Жексенбі, 05 мамыр, 12:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Шахмат керуені – Сыр елінде

17.10.2023

111 0

         Өткен аптада орталық алаңда шахматтан турнир өтті. «Шахмат керуені» аталған спорттық шара еліміздің барлық аймағында өткізілді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысты.

         – Алты Алашқа ана болған Сыр өңіріне «Шахмат керуені» келіп жатыр. Бұл – біз үшін маңызды оқиға. Өйткені облысымызда шахматтан үлкен жетістіктерге жетіп жүрген спортшыларымыз баршылық. Олардың қатарында 12 дүркін Қазақстан чемпионы, үш дүркін әлем, жеті дүркін Азия чемпионы, облыс тарихындағы тұңғыш фиде шебері Әсел Серікбай мен тоғыз дүркін Қазақстан чемпионы, оқушылар арасында әлем, Азия чемпионы Назерке Нұрғали сияқты мақтаныштарымыз бар. Әлі де ортамыздан болашақ гроссмейстерлер шығатынына сенімдімін», – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

         Шара барысында шахмат федерациясының облыстық филиалы ашылды. Филиал төрағасы болып жеке кәсіпкер Асқар Махамбетов тағайындалды. Осы орайда Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов аймақтық филиалдың ашылуы өңірде шахмат спортының дамуына мүмкіндік беретінін жеткізді.

         – Қазір шахмат спортын дамыту мақсатында бірқатар өңірде пилоттық жобалар жүзеге асырылуда. Осы бағытта «Мектептегі шахмат» пилоттық жобасы аясында Қызылорда облысындағы 5 мектепте оқушылар интеллектуалды ойынмен кәсіби түрде шұғылдануда, – деді вице-президент.

         Бүгінде облыста 14 175 адам шахмат спортын серік еткен. Оның 7 мыңнан астамы ауыл тұрғындары. Сондай-ақ шахмат ойынын үйретуде 365 жаттықтырушы сабақ береді.

         «Шахмат керуені» шарасында алаңға мобильді киіз үй тігіліп, онда швейцарлық жүйе бойынша 11 кезеңнен тұратын блиц турнир өтті. Аталған турнирге бұған дейін іріктеуден өткен 20 шахматшы қатысты. Жарысқа қатысушылардың арасында 10 жасар шахматшы да бар.

         – Шахмат ойнауды үйренгеніме 5 жыл болды. Қаладағы «Чемпион» шахмат клубына барамын. Облыстық іріктеуде 11 қарсыласымның сегізін жеңдім. Солай жартылай финалға шықтым. Бүгінде қарсыластарым мықты шахматшылар. Алайда үздік ойын көрсетуге тырысамын, – деді турнирдің жас ойыншысы Азат Әміреев.

         Талапқа сәйкес жарысқа қатысушы 20 ойыншының ішінен тек үздік шыққан 3 шахматшы ғана гранд-финалға жолдама алды. Ал сайыс қорытындысымен 11 ұпайдан 10 ұпай жинаған Ернұр Ержанұлы І орынға лайық деп  танылды. Тоғыз ұпай көрсеткішімен Әділет Ерсерік ІІ орынды, 8 ұпаймен ІІІ орынды Нұрсәт Оспан иеленді. Бір қызығы, гранд финалға жолдама алған І және ІІІ орын иегері бір үйдің балалары болса, олардың жаттықтырушысы ІІ орын иегері атанды.

         Турнир аяқталған соң халықаралық деңгейдегі шахмат шебері Әсел Серікбай бір мезеттік ойын сеансын көрсетті. Оған алдын ала тіркелген 10 әуесқой шахматшы қатысты.

         Турнирдің гранд-финалы қараша айында Түркістан қаласында өткізіледі деп жоспарлануда. Ал гранд-финал жеңімпазына 5 миллион теңге табысталмақ.

А.ӘЛІМ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: