Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтіп, онда көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары талқыланды.
Жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, сонымен қатар аймағымыздағы су шаруашылығы саласына жауапты мемлекеттік органдар мен төтенше жағдайлар бойынша жұмыс жасайтын мекемелер өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі сұрақ соңғы жылдары еліміз үшін өте маңызды проблемаға айналды. Өткен жылғы көктемгі су тасқыны еліміз үшін қиын жағдайда өтіп, көптеген шығындар алып келді. Елдегі су тасқыны көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат болып, су басқан 10 облыста төтенше жағдай жарияланды. Осы мәселелерді тілге тиек еткен партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов барлық жағдайға тас түйін дайын болып отырудың маңызыдығына тоқталды.
«Күн тәртібіндегі сұрақ Президент пен Үкімет жетекшісінен бастап, аймақ басшысының да, «АMANAT» партиясының қатаң қадағалауында тұр. Жоғары деңгейде жиындар өтіп, әрбір мәселе пысықталуда. Партияның облыстық және аудандық партиялық бақылау комиссиялары мүшелері де айдың басында Жаңақорғаннан бастап, Аралға дейінгі аралықтағы облысымызды түгелдей жағалап өтетін Сырдария өзенінің бойына мониторинг жұмыстарын жүргізді. Көп жұмыстың жүріп жатқанын байқап отырмыз. Проблемалар да жоқ емес. Дегенмен «жаман айтпай, жақсы жоқ» ата – бабаларымыз ескертіп кеткендей, мүмкін болатын кез келген қауіптің алдын алуға жұмыла жұмыс жасауымыз керек», – деді Алмасбек Есмаханов.
Өңірде су тасқынының алдын алу бойынша өңірде кешенді шаралар жүргізілуде. Осы бағытта 2024-2025 жылдардағы қысқы-көктемгі кезеңде Сырдария өзенінде үлкен көлемдегі суды қауіпсіз өткізу жоспары бекітіліп, су басу қаупі бар 29 аймаққа арнайы техника, күш-құралдары бар жауапты мекемелер бекітілген. Ықтимал су тасқыны кезеңінде халықты эвакуациялауға 61 жинақтау, 71 эвакуациялық қабылдау пункттері дайын. «Қазгидромет» және «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалдары мамандарымен Сырдария өзені арнасындағы 10 су бекеті мен 4 су торабында су деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізіліп, жергілікті атқарушы органдар және су шаруашылығы мамандарымен тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылып отыр», – дейді жиында тасқынның алдын алу бағытында аймақта жасалып жатқан жұмыстар бойынша хабарлама жасаған облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айбек Жылқыбай.
Жиында су шаруашылығы нысандарының дайындығы да сөз болды. «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы өкілдерінің айтуынша бүгінгі күні трансшекаралық Сырдария өзені арқылы келіп жатқан су көлемімен Шардара су қоймасы және Көксарай су реттегішіне су жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Облыс аумағында ауа райының құбылмалылығынан күрдің жүруі мен мұздың ұстасуы өткен жылдардан өзгеше. Арал және Қазалы аудандары аумағында толық мұз ұстасқан. Ал, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласы аумағында өзеннің иірімдерінде ғана мұз ұстасуда. Мұздың біркелкі ұстаспауы салдарынан судың деңгейі аудандар аумағында кептелістер беріп, Сырдария өзенінің су жайылу аумақтарына судың шығу фактілері орын алған. Филиал тарапынан су тасқынының алдын алу мақсатында өткен жылы осал қорғаныс бөгеттерінің 5,4 шақырымын қалпына келтіру, нығайту жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта мал жайылымдық-шабындық аумақтарды көктемде шөп шығуын қамтамасыз ету мақсатында магистральді және шаруашылық каналдармен және Қараөзек арнасы арқылы су берілуде. Мұнан бөлек, өзен иірімдерінде тұрған мұздарды қауіпсіз өткізу мақсатында жергілікті шикізаттардан қажетті материалдар қорын толықтыруда. Филиал директорының орынбасары Айдос Асанбаев: Бүгінгі күні республикалық меншіктегі стратегиялық маңызы бар 4 су торабы транзиттік режимде жұмыс жасайды. Облыс аумағында Сырдария өзенінің және су шаруашылығы нысандары бойынша жағдай тұрақты, күнделікті бақылауда екенін айтады.
Жиын соңында жұмысты күшейту бағытында ұсыныстар ортаға салынып, партиялық бақылауға алынды.
Ақпарат үшін: Сырдария өзенінің облыс аумағынан өтетін ұзындығы 1274 шақырымды құрайды. Қорғаныс бөгеті 625,12 шақырым. Қазіргі таңда облысқа келіп жатқан судың көлемі 464 м3/сек құрайды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!