Жексенбі, 25 ақпан, 09:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№16 (2026)
24.02.2024
PDF мұрағаты

Тапсырманы орындамаған басшылардың тәртіптік жауапкершілігі қаралды

12.09.2023

122 0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиында орындаушылық тәртіп мәселесі қаралды. Жиында Мемлекет басшысы, Премьер-министр және аймақ басшысы берген тапсырмаларды орындау деңгейі төмен басшыларға тәртіптік шара қолданылды.

Мәжілісте облыс әкімінің аппарат басшысы Шахмардан Байманов баяндама жасап, өткен жылдан бері облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуын қадағалау мақсатында арнайы ақпараттық жүйе құрылғанын хабарлап, хаттамалық тапсырмаларға күнделікті жүргізілетін мониторинг қорытындысын ұсынды. Биылғы 8 айда 1180 хаттамалық тапсырма беріліп, 564-і (47,7%) орындалған, 296-сының (25%) орындалу мерзімі бар. Ал 48 (5%) тапсырма мерзімі өтіп орындалса, 109-ы (9,2%) ішінара орындалған және 154-і (13%) орындалмаған.«Мен мәжіліс сайын тапсырмалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуы керектігін үнемі айтып келемін. Дегенмен, орындаушылық тәртіпке қатысты бірқатар мәселе бар. Кейбір әкімдер мен басқарма басшылары тарапынан немқұрайлық байқалады. Биылғы 8 айда 82 мәжіліс өткізіліп, 1 180 хаттамалық тапсырма берілген. Мәселен, бір Қызылорда қаласының өзінде облыс әкімінің 60-тан аса тапсырмасы орындалмаған. Қызылорда қаласының әкімдігінен орындаушылық мәселесіне келгенде бейжайлық байқалады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Аймақ басшысы қала әкімінің облыс орталығына жаңа автобустарды әкелу мерзімін кешіктіргенін, инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту жұмыстарын баяу жүргізгенін қатаң сынға алды. Мұнан бөлек, жол құрылысы саласында да, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жұмысында да түйткілді мәселе көп.Мысалы Арал ауданының жолдарын жақсартуға басқа аудандармен салыстырғанда 6 есе артық қаржы бөлінген. Бірақ жұмыстар өз деңгейінде атқарылмаған, қаражаттың мерзімінде әрі сапалы игерілмеу қаупі бар. Тұрғындар аудандық маңызы бар жолдардың басталып, аяқсыз қалғанына наразылық білдіруде.Дәл осындай түйткіл Қазалы ауданында да қалыптасқан. Жол және әлеуметтік нысандар құрылысының мерзімінен кешіктірілуіне жол берілген.Берілген тапсырмаларды өз деңгейінде және мерзімінде орындамағаны үшін Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовке сөгіс, қала әкімі Асылбек Шәменов пен Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевқа қатаң сөгіс жарияланды. Облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларының басшыларына ескерту берілді.Жиынды қорытындылай келе, аймақ басшысы макроэкономикалық көрсеткіштерді сапалы орындау және бюджет қаражатын толық игеру қажеттігін тағы да қаперге салды. Басқарма басшыларына, қала, аудан әкімдеріне барлық деңгейдегі хаттамалық тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алу міндетін жүктеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: