдық жарамдылық береді. Жөндеу цехының мамандары бұзылған автобустың құжатын рәсімдеп зауытқа жолдайды. Зауыттың арнайы мамандары қажеттілігіне қарай автобусты жөндейді. Өзіңізге мәлім қала орталығындағы көшенін жағдайы жақсы, ал шет аймақта жол мәселесі қиындық туғызуда. Бұл өз кезегінде жарамдылық мерзімін қысқартуды қажет етеді.

– Көлік жүргізушілерінің жалақысы өскенін де естідік. Алайда автобус айдайтын шоферлар жетіспей жатыр дегеннен де хабарымыз бар. Ол қаншалықты рас?

– Қоғамдық көлік санының еселеп артуына байланысты серіктестіктің штаттық бірлігі 376-дан 464-ке дейін артып, оның ішінде 300 бірлікті автобус жүргізушілері құрайды. Айлық мөлшері 1 сағатқа – 1490 теңгені құрауда. Жұмыс жасау тәртібі 2 жұмыс күн, 2 демалыс күн. Дұрыс айтасыз. Серіктестікте жүргізушілер тапшылығы бар. Себебі жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз етуге қойылатын кәсіби талапқа сай жүргізуші аз. Қоғамдық көлікті тізгіндеуге 25 жасқа толған, кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар, «D» санатындағы жүргізуші қабылданады.

Қазақстанда қоғамдық көлік жүргізушілерінің тапшылығын шешу үшін олардың мәртебесін дәрігерлер мен мұғалімдердікі сияқты көтеруді Қазақстанның автокөлік одағының басшысы ұсынған болатын. Бүгінде елімізде сегіз мыңға жуық қоғамдық көлік жүргізушісі тапшы. Біздің өңірде де жүргізуші тапшылығы байқалады. Сол үшін автобус жүргізушілерін ынталандыру мақсатында әр ай қорытындысымен жол жүру ережесін бұзбай, автобустың ішкі және сыртқы тазалығын жоғарғы деңгейде сақтаған жүргізушілерге түрлі мөлшерде ақшалай бонус берілуде.

– Серіктестіктің құрылғанына 10 жыл толғанынан хабардармыз. Мерекеге орай қандай шаралар қолға алынбақ? Мекеме қызметкерлеріне қандай қамқорлық жасалады?

– 2023 жылы серіктестік жұмысына 10 жыл толуда. Он жылдық межеде көптеген жұмыс атқарылды. Жоғарыда атап өткендер тек бірсыпырасы. Айтулы датаға орай жыл соңында жақсы қызметі үшін біршама автобус жүргізушісі «Үлгілі жүргізуші», «Елеулі үлесі үшін», «Креативті жүргізуші», «Шебер жүргізуші», «Жол қауіпсіздігі қозғалысының үздігі», «Таза автобус» және «Жыл жүргізушісі» аталымымен марапатталатын болады. Қызметкерлердің құқығы мен мүддесін қорғау, жұмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету мақсатында мекемеде кәсіподақ комитеті құрылған. Серіктестіктің кәсіподағы тарапынан бүгінгі күнге дейін қызметкерлерді ынталандыру мақсатында жаңа жылда, наурыз мерекесінде, республика күнінде, 8 наурызда және өзге де мерекелер салтанатты түрде ұйымдастырылады. Алдағы уақытта қызметкерлерді шипажайға және олардың балаларын тынығу лагеріне жіберу жұмысы қолға алынбақ.

– Әңгімеңізге рахмет. Жұмыстарыңыз табысты, 10 жылдық белестеріңіз құтты болсын!

Сұхбаттасқан

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: