Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев Қызылорда облысының кәсіпкерлерімен кездесуі өтті. Оған бизнес өкілдері, облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшелері, салалық басқармалар мен мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының басшылары қатысып, өңірдегі кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мәселелері талқыланды.
«Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр», – деп ерекше атап өтіп, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Жыл қорытындысымен облыста негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді.
Бүгінде кәсіпкерліктің даму қарқыны жоғары, экономикадағы үлесі 20,5 пайыз. Өткен жылы өңір экономикасындағы осы сектордың өнім шығару көлемі 30,5 пайызға артып, республикадағы алғашқы үштікке енді.
Мемлекет басшымыз қойған маңызды стратегиялық міндет – толыққанды жаңа инвестициялық кезеңді бастау, өңдеу өнеркәсібі мен кәсіпкерлікті дамыту. Бұл міндетті мемлекет пен бизнес бірге әрекет еткенде ғана орындай алады. Сіздерді экономиканың ұзақ мерзімді өсімін қамтамасыз етуге бағытталған сапалы жобаларды жүзеге асыруға, инвестиция көлемін арттыруға шақырамыз. Ол үшін әкімдік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бизнесті қолдау және дамыту бағытындағы маңызды шараларды қабылдауға әрқашан дайын», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Басқосуда Қанат Бисимбайұлы, Ризабек Кәрімұлы, бизнес өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Бүгінде аймақта қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар табысты жүзеге асуда. Соңғы үш жылда облыс экономикасына шамамен 2 трлн теңге инвестиция тартылды. Өткен жылы құны 300 млрд теңгеден асатын 27 инвестициялық жоба іске асты.
Мемлекет басшысының қолдауымен түркиялық инвестор «Акса Энерджи» компаниясы құны 215 млрд теңге болатын, қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу электр орталығын салды. Оған бюджет қаражаты есебінен 15 млрд теңгеге 45 шақырым газ құбыры тартылды.
Бұдан бөлек, нан өнімдері кешені, кірпіш, айна шығару, күріш және ас тұзын өндіру зауыттары, шағын өнеркәсіптік аймақ, сондай-ақ қуаттылығы 40 мегаваттық күн электр станциясы іске қосылды. Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында 2026-2029 жылдары 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалар 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
