Аграрлық аймақ саналатын Қызылорда облысы үшін суармалы су мәселесі қашан да өзекті. Сондықтан су ресурстарын тиімді басқару әдістері кеңінен қолданылуда. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жан-жақты айтып берді.
«Су тапшылығы аймақ халқын алаңдатуда. Оны Президентке де жеткізіп, баяндадым. Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге «Қызылорда облысындағы суармалы жүйелерді қалпына келтірудің жол картасын» қабылдадық. Ол бойынша тасқын суды жинақтау, суармалы суды бөлу мен есепке алу процестерін автоматтандыру арқылы ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру, жаңғырту шаралары атқарылуда. Суды бөлу мен есепке алудың заманауи жүйелерін енгізу үшін халықаралық компанияларды тарттық», – деді аймақ басшысы.
Еске салсақ, соңғы 12 жылда Солтүстік Арал теңізінің суы 6,8 млрд текше метрге азайып кетті. Тұтас өңірдің тағдырына байланысты мәселе Парламентте, Үкіметте үнемі көтерілуде.
Өткен жылдан бері 4,6 млрд теңгеге «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы іске асырылуда. 2024 жылы зақымданған бөгет қалпына келтіріліп, Қарашалаң көлі арқылы теңізге 2 арна және Тұщы көлі арқылы 1 арна қазылады. Нәтижесінде теңізде су айналымы қалыптасып, тұздылығы төмендейді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!